Кездесуге Ақтөбе қаласынан арнайы келген батырдың туыс інісі Тыныштық Сұлтанұлы Жұмағалидың майданға қалай тап болып, қалай ерлік көрсеткені туралы айтып өтсе, Жұмағалидың ағасы Қуанғалидың қызы Мақпал оның балалық, жастық шағы туралы, ал рулас ағайыны, журналист Қосаман Жайлы 2017 жылы мамыр айында Совет Одағының батыры Ж.Қалдықараевтың ерлікпен қаза тауып, жерленген жеріне зияраттау мақсатында ұйымдастырылған сапар Маңғыстау – Мозырь автокеруені туралы айтып берді және сол сапарда түсірілген фотосуреттерді кешен мұражайына тарту етті.Солармен бірге автокеруенге қатысқан кәсіпорын ардагері, «Мәдениет саласының үздігі» Д.Аралбаев мен аудандық қорғаныс істері бөлімі басшысының орынбасары Қайрат Мыңбаев сөйлеп өтіп, кешен қызметкерлеріне батырларды еске сақтау және де басқа түрлі патриоттық шараларды үнемі ұйымдастыратындары үшін алғыс айтып, қатысушыларды Отан қорғаушылар күні және Ұлы Жеңіс күні мерекелерімен құттықтады.
Шара соңында батырдың туыс інісі Тыныштық Сұлтанұлы Беларуссияның Мозырь қаласындағы бауырластар зиратындағы Жұмағалидың жерленген жерінен алынған бір уыс топырақты болашақта кешенде ашылатын «Батырлар алаңына» орналастыру үшін кешен қызметкерлеріне тапсырды. Атаулы шарада Е.Айшуақұлы атындағы орта мектеп оқушылары Шаңдыбай Жарқыл, Дінасыл Айдын, Алтынбек Аяулым және қатысушыларға Қазақстан композиторларының патриоттық әндерін орындап беріп, көпшіліктің алғысын алды.
Жомарт АЙДАРБЕК,
Маңғыстау облысы