Тарих • 04 Мамыр, 2018

Смағұл Сәдуақасұлы. Шырақтарым-ау, бұларың тіпті ұят қой!

455 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Елге қызмет қылудың қиындығы өз алдына, өзіне жасалынып жатқан жақсылықтардың жолына көлденең тұрып алатын қыр­сықтардан айналып өтудің машақаты да оңай емес екені тарихтан белгілі. Осы орайда алаш ардақтысы Смағұл Сәдуақасұлының «Еңбекшіл қазақ» газетінің 1924 жылғы №180 санында жарияланған «Шырақтарым-ау, бұларың тіпті ұят қой!» атты мақаласын ұсынып отырмыз.  

Смағұл Сәдуақасұлы. Шырақтарым-ау, бұларың тіпті ұят қой!

Байқан, Ғ.Сұлтанұлы, З.Қалиұлы деген үш жігіт менің 28-ші февральда полиграф курсында сөйлеген сөзіме «Еңбекшіл қазақтың» 179-нөмірінде қарсы­лығын жазып отыр. Мен бұл лекциямда қазақ жастарының баяғы патша заманында болған жасырын ұйымдары туралы сөйледім. Кө­бінесе өзім ішінде болған Ом­бы­­дағы «Бірлік» ұйымын айттым.

Үш жігіттің сөздері қаншама дәлелді екендігін мынадан білуге болады: Байқан, Ғ.Сұлтанұлы де­гендер менің лекциямда тіпті болмаған (мен мұны полиграф шәкірт­терінен сұрастырып біліп отырмын). Соңында бұл екеуі көр­мегені туралы «сын» айтып, ес­ті­мегені туралы наразылық біл­діріп отыр. Мұндайды қазақ тілін­де өтірік куәлік дейді. Мен өтірігі үшін ешкімді сотқа тартудан аулақпын. Жалғыз-ақ айтатын сөзім: шырақтарым, бұларың тым ұят. Менен ұялуға беттерің қызар­маса да, ұждандарыңның ал­дында қызарыңдар (әрине егер­де ол ұждан бар болса).

Ал енді үшінші жігітке ке­лейік. Қали жолдас ұмытпасам менің лекциямның артынан былай деген сықылды еді: «Сіз, Сма­ғұл жолдас, Бөкейдегі жастар ұйымы туралы аз айттыңыз. «Жас­тарға жаңа жол» деген өзіңіздің кітапшаңызда да Бө­кейдің ұйымдарын жазып едіңіз. Оның бәрін мұнда сөйлемедіңіз», деді.

«Менің лекциям көбінесе патша заманындағы ұйымдар туралы. Бөкейдегі ұйымдардың көбі төңкерістен кейін туды. Оны өз орнында айтып кеттім. Сон­дықтан бұл жерде алалаған ешнәрсе жоқ», дедім мен.

Сонымен сөз бітті. Қалиұлы газетте жазғанның жүзден бірін мәжілісте айтқан жоқ. Бұл «пі­кір­лер» бұл жігіттің басына лек­цияның артынан қайдан келіп түскенін мен біле алмадым. Осы сөзбен менің жауабымды бітті деп есептер едім, бірақ бір мәселеде күдік қалып барады.

Қалиұлы жазады: «Өзгерістен бұрын төңкерістің дұрыс соқпа­ғына түсіп, ұйымдасқан қазақ жасын естігеніміз жоқ. Болған болса, Смағұлдың өзі айтар. Бірен-саран 1905 жылғы ереуілде бірге қатысқан Бөкей елінің Мең­дешұлы, Залиұлы сияқты адамдары болса, болған-ды», – дейді.

Қысты күні орыс газетінің бетінде Бөкейдің бір азаматы «Қазақ халқын сүю жалғыз се­нің еншіңе тиген жоқ, біздің де оған құқығымыз бар» деп маған өкпелеп еді. Жуырда Бөкейдің бір жігіті: «Сен қазақты неге сүйе­сің?», деп мені кінәлады.

Енді Бөкейдің мына үш жігіті: «Сен жалпы Қазақстанның ішінде Бөкейді ғана неге мақтамайсың», деп ұрсып отыр.

Баяғыда Шәймерден Әлжанов марқұм айтушы еді «Жаным-ау, бұл қазаққа қайтсек жағамыз?» деп. Сол сықылды «Жаным-ау, бұл Бөкейге қайтсек жағамыз? Екі-үш жігіттің қырсығынан барлық Бөкейді өкпелетіп алар ма екенбіз?»

Қалжың өз алдына. Қали жолдастың жоғары­­­­дағы сөзіне жауап берейік. Қали жолдас сы­қылдылар өз көзін қаптаған шелді сылып тас­таса, Бөкейден алысырақ та жерді көрер еді. «Демеукөк» деген әт-шуге міну­дің орнына, адам сықылды, жаңа өспірім еңбекшіл жастарға лайық жолмен дұрыстап Қазақстанмен танысса, онда ол Бөкейден басқа жерде де бірдеме істелгенін білер еді. Бұрын ешнәрсені есітпесе, енді естігенін дұрыстап ұғу керек еді. Содан кейін тарихқа кірі­су керек еді. Бірақ мұның бірі жоқ. Менің ойымша, жолдас Меңдешұлы һәм Залиұлы мұн­дай тарихшылардың еңбегіне аса риза бола қояр ма екен? Иә, Қали­ұлы рас айтты: «1905 жылдан бері бірен-саран келе жатқан жалғыз біз-ақпыз» деп айта қоймас-ау», – деймін.
Осы күні бізде тарих туралы жазылған кітап жоқ. Оның бер жағында Қазақстанда төңкеріс қозғалысы туралы жазылған то­лық кітап жоқ. Сондықтан жалпы Қазақстанның өткендегі жайын үйрену өте қиын. Түбінде мұндай кітаптар бізде жазылуы тиісті һәм жазылады да. Бірақ бұл іс бір күннің жұмысы емес, көп күндер, көп айлардың жұмысы. Оған дейін біздің тарих һәркімнің сөйлегенінен құра­лады. Сөйлеген кісі, әрине өзінің жақсырақ білетін жерін көбірек айтады. Бұл үшін айыптау үлкен адасқандық.

Бөкей гүбірнесінің кітап болып жазылған тарихы болса, мен оны көре, біле тұра айтпай кетсем, онда әрине, кінәлауға болады. Ал енді оның бәрі жоқ болса, мен лекциямда білгенімді ғана айтсам, менің қасымда Бөкей туралы менен жақсы білетін кісі отырса, ол маған қосымша қылып неге баяндама жасамайды. Өз алдына сол туралы жеке неге лекция оқы­майды. Қазақстанның басқа жері­нің жігіттері Бөкейді менен артық білетініне Қалилардың көзі жете ме? Көзі жетпесе, жал­ғыз Сәдуақастың баласы ғана неге кінәлі? Жоқ, болмаса «тарих­­шылардың» қаламы менің лекция­м болғанда ғана жазуға шамасы келе ме?

Бұл сұрауларды әрі қарай соза берсе, қызық әңгіме болар еді. Бірақ сөздің шыны керек, өзім ұялып отырмын.

Смағұл Сәдуақасұлы

Дайындаған 
Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»