Театр • 10 Мамыр, 2018

Павлодарда студенттер «Адамжүсіп» пьесасын қойды

39 реткөрсетілді

Облыс орталығындағы  С.Торайғыров атындағы мемлекеттік университеттің студенттік театры бұл қойылымдарын  «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында  Мәшһүр Жүсіптің 160 жылдығына арнады.

«Адамжүсіп» қойылымын» оқу орнының Гуманитарлық-педагогикалық факультеті негізінде құрылған «Мұрагер» шығармашылық студенттік бірлестігі дайындап, ұйымдастырды. Пьесаның авторы – филология ғылымдарының докторы, профессор Айтмұхамбет Тұрышев.

Қойылым Мәшһүр Жүсіптің өмірі мен шығармашылығының қалыптасуын  драмалық көріністер арқылы баяндайтын 7 бөлімнен тұрады.  Тарихшы, әдебиетші ғалымдардың айтуынша,  Мәшһүр Жүсіп  (1858-1931) жас кезінде Бұқарадағы «Көклән» медресесінде оқып, араб, парсы, тілдерін жақсы білген, 5 жасынан бастап ауыл молдасынан білім алады. Қазақ ауыз әдебиеті байлығымен  ерте танысып, халықтық жыр-дастандарды жаттап өседі. Мәшһүр Жүсіп  Самарқанға, Ташкентке, Түркістанға, Бұқараға барады. Араб, парсы тілдерін үйреніп, Шығыстың классикалық әдебиетімен жете танысады.  Абай, Шәкәрімдерше Құран-Кәрім философиясын, Қожа Ахмет Иасауи ілімін терең зерттеген.

Ал, Мәшһүр-Жүсіп туғанда  Ізмұхаммед абыз: – Бұл шырағым жұма күні туды. Атамыз Адам ата жаралған күн. Аты – Адамжүсіп болсын! – депті. 

Пьесаның сахналанауы көрермендердің көңілінен шықты. Тарихшы ғалым Қайрат Батталовтың айтуынша, бұл өнер арқылы жастардың санасына әсер етіп, халқымыздың руханиятын жандандыруға үлес қосу деген сөз. Мәшһүр Жүсіпті жастар оқып, түсініп, зерттей де білулері керек. Филолог Айман Зейнулинаның айтуынша, «Адамжүсіп» пьесасын кәсіби актерлер емес, студенттер сахналағаны рухани жаңалық.

Фарида Бықай

«Егемен Қазақстан»

Павлодар

Суретті түсірген: Руфина Торпищева

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар