Арада ширек ғасырдан сәл асатын уақыт өткенде қорғаныс саласындағы жағдай түбегейлі өзгеріп, аталған мәселе түбірімен жойылды. Елбасы – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Н.Назарбаевтың тапсырмасымен қорғаныс саласын сапалы кадрлармен қамтамасыз ету кешенді түрде жүзеге асырылуда. Осының арқасында армия сапы білікті кадрлармен толықты. Солардың бірі – Қорғаныс министрлігінің кадрлар және білім департаментінің бастығы Қайрат Көпбаев.
Мемлекет басшысының Жарлығымен 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні қарсаңында осы саладағы ерен еңбегімен, үздік қызметімен ерекшеленген азаматтарға жоғары әскери атақтар мен сыныптық шендер беру дәстүрге айналғаны белгілі. Сол дәстүр бойынша биыл Қарулы Күштер Жоғарғы Бас қолбасшысы Н.Назарбаевтың қолынан генерал-майор әскери атағын алғандардың бірі – осы Қайрат Рашидұлы.
Генерал болуды армандамайтын жауынгер болмайтындығын ескерсек, департамент бастығының қызмет жолы талай жас сарбазға үлгі боларлық. Қарағанды облысына қарасты Өспен ауылының тумасы – Қ.Көпбаев Қарағанды мемлекеттік университетінің заң факультетін тәмәмдаған соң 1991-2009 жылдар аралығында әскери прокуратура, қаржы полициясы салаларында, «Нұр Отан» партиясының орталық аппаратында қызмет атқарды. Ал 2009 жылы қорғаныс саласына оралып, Қарулы күштердің бас басқармасының бастығы және бірнеше департаменттің бастығы қызметінде болды. Мұнан соң Астана қаласы әкімі аппаратында мемлекеттік құқықтық бөлімнің бастығы болып жүрген уақытында Қорғаныс министрлігінің кадрлар және білім департаментіне шақырту алып, күні бүгінге дейін аталған ұжымды басқарып келеді.
Оның айтуынша, бүгінде денсаулығы мен мінездемесі талапқа сай әрбір азаматтың әскери салаға жұмысқа орналасуына ешқандай кедергі жоқ. Оның үстіне қорғаныс саласына келуге ынталандыратын жеңілдіктер де жетерлік. Қорғаныс министрлігіне қарасты оқу орындарында әскери салаға қажетті мамандықтарды даярлайтын факультеттер де қажетті деңгейде ашылған. Тіпті қыз-келіншектердің де әскери саланың есеп, қаржы, медицина салаларында жұмыс істеулеріне мүмкіндіктері бар.
– Соңғы жылдардың өзінде әскери қызметшілердің жалақылары жоғарылап, тұрмыстық мәселелерін шешуге басымдық берілді. Оларды тұрғын үймен қамтамасыз етудің қарапайым әрі тиімді жолы бекітілді. Тиісінше, мемлекет тарапынан әскери салаға талап та күшейтілді. Қазіргі күні осы саланы білікті әрі жігерлі жас мамандармен толықтыруға басымдық берілуде. Осындай жүйелі жұмыстардың арқасында қазір мамандар тапшылығы жойылды. Бүгінде бұл салада қызмет ету азаматтарымыз үшін үлкен мәртебе саналады. Жыл өткен сайын заңнамалар да жетілдіріліп, саланы құқықтық тұрғыдан нығайтудың жан-жақты шаралары да жүзеге асуда. Білімін одан әрі тереңдетемін, біліктілікті арттырамын деген қызметкерлерге үлкен мүмкіндіктер бар, – дейді ол.
Былтыр ғана енгізілген тың жаңалық ретінде бұрын әскери қызметке қатысы болмаған, әскери училищеде, әскери оқу орындарында әскери дайындықтан өтпеген азаматтар тек 32 жасқа дейін әскери қызметке кіре алатындығын айтуға болады. Бір кездері қызмет еткен немесе әскери қызметке қатысы бар адамдардың 37 жасқа дейін әскери қызметке келуіне мүмкіндік бар. Бұл – әскери қызметкерлерді «жасартудың» амалы.
Қайрат Рашидұлы Өспен ауылынан шыққан тұңғыш генерал ретінде өз өміріне әке тәрбиесінің ықпалы зор болғандығын айтады. Туған өлкесінде тас жолдар салғызып, канал құрылысына жауапты болып, партияда жауапты қызметтер атқарып, кеңшар басқарған Рашид Бүркітбайұлы ұлының қызмет жолын, жетістіктерін көре алмай кетті. Бірақ тал бесіктен басталған әкенің ұлағатты тәрбиесі Қайрат Рашидұлына мақсат-мұраттарға жету жолында ұдайы темірқазық болып келеді.
Серік ӘБДІБЕК,
«Егемен Қазақстан»