Жуырда Астана қаласындағы №67 гимназияда мектеп кітапханашыларының ұйымдастыруымен Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына арналған бір тамаша кеш болып өтті. Оған Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті филология факультетінің қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының бір топ ғалымдары арнайы шақырылды.
Кештің тақырыбы «Мемлекет тәуелсіздігі – қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған арманы» деп аталғандықтан, бұл басқосуда Қазақстан Тәуелсіздігінің тарихи тағылымдары туралы кафедра меңгерушісі филология ғылымдарының докторы, профессор Б.Ерденбеков мектеп оқушыларына тамаша әңгіменің желісін тарқатты. Ол сөзінде осыдан 20 жыл бұрынғы Қазақ елінің жай-күйі мен бүгінгі көркейген Қазақстанның әлемдік аренадағы алатын орны және Тәуелсіздік атты тәңір сыйының қасиеті жайлы тереңнен мағлұмат берді.
Кеш екі бөлімнен тұрды. Оның алғашқы бөлімінде тәуелсіздік жолындағы Қазақ мемлекетінің бастан кешкен сан-алуан қасіреттері жайлы түсірілген слайд көрсетілді. Тарихи оқиғалардың желісіне кітапханашы Ф.Бердібай қысқаша түсінік беріп отырды. Кешегі ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама, 1931-32 жылдардағы ашаршылық, қазақ зиялыларының басына қара түнек орнатқан қызыл қырғын мен 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы оқушыларға үлкен ой салды.
Ал кітапхана меңгерушісі Ә.Сейсенбина кештің екінші бөлімінде мектеп оқушылары мен ғалымдар арасында сыр-сұхбат ұйымдастырып, кештің әсерлілігін арттырды. Бұл кеште тек ғалымдар ғана емес, 9-10-11- сыныптардың оқушылары да өз ойларын ортаға салып, «Тәуелсіздік бізге не берді?» деген сауал төңірегіндегі өз тұжырымдарымен бөлісті.
Филология ғылымдарының докторы, профессор Р.Тұрысбектің тарих тұжырымдарымен байланыстырыла айтылған сыр-сұхбаты бүгінгі мектеп партасындағы оқушыларымыздың ұлт рухын бағалап, патриоттық сезімдерін оятуға ықпал етті деуге әбден болады. Осы ойдың сабақтастығы мұнан әрі сөз кезегін алған ғалымдар А.Әбдіразаққызы мен Г. Ержанқызының өрнекті де өзекті әңгімелерінде жалғасып жатты.
Бір сөзбен айтқанда, бұл кештің гимназия оқушылары үшін пайдасы зор болды. Кездесуге ата-аналардың өкілдері де шақырылды. Ал, осы гимназияда жұмыс жасап жүрген Тәуелсіздіктің құрдастары Д.Арынғазина мен Г.Пазылова сияқты жас мамандарға бұл кеште ерекше құрмет көрсетілді. Кешке қатысушылар кітапханаға қойылған «Келбетіңе ризамын, Туған Елім!» атты кітап көрмесімен танысты.
9-сынып оқушылары Феруза Маркс пен Индира Ыдырыс кеш қонақтарының құрметіне «Тәуелсіз Қазақстан» атты әндерін тарту етті. Соңынан гимназияның директоры Г.Садықова кеш қонақтарына ризалық сезімін білдіріп, ескерткіш сыйлықтар ұсынды. Бұл Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған 20 күннің бір күні ғана болатын. Мұндай маңызды кештер әрі қарай жалғаса береді.
Арна ӘБСЕЙІТТЕГІ, № 67 гимназияның 11-сынып оқушысы.