Президент • 07 Мамыр, 2018

Елбасы: Қарулы Күштеріміз халқымыздың сенімді тірегі, мемлекеттің берік қалқаны (ВИДЕО)

546 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Президент, Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев Жамбыл облысындағы «Отар» 40-шы әскери базасында өткен әскери парадқа қатысты. 

Елбасы: Қарулы Күштеріміз халқымыздың сенімді тірегі, мемлекеттің берік қалқаны (ВИДЕО)

скриншот

«Қымбатты қазақстандықтар, сардарлар мен сарбаздар! Қадірлі ардагерлер! Баршаңызды Отан қорғаушы күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Баһадүр бабалар Ұлы Даламызды ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап, бізге аманат етіп қалдырды. «Ұранды елдің ұрпағы айбарлы келеді» деген  дана халқымыз. Бүгінгі айбынды армиямыз үшін елдің тыныштығын сақтап, Тәуелсіздіктің қорғаны болу мәртебелі зор міндет. Жаужүрек жауынгерлердің көтеретін жүгі ауыр. Бірақ ол абыройлы борыш, қастерлі парыз. Қарулы Күштеріміз халқымыздың сенімді тірегі, мемлекеттің берік қалқаны», деді Мемлекет басшысы әскери парадтың ашылу рәсімінде.

Барша қазақстандықты Отан қорғаушы күнімен құттықтаған Елбасы әр сарбаз Отан қорғаушы ретінде өзінің ел алдындағы ерекше жауынгершілігін сезінуі тиіс екенін айтты.

«Жауынгерлік ту – туған жерге адалдықтың, ерлік пен батылдықтың нышаны болып табылады. Қасиетті байрақ рухы биік, ержүрек сарбаздарды әрдайым жеңіске жетелейді. Бауыржан Момышұлының «Батырлық өскен ортаға, көрген тәрбиеге байланысты қалыптасады», деген сөзі бар. Азаматтарымызды отансүйгіштікке тәрбиелеу  ісінде әскери дәстүр маңызды рөл атқарады. Әр сарбаз Отан қорғаушы ретінде өзінің ел алдындағы ерекше жауынгершілігін сезінуі тиіс. Қарулы күштерімізде жігерлі жігіттер қатарын аяулы аруларымыз да әскери қызметті абыроймен атқарып келеді. сондықтан бүгінгі мереке ер азаматтармен қатар сап түзеген қайсар қыздарымызға да ортақ. Мемлекет Отан қорғаушыларға ерекше қамқорлық көрсетіп келеді, көрсете береді. Өткен жылы әскери қызметкерлердің жалақысы 25 пайызға артты. Әскерилерді тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі шешімін өз ретімен тауып жатыр. Мұның бәрі қарулы күш сарбаздарының ар-намысымен, айбынын арттыруға жол ашады. Сондықтан мен сіздерді әскери атқа адал болады деп сенемін», деді Президент.