Аймақтар • 06 Мамыр, 2018

Қостанайда «Ауыл» партиясы ауыл шаруашылығы техникасы туралы мәжіліс өткізді

416 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Қостанайда «Ауыл» партиясы ауыл шаруашылығы техникасы туралы мәжіліс өткізді

«Ауыл» партиясы ұйытқы болған «Қостанай облысы мысалындағы ауыл шаруашылығы машиналарын жасаудың Қазақстандағы мазмұны» деген тақырыптағы мәжіліске «Ауыл» партиясының төрағасы, Парламент Сенатының депутаты Әли Бектаев, Сенат депутаты, Сенаттағы Аграрлық, табиғат пайдаланыу және селолық аумақтарды дамыту мәселелері жөніндегі комитет төрағасы Жеңіс Нұрғалиев, Инвестиция және даму министрлігінің Өндірістік даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Алмас Батанов, Ауыл шаруашылығы министрлігі ғылыми-технологиялық және техникалық саясат департаментінің директоры Азат Сұлтанов, Ауыл шаруашылығы министрлігі Егін шаруашылығы өнімдерін өндіру және өңдеу департаменті техникалық жабдықтау басқармасының басшысы Бақыт Ілиясов, Қостанайдағы «Агромашхолдинг» машина жасау зауыты директорлар кеңесінің төрағасы Дин Ким, облыстық әкімдік өкілдері – облыс әкімінің орынбасары Сергей Карплюк, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Дархан Әбдікәрімов, облыстағы басқа да ауыл шаруашылығы техникасын өндіру кәсіпорындарының басшылары, ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлер, тағы басқалар қатысты.

Мәжілісте «Ауыл» партиясының төрағасы Әли Бектаев еліміздегі ауыл шаруашылығы техникаларының қазіргі жағдайына шолу жасады. Еліміздегі пайдаланып жүрген барлығы 152 629 трактордың 54 пайызына 17 жылдан асып кеткен, яғни зауыт белгілеген пайдалану мерзімі өткен. Оның 20 пайызы пайдалануға жарамайды. 41 494 комбайнның 57 пайызының мерзімі 17 жылдан асып кеткен, 15 пайызы пайдалануға жарамайды. Жем шөп дайындайтын 66 мыңнан аса техниканың 65 пайызы мерзімінен өткен, оның да 15 пайызы пайдалдануға келмейді. Топырақ өңдейтін 381 мыңнан аса техниканың да пайдалану мерзімі өткені 53 пайызды құрайды, 22 пайызы істен шыққан. Ал Қостанай облысындағы қолда бар барлық 11 721 техниканың мерзімі 17 жылдан асып кеткен. 5 773 техника есептен шығарылса, 4373 техника пайдаланудан қалған.

«Осыдан 20 жыл бұрынғы уақытпен салыстырғанда ауыл шаруашылығы көп ілгері басты дамыды. Алайда ауыл шаруашылығын технкикамен қамтамасыз етуде қолға алынатын, атқарылар шаруа өте көп. Халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсат болғандықтан, әлі-ақ ауылдарда өңдеу зауыттары салынады, автоматтандырылады. Алайда, ауыл шаруашлыығын түгел механизациялауды жақсартпай, цифрландыру ісі толыққанды мүкін болмайды» деді Әли Әбідукерімұлы.

Мәжілісте Сенат депутаты Жеңіс Нұрғалиев, Ауыл шаруашылығы министрлігі егін шаруашылығы өнімдерін өндіру және өңдеу департаменті техникалық жабдықтау басқармасының басшысы Бақыт Ілиясов, Қазақстанның Еңбек Ерлері Сайран Бұқанов пен Борис Князев, тағы басқалар ауыл шаруашлығы техникасын жасау, сатып алу, сервиспен қамтамасыз ету туралы білікті пікірлерін ортаға салды. Өздерінің ұсыныстарын айтты. Пікірлер қорытылып, Үкіметке жеткізілетін болады.

Нәзира Жәрімбет,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай