Аймақтар • 04 Мамыр, 2018

Ширек ғасыр ел шебінде

624 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бір жағы Қытай, бір шеті Ресей, бір тарабы Моңғолиямен шектесіп жатқан еліміздің Шығыс Қазақстан өңірінің шебін қорғауда Қорғаныс министрлігіне қарасты «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы маңызды рөл атқарып келеді. Бұл ретте аталған қолбасшылыққа бағынатын Өскемендегі Ахмер кентінде орналасқан 27943 әскери бөлімін ерекше атап өтуге болады. Бүгінде бұл бөлімде мыңға жуық сарбаз бен 200-ден астам офицер мемлекет іргесінің бүтіндігі мен тұтастығын қорғау жолында аянбай еңбек етуде. 

Ширек ғасыр ел шебінде

Облыс орталығындағы әскери бөлімнің командирі, подполковник Мұрат Арапбаев Өскемен гарнизоны Елбасы – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы қойған міндеттерді абыроймен атқарып келе жатқанын айтады. «27943 әскери бөлімінің жауынгерлері қысқа мерзім ішінде үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Бригада бөлімшелері Қарулы Күш­тердегі ірі оқу-жаттығуларына қаты­сып, өздерінің жоғары кәсіби даяр­лықтарын паш етіп келеді. Қазіргі уақытта біздің гарнизон «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдер арасында 1-орында, республика бойынша алғашқы үштікте», дейді ол. 

Әскери бөлім сарбаздары 2008 жылы «Шұбаркөл» полигонында Ресей Федерациясының Қарулы күштерімен бірлесе өткен «Өзара әрекет­тесу-2008», 2009 жылы Семей­дегі «Шығыс» полигонындағы «Өзара әрекеттесу-2009», 2015-2016 жылдары Алматы мен Семей қалаларындағы «Айбалта-2015», «Айбалта-2016» оқу жаттығуларына қатысыпты. Әскери бөлімнің 1 мотоатқыштар батальонының жауынгерлік ұрыс машинасының экипажы 2016 жылы халықаралық «Армия-2016» ойындарында «Суворов тегеуріні» номинациясы бойынша 3-орынды жеңіп алыпты. Президент Жарлығымен  бригада жауынгерлері – аға лейтенант М.Абдуллин ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен, подполковник Ә.Салихов, келісімшарт бо­йынша әскери қызметші, 3-сыныпты сержант Л.Котова, 3-сыныпты сержант Т.Мүшелбаев «Жауынгер­лік ерлігі үшін» медальдарымен марапатталыпты. Санкт-Петербург қаласы, «Красное» ауылында өткен «Әскери-медициналық эстафета» байқауында қазақстандық команда құрамының механик жүргізушісі, 3-сыныпты сержант Нұржан Майханов ЖСӘК (жеңіл сауытты әмбебап көлік) кедергілер жолағынан, атыс шебінен өтуде кәсіби шеберлігінің жоғары деңгейде екендігін көрсетіпті. 

Биыл Өскемендегі 27943 әскери бөлімінің құрылғанына 25 жыл толып отыр. Әскери бөлім Қорғаныс министрлігінің 1993 жылғы 26 сәуір­дегі дерективасы негізінде Үкімет­тің шешімімен мемлекеттік шекараны қорғауды қамтамасыз  ету мақсатында мотоатқыштар полкі ретінде Жарма ауданының Қалбатау қалашығында жұмысын бастағаны белгілі. 1998 жылы 1 желтоқсаннан бастап мотоатқыштар полкі жеке мотоатқыштар бригадасы болып қайта құрылып, 2004 жылы жеке мотоатқыштар бригадасы механи­каландырылған бригада болып ауыстырылып, Өскеменге, Ахмер кентіне көшіп келген-ді.

Жақында Өскеменде бөлімнің 25 жылдығына орай салтанатты жиын өтіп, бөлімнің құрылуына, қалыптасуына еңбек сіңірген кешегі қылшылдаған сарбаздар – бүгінгі аға буын ардагерлер бас қосып, өткен күндерді тебірене еске алып, есте­ліктерімен бөлісті. «27943 әскери бөлімі еліміз өз Тәуелсіздігін алған елең-алаң шақта, яғни 1993 жылы Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетовтің бұйрығымен құрылған еді. Мен сол жылдың 18 қазанында Қалбатауға келдім. Елдің еңсесі езілген қиын кез. Бәрін басынан бастауға тура келді. Солдаттар мен сержанттарды, офицерлерді әскери бөлімдерден жинадық. Әуелде бөлімде бар болғаны 312 сарбаз, 16-17 офицер ғана болды. Академиялық білімі бар жалғыз адам мен болсам, әскери училищелерді бітіргендер саны 5-6-дан аспады. Қалғандары зоотехник, механик, яғни запастағы офицерлер болды. Жұмысты тозып кеткен казармалар мен штабтан бастадық. «Қарауылды 200 грамм дизель отынымен 18 шақырым жердегі кезекке қалай апарамын?» деп бас қатқан кездерді де өткердік. Сол шақтарда менің жанымда болған, күн-түн демей бөлімнің жауынгерлік қабілетін ұштаған, шыңдаған барлық ардагерлерге алғысымды білдіремін», дейді бөлімнің тұңғыш командирі, Ауған соғысының ардагері, генерал-майор Әлімжан Ерниязов.

Бұдан кейінгі жылдарда бөлімге Тимур Әбішев, Бауыржан Қабатов, Виталий Добринский, Асқан Тас­болатов, Нұрлан Қашағанов, Данияр Қонақбаев, Руслан Ақмолин, Талғат Сапарбаев, Ержан Ибраев сынды азаматтар жетекшілік жасады. «Сер­жанттық қозғалыс еліміздің Қарулы Күштеріне 2003 жылдан бас­тап енгізілді. Әуелде қиыншылықтар, түсінбеушіліктер болды. Алайда, бір адамдай жұмылып, сержанттар қозғалысын жақсы жолға қоя білдік. Сол кезде менің қол астымда жұмыс істеген батальон сержанттарының көбі қазір Қорғаныс министрлігінде, басқа округтерде, әскери бригадаларда адал қызмет атқарып жүр», дейді бөлімнің ең алғашқы сержант бригадасы болған, артиллериялық қондырғының технигі, взвод командирі қызметтерін атқарған Қайрат Жүнісов.

Иә, бүгінде Өскемендегі 27943 әскери бөлімінің сарбаздары елдің шебін абыроймен қорғап, жауын­герлік серттеріне адал­дық таны­тып келеді. Мұны бөлімнің 25 жыл­дығына арнал­ған салта­натты жиын­да «Шығыс» өңірлік қол­бас­­­шы­лығы әскерлер қолбасшы­сы­­­ның орынбасары, полковник Александр Әшіров ерекше атап өтті. «Әскери бөлім әрдайым алдың­ғы саптан көрініп жүр. Екінші мотоат­­­­қыштар батальоны биыл Қазақ­­стан Республикасы Қарулы Күш­тері Құрлық әскерлерінің әскери бөлім­дері мен құрылымдарының  батальондары арасындағы «Мергендер батальоны» сайысында 1-орын алды. Жақында Құрлық әскерлері қарауыл қызметі бойынша тексеру жүр­гіз­генде бөлім жоғары балл иеленді. Мұның өзі бригаданың тұтас­тығы мен ұйымшылдығын аңғартса керек», дейді қолбасшы орынбасары.

Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»

ӨСКЕМЕН