Медицина • 05 Мамыр, 2018

Мүгедектікті түрлі санатқа бөлу қажет

518 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кеше Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде мүгедек жандардың құқықтарын іске асыру мәселелері бойынша семинар өтті. Халықаралық мүгедектердің құқығын қорғау күні қарсаңында ұйымдастырылған жиынды министр Мәдина Әбілқасымова ашып берді.

Мүгедектікті түрлі санатқа бөлу қажет

1992 жылы 5 мамырда мүмкін­діктері шектеулі адамдар бір мезгілде 17 еуропалық елде мүгедектердің тең құқылы болуын сақтау және физикалық, психикалық немесе сенсорлық шектеулері бар жандарды кемсітушілікке қарсы қозғалыс өткізген болатын. Қозғалыстың негізінен мүмкіндіктері шектеулі жандардың құқығын қорғауға қатысты мәселелерге жаппай қоғам назарын аудару мақсатында өткенін айта кеткен жөн.

Семинар барысында Қазақ­стандағы мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және олардың өмір сапасын жақсарту мәселелері талқыланды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова мүмкіндіктері шектеулі жандардың өмірін жақсартуға қатысты 5 негізгі бағытты атап өтті. «Оларға мүгедектіктің алдын алу, арнайы әлеуметтік қызметтерді ұсынатын пакетті толық қамтамасыз ететін әлеуметтік қызмет көрсету, мү­гедектерге шектеусіз қамтушы ортаны және олардың жұмысқа орналасуын қалыптастыру, сондай-ақ әлеуметтік қызмет көрсетуді оңтайландыру, автоматтандыру мен мүмкіндіктері шектеулі жандардың заңнамаларды жетілдіруге қатысуы жатады», деді  министр. М.Әбілқасымова өз сөзінде жалпы мүгедектерге қызмет көрсетуге бағытталған құрылымдардың орналасқан орындарында арнайы құрылғылар орнатуға, республикалық бюджеттен 2018 жылы 12 млн теңгеден астам қаражат бөлінгендігін атап өтті.

Сонымен қатар жергілікті атқа­рушы органдармен бірге әлеуметтік нысандар мен көліктік инфра­құ­рылымдарды паспорттау және бейім­деу арқылы шектеусіз орта қалып­тастыру бойынша жұмыстар жасалып жатқанына назар аударды. Әсіресе «Қолжетімді орта» жоба­сы аясында қазіргі таңда 32,6 мың ны­саннан 31,4 мың нысан паспорт­талған. Оның ішінде 21 мың нысан бейімделуге жатады.

Жиында айтылғандай, еліміздегі мүгедектер саны 662544 болса, оның 83462-сі балалар. Бүгінде олардың мүгедектігін анықтау тәсілдерін өзгерту мәселесі өзекті болып отыр. М.Әбілқасымованың айтуынша, қазіргі уақытта 16 жасқа дейінгі балалардың барлығы «мүгедек бала» санатына жатқызылады. «16-18 жас аралығында ғана балалардың мүге­дектігі топтарға бөліне бастайды. Ағза жұмысының жағдайына қарап, бала­лардың да мүгедектігін түрлі са­нат­тарға бөлу қажет», деді министр. 

Ал вице-министр Светлана Жақы­пова бұл жайында мүгедек­тік­тің бірінші, екінші және үшінші тобындағы балаларға сәйкес көмек көрсетілетіндігін мәлімдеді. «Мүге­дектіктің де түрлі деңгейі бар. Ауытқушылықпен туған балалар бар, жүре келе мүгедек болғандар бар. Мәселен, церебралды сал ауруы­мен ауыратын балаларға тұрақты күтім қажет, оны анасы көтереді, киіндіреді, алып жүреді. Немесе бала бір көзінен айырылуы мүмкін. Оған протез салынады, ал қалған мүшелері аман-сау, өзі жүріп-тұра алатын баланы өзге мүмкіндігі шектеулі балалармен қатар қоюға болмайды. Сондықтан балалар мүгедектігін түрлі топтарға бөлу қажет»,  деп түсіндірді вице-министр.

Жалпы, соңғы жылдары еліміз мүгедектігі бар жандардың құқығын қамтамасыз ету бойынша жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Атап айтқанда, Астанада мүмкіндігі шектеулі жандарды қоларба немесе протезбен қамтамасыз ету жұмыстары биометриялық деректер көмегімен жүргізілмек. «Қазіргі уақытта мүмкіндігі шектеулі жандар бірнеше ұйымның табалдырығын тоздырып жүр. Медициналық-әлеуметтік сараптамадан өтеді, онда арба немесе протездің қажеттігі туралы шешім шығарылады. Оны алу үшін де тағы бірнеше орынға баруы қажет. Мұндай жүгінулердің санын азайту үшін барлық үдерістер автоматтандырылады», дейді С.Жақыпова. Оның айтуынша, қажетті протезді немесе қоларбаны алу үшін мүмкіндігі шектеулі жан ешқайда бармайды. «Жергілікті орган өзінің мемлекеттік сатып алу рәсімдерін өткізіп, кресло немесе протез жеткізетін мердігерді анықтайды. Арнайы мамандар мүмкіндігі шектеулі жанның үйіне барып, биометриясын (көзінің ішкі тор қабығы, қарашықтарының орналасуы) алады және мүгедектің келісімімен биометрияны арнайы деректер базасына енгізеді. Құрал-жабдық жеткізілгенде де алушының дене сипаты арнайы базадағы биометриямен тексеріледі. Осылайша, қажетті құралды мүмкіндігі шектеулі жанның алғанына көз жеткіземіз»,  деп түсіндірді вице-министр. Бұл тәжірибенің әзірге Астана қаласында жүргізіліп жатқаны белгілі болды. Оны Қазақстанның барлық өңіріне енгізу мәселесі 2020 жылға дейін жоспарланған. 

Сондай-ақ жиында мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін қам­та­масыз ету, өздігінен өмір сүру үйле­рін дамыту мен мүгедектер құқық­тарының конвенциясын іске асыруға қатысты тәуелсіз мониторинг ме­ханизмін қалыптастыру бастамалары айтылды.

Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»