Ақмола облысы Туристік ақпарат орталығының кең ауқымды жарнамалау жұмыстарын жүргізуі нәтижесінде Көкшетау қаласынан 150 адам велотебу науқанының ашылуына қатысты. Велошабандоздарды жарыс алаңына дейін тегін жеткізу үшін тіпті көлік те ұйымдастырылды. Нәтижесінде веложарысқа 420 адам қатысса, олардың сапында «Велотоп Астана», «Көкше» велоқауымдастығының кәсіби велошабандоздары да болды. Сонымен қатар қатарға Ақмола облысының әртүрлі өңірлерінен, Астана, Көкшетау, Степногор және Щучье қалаларынан велосипед тебуді дағдыға айналдырған әуесқойлар да келіп қосылды.
Реті келгенде айта кету керек, «Burabay Land» тақырыптық саябағында Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин қатысушыларға арнап құттықтауын жеткізгеннен кейін өзі де велосипедке қонып, колоннаны бастап жүрді. Велосипедпен жүріп өту арақашықтығы 28 шақырым еңсерілгеннен кейін ең жас, ең егде жасқа жеткен және ең үздік нәтиже көрсеткен нәзік жанды спортшыға сыйақы берілді.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы