Аймақтар • 05 Мамыр, 2018

Ақтаулық оқушылар фотокөрме өткізді

823 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мамырдың 2-сі мен 4-і аралығында Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебіндегі «Телестудия» үйірмесінің оқушылары «Көктем» атты фотокөрме ұйымдастырды. Олар аталған көрмені №7 Н.Марабаев атындағы мектеп лицейінде және зияткерлік мектепте өткізді. Көрмені оқушылар, ұстаздар, ата-аналар, облыс тұрғындары тамашалады.

Ақтаулық оқушылар фотокөрме өткізді

-Телестудия үйірмесіне 2017 жылдың желтоқсанында «НКОК» компаниясының қайырымдылық бағдарламасы бойынша демеушілік көмек жасалып, студияға қажетті Canon EOS 5D Mark III Body кәсіби фотоаппараты мен камераның еркін қозғалуына мүмкіндік беретін DJI Ronin-M тұрақтандырғыш (стабилизатор) алып берілген болатын. Аталған шара бізге сыйланған техниканың мүмкіндігін және оқушылардың фото түсірудегі қабілеттерін көрсету үшін ұйымдастырылып отыр, дейді үйірме жетекшісі Рысгүл Рамазанова көрме туралы.

Оқушылар көрмеге 22 ерекше сурет қойды. Олар «Мектеп өмірі», «Портрет» және «Көктем» сериясындағы фотолардан тұрды. Үйірме қатысушылары әр фотоның түсірілу тарихы мен өзгеше маңызы бар екенін айтады.

-Фотокөрмеге қойылған суреттердің дені көктем уақытында түсірілген. Біздер мектеп ішіндегі маңызды шараларды фотоға және видеоға түсіріп, арнайы видеорепортаждар дайындаймыз және мектептің медиаархивін қалыптастыруға атсалысамыз. Үйірмедегі достарммен бұл көрмеге жарты жыл дайындалдық. Расын айтқанда, бұл біздің оқу жылындағы атқарған жұмыстарымыздың есебі іспеттес, дейді жас фототілші Диана Маратқызы.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, қазіргі таңда фотоға түсіру құралдарының мүмкіндіктері дамығанмен, барлығы шынайы әдемілікті көрсете алмайды. Сол үшін де балалар фотокөрмені жиірек өткізуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ, заманауи құрылғылардың көмегімен үйірме тәрбиеленушілері 2017 жылдың ақпан айында «Қазақстан балалары шексіз әлемде» атты кинофестивалінен әр түрлі номинация бойынша бес жүлдеге ие болған.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан».

Маңғыстау облысы