10 Мамыр, 2018

1418 күн мен түн

993 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ұлы Отан соғысы туралы мәліметтер де, деректер де өте көп. Солардың бірі – соғыс жылдарында Кеңес армиясының қатарына 1 миллион 800 мыңға жуық қазақстандықтың шақырылғандығы, ал ең қиыны майдан даласынан сол жауынгерлердің 600 мыңға жуығы туған жеріне қайтып оралмай, сұрапыл соғыста Отаны үшін құрбан болғандығы.

1418 күн мен түн

Бүкіл қазақстандықтар кеше ғана кеңінен атап өткен Ұлы Жеңіс өзге елдер сияқты Қазақстанға да оңайлықпен келе қойған жоқ. Бұл жолда миллиондаған адам опат болды, қалалар мен елді мекендер қирады, мыңдаған ана жесір, мыңдаған бала жетім қалды. Майдандағы ержүрек жауынгерлер ерліктің, өрліктің неше түрлі үлгісін көрсетті. Тылдағы қариялар мен қыз-келіншектер күндіз-түні жұмыс істеді. Соның нәтижесінде Гитлер бастаған неміс фашистерінің ой-жоспары іске аспады, күл-талқаны шықты.

Ұлы Жеңісті жақындатуға Қазақстан халқы ерекше үлес қосқанын атап өткен жөн. Қолда бар мәліметтерге қарағанда, соғыс жылдарында Қазақстаннан 12 атқыштар дивизиясы, төрт ұлттық атты әскер дивизия­сы, екі атқыштар бригадасы жасақталып, майданға жіберілген екен. Бұлардан бөлек елу полк пен батальон біріктіріліп, бірден ұрыс даласына аттандырылыпты. Фашистер КСРО-ның батыс аймақтарын басып алғаннан кейін Қазақстан мен Сібірдің Кеңес Одағындағы экономикалық маңызы күрт артқаны тарихтан белгілі. Себебі өндірістік және өнеркәсіптік өндіріс орындарын жау қолына бермеу үшін соғыстың алғашқы айларында-ақ сол кәсіпорындар тылға көшіріле бастады.

Ал Қазақстан аумағына қысқа мерзім ішінде 142 кәсіпорын және олардың 533 мыңға жуық жұмысшысы көшірілген екен. Сондай-ақ жаңа өнеркәсіп нысандарын салу жұмыстары да жеделдетілді. Соғыстың алғашқы жылдарында елімізде 25 кен орны мен шахта, 11 кен байыту фабрикасы, 19 жаңа көмір шахтасы және басқа да өнеркәсіп орындары ашылып, іске қосылғаны соған нақты дәлел.

Назар аударатын тағы бір мәселе – соғысқа, оның ішінде ұрыс техникаларына аса қажет құнды металдардың басым бөлігі қазақ даласында өндірілгендігі. Мысалы, от-жалын өршіген соғыс кезінде еліміз жалпыодақтың мыс құймасының 30 пайы­зын, марганец кенінің 60 пайызын, мыс кенінің 50 пайызын, металл висмуттың 65 пайызын, мырыштың 85 пайызын өндіріпті. Сонымен бірге қорғаныс өнеркәсібіне қажетті мыстың үштен бірі біздің елімізде өндірілген. Сондықтан да соғыс жылдары әрбір он оқтың жетеуі Қазақстанда құйылған деп айтуға құқымыз бар.

Жеңіске еліміздің ауыл шаруашылығы да зор үлес қосты. Таратып айтқанда, ауыл еңбеккерлері 30,8 миллион пұт астық, 14,4 миллион пұт картоп пен көкөніс, 15,8 миллион пұт ет және басқа да өнімдер жөнелтті. Бұл соғысқа дейінгі бес жылдағы көрсеткіштен бірнеше есе көп екен... Сол жылдары еліміздегі кәсіпорындардың басым бөлігі қорғаныс саласына қажетті өнімдер шығаруға кірісті. Ал оларда негізінен қарттар, әйелдер мен жасөспірімдер еңбек етті. Осы соғыс кезінде Қазақ даласына мыңдаған түрлі ұлт өкілдері – немістер мен поляктар, балқарлар мен чешендер, қарашайлар мен ингуштар амалсыз қоныс аударуға мәжбүр болды. Бүгінде елімізде солардың ұрпақтары бір-бірімен ынтымақ пен бірлікте өмір сүріп келеді.

Жалпы, Қазақстаннан аттанған жауынгерлер майданда, жан беріп, жан алысқан шайқастарда, әуе кеңістігіндегі «қас-қағым» сәттерде ерекше батылдық танытқаны тарихтан белгілі. Солардың ішінде 500-ден астам қазақстандық Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Олардың 100-ден астамы қазақ азаматтары. Сондай-ақ қазақстандық 120 жауынгер «Даңқ» орденінің толық кавалері атанды.

Майданда жанқиярлық ерлік көрсеткені үшін Талғат Бигелдиновке, Леонид Бедаға, Иван Павловқа және Сергей Луганскийге екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Ал шығыстың қос шынары атанған Кеңес Одағының батырлары Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұлованың ерлік істері қазақ қыздарына ғана емес, бүкіл мұсылман қыздарына үлгі-өнеге болады. Мұндай жоғары атақпен кейін, яғни 1990 жылы даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы да наградталған еді. Награданы Елбасы Н.Ә.Назарбаев Б.Момышұлының ұлы Бақытжанға өз қолымен тапсырған болатын.

Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткендері үшін Кеңес Одағының Батыры атағын 11 600 адам алған екен. Оның 500-ден астамы қазақстандық жауынгерлер. Сұрапыл соғыс жылдарында ерекше ерлігімен майдандастары арасында көзге түскенімен, ерлік істері Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін бағаланғандар да жетерлік. Бақтыораз Бейсекбаевқа, Хиуаз Доспановаға, Рақымжан Қошқарбаевқа, Мөрдін Тайыповқа «Халық қаһарманы» атағы берілді.

Әр жылдары мемлекет тарапынан со­ғыс және тыл ардагерлеріне қамқорлық көр­сетіліп келеді. Майдан даласында қаза тапқандардың да ерлік істері ұмыт қалып жатқан жоқ. Ол ешқашан ұмытылмақ емес. Өйткені олар кеудесін оқ пен отқа төсеп, ел мен жерді басқыншы жаудан азат етті.

Әлисұлтан  ҚҰЛАНБАЙ,

«Егемен Қазақстан»