3 желтоқсанда «Әділет» демократиялық партиясының кезектен тыс VII съезі болып өтті. Съезд делегаттары алдағы Парламент Мәжілісінің сайлауында жеңіске жететіндіктеріне сенімдері мол екендіктерін мәлімдеді.
«Бұл жеңіске жету үшін біздің қолымызда барлығы: тәжірибе, бірлік және болашаққа деген талпыныс бар» деген ұран аясында өткізілген съезд өз жұмысын Тәуелсіз Қазақстанның тарихи кезеңдерін еске түсіру мен «Әділет» партиясының қол жеткізген жетістіктерімен көпшілікті таныс ету шарасынан бастады.
Съезге қатысушылар «Әділетке барар жол» атты партияның сайлауалды бағдарламасын қабылдады және 61 адамнан тұратын Парламент Мәжілісіне және барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімін бекітті.
Форумға Қазақстанның барлық аймақтарынан келген 246 делегат қатысты. Сайлау алдындағы бағдарламаның алдына қойған нақты мақсат-міндеттерін партия төрағасы Мақсұт Нәрікбаев «Бәрінен де жоғары тұратын әділдік» деп аталатын баяндамасында таныстырып өтті. Сайлауалды бағдарламасының идеологиялық негізі әділеттілік орнату және онсыз құқықтық, демократиялық, әлеуметтік мемлекет құру мүмкін еместігі, әрбір қазақстандықтың заңды мүдделерін қорғау болып табылады.
Біздің съезд Тәуелсіздіктің 20 жылы ішінде атқарылған іс-әрекеттерді қорытындылау кезінде өтіп отыр, деді өзінің сөзінде М.Нәрікбаев. Бүгінгі күні бүкіл әлем экономикалық дағдарыстың қайталану қаупі төнгендіктен, өздерінің дағдарысқа төтеп беру мүмкіндіктерін қарастыруда. Елбасы бір сөзінде «Дағдарыстың туындау себебі – әділдіктен тартыну» деген болатын. Әділеттіліксіз ауқатты әрі қуатты еліміздің барлық жетістіктерінің мағынасы мен мәні жойылады. Онсыз даму мен көркею, тұрақтылық пен тыныштық болмайды. Әділдікті әділеттілік ретінде барлық салаларда қалыптастыру үшін құқықтық, демократиялық және әлеуметтік мемлекет құруымыз қажет.
Партияның сайлауалды бағдарламасында болашақ жаңа Мәжіліс депутаттары орындауы тиіс мәселелер мен саяси-экономикалық және әлеуметтік салада жүзеге асуы кезек күттірмейтін бірқатар ұсыныстар бар екен. Атап айтқанда, егер «Әділет» партиясы Парламенттен орындарға ие болған жағдайда саясат саласында кең көлемдегі конституциялық реформа жүргізу, Парламенттің өкілеттілігін арттыру, қала және аудан әкімдерін сайланбалы ету, тәуелсіз арбитр болатын сот жүйесін енгізу, қоғамдық телеарна ашу, сондай-ақ саяси партиялардың әділ бәсекеге түсуін қамтамасыз ету секілді, ал экономика саласында табиғи монополияның мемлекеттендірілуі, қосымша құн салығын 6 пайызға, әлеуметтік салықты 7 пайызға дейін төмендету, бағалы, құнды заттарға салық салу секілді мәселелер жүзеге асырылмақ көрінеді. Сонымен қатар, бұл бағдарламада әлеуметтік саясатта реформа жүргізу, зейнетақы жүйесіне тиімді тәртіп енгізу, газ, электр энергиясы, темір жол тарифтерінің өсуіне шектеу қою, барлық қазақстандықтарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету, білім беру және денсаулық сақтау салаларының қолжетімді болуын қамтамасыз ету секілді біршама жәйттер қамтылыпты.
Партия съезінде ұйымдық мәселелер де қаралды: партияның бас хатшысы болып Мұрат Раев, партия төрағасының орынбасары болып Мәди Артығалиев және Артықбай Үкібаев сайланды.
Сонымен қатар, «Әділет» партиясы төрағасының бірінші орынбасары лауазымында Төлеген Сыдыхов өз қызметін әрі қарай жалғастыратын болды. «Әділет» партиясы төрағасының идеология жөніндегі бірінші орынбасары деген қосымша лауазым бекітіліп, оған Уәлихан Қайсаров тағайындалды.
Партия басшылығы мен съезд делегаттарының атына тілек білдірген бірқатар хаттар келіп түссе, олардың қатарында О.Сүлейменовтің, сондай-ақ «Справедливая Россия» партиясының төрағасы Н.Левичевтің, Украина Социалистік партиясының төрағасы А.Мороздың, Беларусь Республикасының Еңбек және әділет республикалық партиясының төрағасы В.Заднепрядныйдың және сол сияқты ТМД елдері саяси партиялары өкілдерінің жеделхаттары бар екен. Олар съезд барысында қатысушылардың назарына ұсынылды.
Қанат ЕСКЕНДІР.
Астана.