Көлдің суын шаруашылық, тұрмыстық мақсаттарда үздіксіз пайдалану үшін сонау 1937 жылдан бастап ауқымды гидроинженерлік нысандар салынған. Осынау су құрылыстары мен бөгеттер, тармақталған су құбыры желілері және сорғы стансалары 2012 жылға дейін бір де бір жаңарту жұмыстары жүргізілмегендіктен, апаттық жағдайға жеткен. Соның салдарынан Шалқар көлі айдынының отыз пайыздан астамын су өсімдіктері басып кеткен, ал көлдің түбінде 1,5 метр тұнба жиналған.
Өткен жылдары көлдің су қоры 25 млн текше метрді құраса, бүгінгі күні 6-7 млн текше метрден аспайтын су қалған. Бір кездері көлдің тереңдігі 15 метрге жетсе, бүгінгі күні су деңгейі 5 метрге дейін төмендеген.
Бұл ахуалды төтенше апат санаймыз. Ақтөбе облысының билік пен құзырлы мемлекеттік органдары мәселені өз тарапынан шешуге тырысып келеді. 2006 жылы жергілікті бюджет есебінен Шалқар көлінің түбін тазарту және гидротехникалық құрылғыларын қайта қалпына келтіру жөнінде екі техникалық-экономикалық негіздеме (ТЭН) жасалып, Қоршаған ортаны қорғау республикалық бағдарламасын жүзеге асыру бойынша іс-шаралар жоспарына енгізілген.
Бірақ айтылған бағдарлама толық қаржыландырылмағандықтан Шалқар көлі жобалары бойынша қаражат бөлінбеген. Осыған байланысты қаражатты жергілікті бюджет есебінен кезең-кезеңмен бөлу туралы шешім қабылданған. 2010-2012 жылдар аралығында көлдің гидротехникалық құрылғыларын қайта құру жұмыстары жүргізіліп, 204,3 млн теңге игерілген.
2011 жылы «Ақтөбе облысы Шалқар ауданындағы Шалқар көлінің түбін тазарту» жобасына түзету жүргізіліп, техникалық-экономикалық негіздеме барлық қажетті келісімдер мен мемлекеттік сараптамадан өткен. Алайда жергілікті бюджеттің мүмкіндігі жеткілікті болмағандықтан, негіздеменің кейбір талаптарын республикалық бюджет есебінен қаржыландыру туралы ұсыныс-талаптар бірнеше рет салалық министрліктерге жолданған. Бүгінгі күнге дейін бұл мәселе шешімін таппай келеді.
Сонымен бірге өткен мерзім уақытында техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеу барысындағы инженерлік-геологиялық зерттеулер ескіргендіктен, зерттеу жұмыстарын қайта жасау қажеттілігі туындады. Сондықтан 2017 жылы жаңадан ТЭН әзірлеуге облыстық бюджеттен 30,5 млн теңге көлемінде қаражат бөлінген. Қазіргі таңда жобаға тиісті мемлекеттік сараптама жасалуда. Жобаның алдын ала құны 3 149,9 млн теңгені құрайды.
Осы су айдынының барлық Арал аймағы үшін қаншалықты маңызды екендігін ескере отырып, біз Премьер-Министр Б.Сағынтаевқа депутаттық сауал жолдап, Шалқар көлінің түбін тазарту жобасын әрі қарай жүзеге асыру мақсатында республикалық деңгейде ықпал етуін сұрадық.
Марат ТАҒЫМОВ,
Сенат депутаты