07 Желтоқсан, 2011

Балуанға құрмет

430 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Қазір спорттық сайыстар жиі. Соның бірі жақында Қарағандыда өткен, Жаңаарқа айма­­ғынан алғаш КСРО спорт шебері атанған Танау Нығызбаевты еске алуға арналған еркін күрес турнирі болды. Бұл сайыс әдеттегіден өзгешелеу ұйымдастырылды. Оның бар салмағын бүгінде ортамызда жүрсе жетпістен асар марқұм балуанның ұлдары Мұрат, Жақсылық, бауырлары Айтбек, Әбдуілияс көтерді. Қаладағы зәулім де әсем «Жастар» сарайын жалға алып, жер-жерден жиналған 250 қыранның 12 салмақ дәрежесі бойынша емін-еркін күш сынасуына барынша жағдай жасап, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді ынта­лан­дырып, елеулі жарысқа айналдырды. Бұл кісіні ұрпақтары ұлықтауға лайықты-ақ. Өткен ғасырдың сонау 50-ші жылдары ортасында алыстағы ауылда жеткіншек кезінен күрес өнеріне құштарланып, соған құлай беріліпті. Жеңіл салмақта әуелде облыста, одан республикада алдына жан оздырмай, қала берді кеңестік кеңістіктегі жарыстар төрінен жарқы­рап көрініп алысқа танылған. КСРО команда­сының құрамында Әбілсейіт Айханов, Сағын­жан Аманжоловтармен бірге белдесіп, 53 кг. салмақта бірнеше дүркін жеңімпаз атанған. Жаңаарқа жастарының спортты сүйікті серік етуге жаппай жұмылуы жерлес ағаларының жеңістері әсерінен болған. Содан тамырланған таланттардың талайы Танау балуанды талапта­рына ізашар санайды. Жоғарыда аталған 1996-98 жылдары туған жас­­­­өспірімдер арасындағы турнирге қатысу­шы­лар­­дың шоқтылы шоғырымен ерекшеленді. 29 ки­ло­дағы шынашақтай балғыннан бастап 100 килоға дейінгі кесек тұлғалы балалар кейінгі кезде кенжелеп қалған осынау күрес түрінің жаңғыру, даму үстінде екендігін паш етті. Сайыстың бас төрешісі Балғабай Нұр­ма­нов «Әр өңір командаларының құрамы­на 10-15-тен балауса балуан тартылған мұн­дай жарыс сирек ұшырасады. Еркін кү­рес болашақ шеберлерінің үлкен легі өсіп ке­ле жатыр екен, сол қуантты, деді. Жеңім­паздар мен жүлдегерлер мойындарына Танау Нығызбаевтың бейнесі бедерленген алтын, күміс және қола медальдар ілінді. Жарысты ұйымдастыру комиссиясы­ның төрағасы, Қазақстан Республи­касы­ның мә­де­ниет қызметкері Абылай Шү­лен­баевтың айтуынша, бұл бастама жал­ға­сып, бұдан бы­­­лай қарай республикалық тур­нир болып өтіп тұрады. Осы жарыста көзге түскен балу­андар республикалық біріншілікке қатысады. Айқын НЕСІПБАЙ. Қарағанды.