Қазақстан • 06 Мамыр, 2018

Астанада «Garage» акселерациялық бағдарламасының алғашқы түлектері анықталды

381 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Astana Hub» халықаралық IT-стартаптар технопаркінде #Garage акселерациялық бағдарламасының алғашқы нәтижесі қорытындыланды. Шара барысында стартап-командалардың өз жобалары мен оның нәтижесін таныстыру мақсатында «Demo Day» өтті. Сонымен бірге жобалармен толығырақ танысу үшін көрермендерге арнап стартап-аллея қойылды.

Астанада «Garage» акселерациялық бағдарламасының алғашқы түлектері анықталды

«Біздің түлектеріміз үш ай бойы бағдарламамен арнайы оқытылып, біз оларға кеңсемен қамтамасыз етіп, менторлар тауып, іскерлік байланыс орнатуға мүмкіндік бердік. Біреулері өздеріне инвестиция тартқан болса, кейбіреуері сатылымдарын арттырды. Үш айлық бағдарламаға 13 жоба таңдап алынған болатын, бірақ оның бәрі бірдей соңына дейін жеткен жоқ. Жақсы жобалар бар, басқа стартаптарға арналған бағдарламаларға ауысқандары да бар. Ал жабылған жобаларға келер болсақ, бұл ¬- қалыпты жағдай, себебі практикада 10 стартаптың біреуі ғана табысқа жетіп, әрі қарай жұмыс істеп кетеді», деді «Astana Hub» халықаралық IT-стартаптар технопаркінің басшысы М.Мәдиев. Оның атап өтуінше, іріктеу барысында екі жоба жабылған. Статистика бойынша стартаптың тым болмағанда біреуі табысты болса өте жақсы екен. «Әзірше, бізде екі жоба жабылу туралы шешім қабылдады. Өйткені, олар біздің сарапшылармен жұмыс істеген кезде өздерінің бизнес-модельдерінің келешегі жоқ екенін түсінді», деді ол.

М.Мәдиевтің айтуынша екінші акселерациялық бағдарлама 5 маусымда басталады. Мамыр айының соңына дейін өтінімдер қабылданып, солардың арасыннан мықты жобалар таңдап алынады. Ал «Astana Hub»-тың алғашқы түлектерін әрі қарай қолдау үшін тағы басқа бағдарламалар іске қосылмақ.

#Garage – бұл стартаптарды дамытуға арналған 3 айлық бағдарлама. Мұнда бағдарлама қатысушыларына Экспо аумағынан кеңсе, менторлар, қажетті инфрақұрылым мен құрастырушыларға парт-тайм қарастырылады. Айтқандай, «Astana Hub» халықаралық IT-стартаптар технопаркі "Garage" атты стартап-жобаларды инкубациялауға арналған тегін бағдарламасын биылғы жылдың ақпанында іске қосқан болатын.

Динара БІТІК,

«Егемен Қазақстан»