Әр көктем сайын диқан былтырғы жіберген «әттегенайын» биыл түзегісі келеді, жаңа іс бастағысы келеді. Бірақ көктемнің ерте немесе кеш шығуы, ауа райының құбылуы мен нарықтың өзгеруі диқанның үйдегі ойын ұстап тұра алмайды. Биылғы көктем құрғақшылықтан хабар беріп тұр. Қар аз түсті, көктем де жаңбырлы болған жоқ. Соның салдарынан топырақта ылғал тіпті жеткіліксіз.
– Ылғалы аз көктем биыл ғана келген жоқ. Техникасы сай, жанар-жағармайы, тұқымы дайын шаруашылық мамыр айы қалай болса да дәнді жерге сіңіріп алады. Маңдай терді сыпырып жүріп өндірген өнім ертең күзде ойлаған бағаға өте ме? ХХІ ғасырдың диқаны нағыз менеджер болуы керек. Уақыт соны талап етіп отыр, – дейді Қостанай ауданындағы «Борис-Романовка» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен «Жұмағұлов» шаруа қожалығының жетекшісі Алдаберген Жұмағұлов.
Диқанның ісі сөзіне лайық екен. Қос шаруашылықтағы 8 мың гектар жерге ылғал жабу жұмысы қазір қызу жүріп жатыр. Бір А.Жұмағұловтың шаруашылығында емес, қазір облыс бойынша жермен жұмыс істейтіндердің барлық күш-техникасы осы іске жұмылдырылған. Бар мақсат – ылғалды ұстап қалу. Облыс бойынша 2 млн 690 мың гектар жер осындай өңдеуден өтуі тиіс. Бүгінге дейін белгілісі 150 мың гектарға ғана ылғал жабылды. Бірақ мамандардың айтуынша, бұл жұмыс күн сайын қарқын алады. 100 пайыз ылғал жаппай, алдағы жақсы егін туралы айтудың өзі дүдәмал. Диқан еңбегінің қиындығы да осы. Мамырдың ортасына дейін күрмеуге келмейтін жіптей ғана қысқа уақыт қалды.
– Егер топырақтың жоғары қабатында ылғал аз болса, ұсақ тұқымды дақылды азайтып, оның орнына күнбағыс алқабын көбейте қою керек. Диқан әр көктемде алқабын өзі осылай реттеп отырғаны жөн. Бұрынғыдай көзжұмбайлыққа салып, қатып қалған қалыппен жұмыс істесе ұтылады, – дейді кәнігі диқан, Қазақстанның Еңбек Ері Сайран Бұқанов.
Соңғы жылдары нарықты зерделеген диқандар бидай алқабын азайтып, өтімділігі де, бағасы да жоғары майлы және бұршақ тұқымдас дақылдарды егуді дұрыс деп санайды.
Биыл облыс бойынша 5 млн 229 мың гектарға егін егіледі, соның 3 млн 487 мың гектарына бидай себілмек. Бұл өткен жылғыға қарағанда 217 мың гектарға аз. 550100 тонна бидай тұқымы тазаланып, қоймада дайын тұр. Соның 20774 тоннасы элиталық тұқым. Бидай алқабын кеміту оны өндіруді азайту деген сөз емес. Рас, бидайдың бағасы нарықта соңғы жылдары тұрақты емес. Дегенмен Қостанай бидайы – еліміздің бренді, экономика негіздерінің де бірі. Жасыратыны жоқ, осы кезге дейін оның алқабын кеңейту арқылы мол өнім алынып келді. Қазір оның алқабын қысқартып, гектар түсімін молайту міндеті қойылуы тиіс. Оның тамаша үлгісі Қазақстанның Еңбек Ері С.Бұқановтың шаруашылығында қазірдің өзінде бар. Олар алқапты екі есе қысқартқанымен, астық өндіру көлемі бұрынғыдан аса өзгерген жоқ. Мұндай іске диқанның барлық агротехникалық шаралар мен озық технологияларды енгізетін ізденістері кепіл.
Осыдан аз күн бұрын өткен ауылшаруашылық мамандарының көктемгі егіске дайындық барысын қараған кеңейтілген мәжілісте облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетов айтқан мәліметтер диқанды да, өзгені де қуанта қоймаған.
– Соңғы он жылда топырақ құнары төмендеп бара жатқанын айтқым келеді. Тексерілген 6,6 млн гектар алқаптағы топырақ қарашірігінің деңгейі 3,3 пайыздан жоғары көтерілмеген. Ал норма бойынша 4 пайыздан төмен болмауы тиіс. Тексерілген 3,7 млн гектар аумақтың 55 пайызында топырақ құрамындағы жеңіл ыдырайтын азоттың, 36 пайызында фосфордың жылжымалы түрінің тым аз екені анықталған, – дейді Ғ.Нұрмұхамбетов. Биыл облысқа алынатын тыңайтқыш көлемін де былтырғыға қарағанда көбейту жоспарланды. Алынатын 22 мың тонна тыңайтқыштың бүгінге дейін шаруашылықтарға 12 мың тоннасы жеткізілген.
Осы көктемде облыстағы суармалы егіс көлемін ұлғайту туралы мәселе тағы көтерілді. Суармалы егіс ауылшаруашылық өнімін молайтудың тиімді бір тетігі болып саналады. Ғ.Нұрмұхамбетовтің айтуынша, суармалы егістік көршілес Ақмола облысында – 44 мың гектарға, Солтүстік Қазақстанда – 28 мың гектарға, Ақтөбе облысында 76 мың гектарға жеткізіліпті. Ал Қостанай облысында ілуде бір шаруашылық болмаса, жаппай кірісіп кеткен ешкім жоқ.
Диқан үшін алқабын әртараптандырудың да, суармалы егіспен айналысудың да белгілі қиындықтары бар. Оны бір көктемде бастай салудың өзі мүмкін де емес. Ол үшін алдын ала дайындық жұмыстары керек.
– Басқасын айтпағанда, әр дақылдың өзінің арнайы техникасы, егу, баптау технологиясы, тыңайтқышы болады. Соның барлығы ескерілмесе, диқан тәуекел жасай бере алмайды. Жақсы өнім жинау үшін егіс алқабына кешенді түрде күтім керек. Мысалы, біз көкөніс, картоп өндіруді бес жыл бұрын бастадық дедім ғой. Соған орай мамандарды дайындадым. Әдетте көкөніс суармалы алқапта ғана өседі. Сондықтан «КазАгроФинанс» АҚ арқылы 2 тәулікте 55 гектар жерді суаратын америкалық жаңбырлатқыш қондырғы, сосын Германиядан да осындай жаңбырлатқыш техника алдырдық. Соның арқасында 120 гектар жерді суарып, көкөніс пен картоптан өнім алуды жолға қойдық, – дейді облысқа белгілі кәсіпкер, шаруашылық жетекшісі А.Жұмағұлов. Осындай жылт еткен жақсы мысалдар болғанымен, жалпы облыс өңірінде техниканы жиі жаңалап отыру қажеттігі білінеді. Биыл көктемгі дала жұмыстарына қатысатын 24 мың трактордың 20 мыңы немесе 83 пайызының пайдалану мерзімі 15 жылдан асқан. Яғни тоза бастады деген сөз. Облыстағы машина-трактор паркінің жылына 2 пайызы ғана жаңартылады.
Жыл сайын көктемде техника мен жанар-жағармай алдымен ауызға алынады. Биыл көктемгі дала жұмыстары үшін облысқа 71 мың тонна дизель отыны бөлінді. Диқандар үшін оның литрі 151,5 теңгеден келіп отыр. Бұл бөлшек бағадағыдан 15,5 теңгеге арзан. Биыл көктемгі дала жұмыстары мен күзгі жиын-терімді қаржыландыруға 6 млрд теңге қаржы бөлінді. Көктемде 106 өтініш «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы қабылданып, оларға 3,8 млрд теңге берілді. Мемлекет тарапынан берілген осындай көмек көктемде диқанның қолтығынан демейді. Мемлекет күзде өндірген өнімді өткізуге де көмек қолын созып, нарықты реттеп отырса деген тілек диқанның көңілін көктемнен-ақ мазалайды. Өйткені диқан еңбегінің жемісі де, елдің ырысы да арбаның дөңгелегіндей айналып келетін көктем мен күзге тікелей тәуелді.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ