Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ
С.Мұқанов атындағы ғылыми-әмбебап кітапханада туындының тұсаукесер рәсімі өтіп, онда сөйлеген сөзінде облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасына айрықша тоқталып, «әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» деген ұлағатты пайымын алға тартты. Жаңа кітап асыл ағамыздың туғанына 85 жыл толуына орай жұртшылықтың қолына тиді, деді.
Тұсаукесер рәсімге Алматы мен Астанадан келген мәртебелі меймандардың бірі ақынның ұлы Ерлан демеушілік көрсеткені үшін аймақ басшысы Құмар Ақсақаловқа әулеттің алғысын айтты. Әкемнің саналы ғұмырының бір бөлігі атамекеннен жырақта өтсе де туған жерін еш ұмытқан емес. Алтын бесік ауылын, бал дәурен балалық шағын, ұшқан ұясын, ұлағатты ұстаздарын көптеген жырларына арқау етті, деді ол.
К.Салықов атындағы «Жезкиік» қорының жетекшісі Мереке Қасенова екі бөлімнен тұратын кітап «Сырымбетте мектебім» мақаласымен ашылатынын, бұл мақаланы зайыбы Мәриям апай бойтұмардай сақтап келгенін, ақын үлкен өмірге түкпірдегі ауылдан қанаттанып ұшқанын әркез мақтан етіп отыратынын жеткізді. «Сырымбет маған бұл күнде Пушкиннің Михайловскоесі, Абайдың Қарауыл төбесі сияқты киелі ордам, құтты шаhарым, аруақты алтын бесігім болып көрінеді» деп толқи, шалқи төгілген екен қарымды қаламгер. Бұл білім ордасында Шот-Аман Уәлиханов, Қожахмет Балахметов секілді білікті ел азаматтары тәлім-тәрбие алғанын айта кеткен жөн.
Жиында облыстың құрметті азаматтары Жақсылық Ысқақов, Құдайберген Қалиев, алматылық ғалым-академик Амандық Төлешов, «Сырымбеттегі» кешенді мұражайдың директоры Уәлихан Құлбаев, ақын оқыған мектептің түлегі, СҚМУ-дің профессоры Жанбай Қадыров, тағы басқалары есте қалар естеліктермен бөлісіп, ақын рухына тағзым етті.
Жергілікті өнерпаздар К.Салықовтың әндерін әуелете шырқады.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы