Театр • 04 Мамыр, 2018

Таразда «Беу, қыздар-ай!» комедиясы сахналанды

96 реткөрсетілді

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Алматыдағы М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында қойылған Қанабек Байсейітов пен Қуандық Шаңғытбаевтың «Беу, қыздар-ай!» туындысы қазақ комедияларының ішінде классикалық деңгейге жеткен шығарма. Әкемтеатр артистерінің көпшілігінің бұл шығармадан соң жұлдызы жанып, шабытының шарықтағаны да белгілі. Әдемі әзілмен өріліп, жастар арасындағы махаббатты бейнелейтін комедияның көркемдігі мен шынайылығы күні бүгінге дейін маңызын жойған жоқ.

Жамбыл облыстық қазақ драма театрында «Беу, қыздар-ай!» комедиясының тұсаукесер қойылымы болды. Әуелден әдемі әзілмен басталып, әсем әнмен әдіптелген спектакль ақын жігіт Әубәкір (Мәмбет Қожалиев), суретші жігіт Сұлтан (Жандар Қырықбаев) және магистрант жігіт Хасеннің (Абзал Дәулетбақов) өзара әңгімелесуімен басталады. Өнерлі үш жігіт те өмірлік жар іздеген жандар. Бірі ақындық, бірі суретшілік, енді бірі ғылым жолына түскен жігіттердің өмірін өзгертіп, көңілін көркем күйге бөлеген Айсұлу  есімді бейтаныс қыз. Көктөбе колхозында сауыншы болып істейтін Айсұлудың суреті газетке басылады. Әдемі қыздың суретін көрген бойда есі кеткен үш жігіт бір-біріне айтпай Алматыдан Айсұлды іздеп Көктөбеге аттанады.

Әрине арман асқақ, үміт зор. Үш жігіттің де аңсағаны айдай сұлу Айсұлу. Ал ауылдағы сауыншы болып істейтін Айсұлу (Альмира Ділдә), Күнсұлу (Жадыра Құлтаева), Жансұлу (Индира Мұстафаева) және Нұрсұлу (Ризат Қылышбаева) бейнелері де тартымды шыққан. Бірақ қаладан келген үш жігітті байқаған ауылдағы шаруашылық бастығы (Әбу Шоңбаев) пен полиция қызметкері (Анар Алтыбаева) бір қулық қолданып, оларды Айсұлумен емес, Күнсұлу, Жансұлу, Нұрсұлулармен таныстырады. Әрине, олар да «бұйрық» бойынша жігіттермен Айсұлу болып танысады. Ақыры Айсұлу атына иланған үш жігіт үш сауыншы қызбен көңіл жарастырады. Ал Айсұлу өзінің сүйген жігіті Серкемен (Бексұлтан Әлекешов) тағдыр қосады.

«Беу, қыздар-ай!» комедиясы өткен ғасырда жазылған шығарма. Алайда бұл қойылымның ерекшелігі – қойылымда бүгінгі заманның басты оқиғаларының көрініс беруі. Қойылымның қоюшы-режиссері Рүстем Жаныамановтың режиссерлік шешімі негізінде оқиға барысында бүгінде елімізде бастау алған «Дипломмен ауылға» бағдарламасы көрініс береді. Сондай-ақ, режиссердің шешімі мен актерлардың шеберлігі үндесіп, бүгінде жұмысбастылықпен тұрмыс құрмай жүрген қыздардың жайын да әдемі әрі астарлы әзілмен көрсетіп берді. Ал комедияның суретшісі – Жамбыл облыстық қазақ драма театрының бас суретшісі Рахат Сапаралиеваның еңбегі сахнаның өн бойынан көрініп тұрды.

Хамит Есаман,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы 

 

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Әлем қартая бастады

Әлем • Бүгін, 15:36

Енді ет бағытындағы құс өсіреді

Аймақтар • Бүгін, 15:32

Бокс: Ерәлиев ұтылып қалды

Спорт • Бүгін, 15:21

Ұқсас жаңалықтар