10 Ақпан, 2010

ЖАРАСЫМДЫ ДӘСТҮР ЖАЛҒАСТЫҒЫ

1726 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
Өткен сенбіде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев астаналық көрермендермен бірге “Сіз кімсіз, Ка мырза?” фильмін тамашалады. Президент кинотуын­дыға ризашылығын білдірді. Нұрсұлтан Әбішұлы кино өнерінің тарланы Асанәлі Әшімовтің қолын қысып тұрып: “Мен бұрын да бірнеше рет айтқанмын, бүгін де қайталаймын. Жер бетіндегі әр қазақтың бір-ақ Отаны бар. Ол – Қазақстан. Сол Отанға қызмет ету – әрбір қазақтың абзал борышы болмақ. Сіздің фильм жастарды отаншылдыққа тәрбиелейтін фильм болып шығыпты. Нашақорлық, наркобизнес – әлемді алаңдатып отырған проблема. Қазақстанның қауіпсіздік органдары бұл дертпен бітіспес күрес жүргізуде. Осы мәселе де фильмде тәп-тәуір көрініс тауыпты. Біз жастарды осы кеселмен күресуге үндеуіміз керек. Фильмде бандит атаулының барар жері ажал екені анық көрсетілген. Сондықтан жаңа туындының сәтті шығуымен құттықтаймын”, – деді. Осыдан қырық жыл бұрын қа­­зақ халқының ұлы перзенті, әйгілі кинорежиссер Шәкен Ай­ма­нов өзінің ең соңғы кино­кар­тинасы “Атаманның ақыры” филь­мін аяқ­тады. Елдің жаппай қызығушы­лы­ғын оятқан талай туындыларды дү­ниеге әкелген дарынды режиссер­дің бұл фильмі де оны үлкен шығармашылық табысқа кенелтті. “Атаманның ақыры” қауіпсіздік қызметінде аса күрделі тапсырманы сәтті орын­даған чекистер туралы маз­мұн­ды фильм ғана емес, атыс-шабысқа толы батыс “боевик­тері­нің” үлгісіндегі өте тартымды дү­ние болып шықты. Кинокартина оқиғасының шынайылығымен, сюжеттердің шебер қиюласты­рыл­ғандығымен ерекшеленді. “Атаманның ақыры” Кеңестер Одағының танымал кинотеа­тр­ла­рында ел-жұртқа кеңінен таныс­тырылды. Фильмнің тұсаукесер рәсімдері дүрілдеп өтті. Әсіресе, барды бағалап, өнер ішіндегі кү­ріш пен күрмекті ажырата білетін Мәскеу мен Ленинградтың кө­рермендері “Атаманның ақырын” апталап, айлап тамашалады. Өкі­ніш­­ке орай, Шәкен Айманов фильмнің бүкіл Одақ жұртын та­бындырған жұлдызды сәттерін көре алған жоқ. Сол тұста өнер­дің биік белесіне шыққан Асанәлі Әшімов келістіріп ойнаған Қа­сым­хан Шадияров бейнесі ки­но­дан тәлім алатын миллиондаған адамның жүрегінде жатталып қалды. Шәкен Аймановтың айнала­сын­­дағылар бұл фильмнен бри­тан­дық Джеймс Бонд туралы туын­ды­лармен үйлесімділік таба­тын. Джей­мс Бонд – ағылшын жазу­шысы Ян Флемингтің ойдан шы­ғар­ған агентінің есімі. Оның про­тотипі – британдық әйгілі бар­лау­шы Сидней Рейли. Бұл шы­ғарма экранға шыққаннан кейін ғана өте танымал болды. Ал бұған дейін әр­түрлі экспери­мент­тер жасап, қы­рық­тан асқанша өзі-өзін таппай жүрген ортақол жазушының шы­ғар­масы экран­дал­ған соң әлемді шарлап жүре берді. Қаламгерге жо­лыққан бри­тан продюссері Альберт Брокколи Гарри Зальцманмен бірігіп, Флемингтің романдарын экранға шығару құқын сатып алып, 1961 жылы әйгілі “Бондиананың” алғашқы фильмін бастап келіп жіберді. 1962 жылы Теренс Янгтің режиссерлігімен “Доктор Но” деген атаумен түсірілген фильм күні бүгінге дейін жалғасып ке­леді. Осы уақытқа дейін “007 агент” туралы 22 фильм түсірілді. Көрерменге екі жылда бір фильм ұсынылып оты­рады. Сөйтіп, Джеймс Бонд сан ұр­пақтың санасымен сабақтасып кет­кен ғұмырлы кейіпкерге айналды. Шәкен Аймановтың да жұрт жүрегін жаулаған Қасымхан Ша­дия­ров туралы фильмді жалғас­ты­рып, бірнеше ұрпақты тәрбиелейтін халықтық кинотуынды жасауына болатын еді. Бірақ ерте үзілген ғұ­мы­ры оны жалғауға мүмкіндік бер­меді. “Атаманның ақыры” экран әлеміне жұмысына тиянақты, әдіс-тәсілі мол, ептілігі де, тектілігі де көрініп тұратын, сырт келбеті көркем, нағыз сері барлаушының образын әкелді. Бүгінге дейін Джеймс Бонд туралы түсірілген жиырмадан астам фильмде алты актер ойнады. Ал­ғаш­қы бес фильмдегі Бондтың рө­лі­не шотландиялық Шон Коннери түсті. Ол әлемнің “сен тұр, мен атай­ын” дейтін сайыпқыран актер­лерінің ішінен іріктелген болатын. Конне­риге бұл фильм қаншалықты табыс әкелгенін мынадан-ақ біле беріңіз: оның жиынтық гонорары 18 мил­лион 300 мың долларды құ­райды. Одан кейін Джеймс Бондтың бей­не­­сін Джордж Лэзенби, Роджер Мур, Тимоти Дальтон, Пирс Брос­нан сом­дады. Ал 2006 жылдан күні бүгін­­ге дейін барлаушының бейнесін 42 жас­тағы Дэниэл Крэйг ойнап келеді. Қазір Шон Коннери ақсақал жасына келді, биыл сексенге толды. Бірақ, экрандағы Джеймс Бонд өз­герген жоқ. Жап-жас, ширақ күйін­де әлі күнге дейін өз көрермендерін таңғалдырып келеді. Барлаушының бейнесін қиялынан қиыстырған Янг Флемингтің өңі түгілі түсіне де кірмеген фильмдер қалың елдің рухани қазынасына айналды. Бір кезде бүкіл елдің көрер­мен­де­рін экран алдына жинаған “Ата­манның ақыры” да кеңес заманын­дағы жаңа туындылармен жалғасты. Асанәлі Әшімов Эльдор Оразбаев түсірген “Транссібір экспресі” фи­льмінде әйгілі чекист Шадияров­тың кейінгі ерліктері мен іс-әре­кет­терін бейнеледі. Одан кейін Игорь Вовнянко түсірген “Манчьжур ва­рианты” фильмінде де бұл желі әрі қарай дамытылды. Енді, міне, Қуат Ахметовтің “Сіз кімсіз, Ка мырза?” фильмі көрерменге жол тартты. Бас кейіпкер рөлінде – жетпістен асса да ширақ қимылынан ажырамаған Асанәлі Әшімов. Джеймс Бонд ту­ралы фильмдер сериясында қырық сегіз жылда алты актер ойнаса, Қасымхан Шадияров (прототипі – чекист Қасымхан Шанышев) туралы фильмдер сериясында бас кейіпкерді қырық жыл ішінде жалғыз-ақ актер сомдайды. Сөйтіп, ол қазақтың аса дарынды режиссері Шәкен Аймановтың орындалмаған арманына қол жеткізді. Бұл – бүгінгі ұрпақтың тал­ға­мы­нан шығатын, жаңа үлгідегі, шы­тыр­ман оқиғалы фильм. Бір жа­ғынан, ел қорғауға, Отанға қызмет етуге, ұлт қауіпсіздігін сақтауға үндейді, екінші жағынан жас бу­ынды, ептілікке, ерлікке баулиды, батыл азамат боп қалыптасуға жетелейді. “Сіз кімсіз, Ка мырза?” фильмі кинодағы Шәкен Айманов дәстүрін жалғастырып қана қоймай, жас­тары­мыздың бойына туған жер­ге, тәуелсіз елге қызмет ету идеясын сіңіреді. Сүйіспеншілікке, патрио­тизм­ге шақырады. Және бұл идея­ны күштеп таңбайды. Идея табиғи түрде кино­ның өзінің ішкі әлемі­нен тарайды. “Менің парқымды базардағы нарқым айқындайды” дегендей, фильм бар-жоғы 3 миллион АҚШ дол­ларынан сәл ғана асатын қар­жы­ға түсірілген. Бұл Джеймс Бонд туралы фильмдердің бюджетінен он­даған есе арзан. Мысалы, Джеймс Бонд туралы 2008 жылы түсірілген “Квант милосердия” деген фильмге 200 миллион доллар жұмсалған екен. Бұл “Сіз кімсіз, Ка мырза?” фильмінің бюджетінен 65 есе көп. Осыдан-ақ кино өндірісі үшін азғантай көрінетін қаражатпен қандай құнды дүниенің жасалғанын бағамдай беріңіз. Оның үстіне бұл кинотуындының үш елде түсіріл­ге­нін де ұмытпауымыз керек. Осыған қарамастан, фильмнің өн бойынан кино өндірісі саласындағы ілгері­леу­ді, батыстың техникасын игеру машығын, аудитория сұранысын ес­керудің нәтижесін анық аң­ғара­мыз. Бұл кинотуынды өзі тектес ағымдағы фильмдерден әлдеқайда жоғары тұр. Трюктердің аса шебер­лікпен орындалуы, арнайы әсер беру техникасы, компьютерлік өң­деу технологиясы, түсті таңдау, өз­гертіп отыру, жарық түсіру тәсілі жа­ғынан да заманауи кинотуын­ды­ның талаптарына жауап береді. “Сіз кімсіз, Ка мырза?” фильмі­не үш елдің киноактерлері қатыс­ты. Ресейдің белгілі актері Алек­сандр Феклистов пен Таиландтың танымал киножұлдызы Донгджай Хатайкарн өз рөлдерін шебер орын­дап, қазақ киносының мәрте­бесін көтерді. Фильмнің кейіп­кер­лері ауғандықтардың тілін қосқанда төрт тілде сөйлейді. Осы арқылы бірнеше елдің аумағында етек алған наша саудасымен күрестің шынайы картинасы жасалған. Кинокартинада қазақ киносы­ның жас буын актерлері де ше­бер­лік көрсетті. Гүлшарат Жұбаева, Мұрат Болатов, Ержан Түсіпов, Дәулет Әбдіғапаров сынды өнер өкілдері өз рөлдерін шынайы ойнап шықты. Асанәлі Әшімов ойнаған Ка мырза мен Александр Феклистов ойнаған Алексеевтің шахмат тақ­тасының үстіндегі тартысы фильм­нің негізгі желісін ұқтырып тұрған сәтті деталь ретінде көрсетілген. Із­гілік пен зұлымдықтың, жақсылық пен жамандықтың, ақ пен қараның бәсекесі осы көріністе сөзбен де, көзбен де аңғартылады. Фильмдегі атыс-шабыс көрініс­терінің өзінен ұлттық ұғымдардың алға тартылып отырғанын байқай­мыз. Кейіпкерлер ат құлағында ой­найды, ептіліктің үлгісін көрсетеді. Фильмнің сәтті түсірілуі бар да, оның идеялық мұратының орын­далуы тағы бар. Егер кинотуынды көздеген тәрбиелік мақсатын орын­дамаса, қыруар еңбек зая кетуі мүм­кін. Мысалы, Ресей кино­гер­лері түсірген “Бригада” фильмінде бандиттерді әшкерелеуден гөрі, оларды идеал тұту жағы басымырақ түскендіктен, осы елдің әр қала­сында бір-бір “бригада” пайда бол­ғанын кезінде Ресей басы­лым­дары жабыла жазды. “Бригада” бан­дитизмді тұсаулаудың орнына қайта оны дәріптеп жіберді. Осы тұр­ғыдан алғанда “Сіз кімсіз, Ка мыр­за?” фильмінің тәрбиелік мәні өте зор. Кинокартинаның кейіп­кер­лері өзінің болмыс-бітімі мен қимыл-әрекеті арқылы кеселмен күресуге, жаманнан жиренуге үн­дейді. Қау­іпсіздікті қорғау қыз­меткерлерінің іс-әрекеті үйлесімді әрі сенімді шыққан. Арам жолмен табылған ақша ешқашан жақсылыққа жеткізбейді. Еліңнің ұрпағы аман болсын десең, оны қауіп-қатерден, кесел-кеса­пат­тан қорға, Отан деген ұғымды әр­дайым есте сақта. Сонда сені хал­қың ұмытпайды. “Сіз кімсіз, Ка мыр­за?” фильмінің ұстанған идея­сы осы. Ақан БИЖАНОВ, сенатор: – Бұл Шәкен Айманов дәс­түрі­нің жалғастығын көрсететін туын­ды. Мен фильмді пре­мье­ра­сында көрдім. Кинокартина маған ұнады. Оқиғасы шынайы. Қыс­қасы, туынды жас ұрпақтың бойындағы патриоттық сезімді оята алады. Игорь ВОВНЯНКО, кинорежиссер: – Бұл осы тектес бұрынғы фильмдердің жалғасы. Бәрінде де қа­зақ киносының айтулы тұлғасы Асан­әлі Әшімов ойнайды. Фильм түсіру тобының кәсіби шеберлігін көрсетті, Қазақстан мен Ресей актерлерінің бірлескен шығарма­шы­лық іс-қимылын танытты. Фильм детектив жанрында орындалған, осы заманғы кино тілі мен жаңа тех­но­ло­гия жақсы пайдаланылған. Менің ойымша, кинокартина кеңес­тік жүйе­де болған елдердің кине­ма­тография саласында айрықша орын алады. Себебі, фильмнің оқиға желісі олардың бәріне де жақсы таныс. Жанат Қасым, Еуразия ұлттық университетінің студенті: – Кинокартина маған ұна­ды. “Қазақфильм” осындай фильм түсіреді деп ойламаппын. Жұрт жаппай көретін “боевик­терден” бір де кем емес. Қызы­ғып, бас алмай отырып көрдім. Менің қатарымның бәріне де ұнайды деп ойлаймын. Серік АМАНОВ, құқық қорғау қызметкері: – Кейінгі кезде құқық қор­ғау қызметі туралы фильмдер қаптап кетті. Олардың көпші­лігінде сақшылардың дәрмен­сіздігі немесе біздің арамыздағы кейбір келеңсіз оқиғаларды көр­сету белең алып барады. Бүгінгі фильмде бәрі де өмірдегідей боя­масыз. Қазақстандық киногер­лердің осындай тағылымды фильм жасай алғаны қуантады. Менің әріптестерімнің еңбегі шынайы көрсетілгені ұнады. Әлімбек НҰРМАХАН.