Аймақтар • 04 Мамыр, 2018

Архимед Мұхамбетов маңғыстаулықтарды Қостанайға қоныс аударуға шақырды

667 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Архимед Мұхамбетов басқарған Қостанай облысының делегациясы Маңғыстау облысында болды. Онда бос орындар  жәрмеңкесіне қатысқан Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов   маңғыстаулықтарды Қостанай өңіріне қоныс аударуға шақырды.  Бұл жөнінде делегация құрамында жүрген әкімнің  баспасөз хаттшысы Жігер Сәрсенов хабарлады.

Архимед Мұхамбетов маңғыстаулықтарды Қостанайға қоныс аударуға шақырды

Өңір басшысы Қостанай облысында ауыл шаруашылығына механизатор, жүргізушілер, ауылдарға мұғалімдер мен дәрігерлер, басқа да мамандық иелері жетіспейтіндігін айтқан.  Қазір өңірде 952 жұмыс орны өз иесін күтіп тұрғанын жеткізген.

Архимед Бегежанұлы мәлімдегендей,  қоныс аударушыларға Қостанай өңірінде мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалады. Сонымен қатар Қостанай қаласының іргесіндегі Мичурин және Глазунов елді мекендерінде кәсіпкерлер келгендерге         тұрақты жұмыс пен  баспана беруге даяр отыр. «Бізде барлығы 1700 ден аса жұмыс орны бар. Соның 20 пайызы ауылда, 17 пайызы құрылыста, 13 пайызы өндірісте мамандарды күтеді. Мен Қостанай облысына көшкісі келетін, сонда жұмыс істеп,  болашақта сол өңірді мекен еткісі кеелтіндермен кездесу үшін келдім. Баспана жөнінен ешқандай қиындық болмайтынын айтқым келді» деді Архимед Мұхамбетов.

Сонда кәсіп ашам дегендерге шағын  несиелер берілетінін, облыста бұл үшін 1 миллиард теңге бөлінгенін де  айтты өңір басшысы. Қостанайға қоныс аударған отбасыларының әр мүшесіне мемлекеттен 84 175 теңге бөлінеді, жыл бойы жалға алған үйінің  ақысы төленеді. 

Биыл Қостанай облысына  еліміздің оңтүстік және батыс, шығыс облыстарынан 272 отбасы қоныс аударатын болады. Бұл бұрнағы жылдарға қаарғанда 10 есе көп.  15 отбасы қазірдің өзінде келіп, қоныстанып жатыр.

Нәзира Жәрімбет,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай