Қазақстан • 11 Мамыр, 2018

Жаһандық ауқымдағы шешімдер іздестіріледі

754 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Астана экономикалық форумы аясында әлемге әйгілі сарапшылардың, саясаттанушылардың, дүние жүзінің бизнес элитасының қатысуымен жаһан жұртын алаңдатқан сын-тегеуріндер талқыланады деп күтілуде. Форум базасындағы Global Challenges Summit-2018 экономикалық конгресі аясында қарастырылатын мәселелердің қатарында «Жаһандық стратегия әлемі» тақырыбы бар. 

Жаһандық ауқымдағы шешімдер іздестіріледі

Бүгінгі таңда әлем елдері өз ресурстарын тиімді пайда­ла­нудың жолдарын белсенді түрде іздестіруде. «Экономикалық зерт­теулер институты» АҚ Стра­тегиялық әзірлемелер және экономикалық зерттеулер ор­талығының директоры, экономика ғылымдарының кандидаты Бахытгүл Хамбар айтып өткендей, Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше мемлекеттер қабылдаған 2030 жылға дейінгі тұрақты дамудың күн тәртібі мақұлданған. Осы құжатқа сәйкес барлық мемлекеттер тұрақты экономикалық өсім, әлеуметтік даму және қоршаған ортаны қорғау арқылы ортақ жетістікке жету үшін бірлесіп жұмыс істеуі керектігі айтылған. 

– Тұрақты даму мақсаттары жаһандық деңгейде ғана емес, Қазақстан үшін де өте өзекті мәселе. Сол себепті Астанада өте­тін форум барысында теңізге шы­ғуға мүмкіндігі жоқ дамушы мемлекеттердің жетістікке же­туі мәселелері жеке сессия­да талқыланады. Аталған сессия­ға БҰҰ дамушы елдер бойын­ша жоғары өкіл Фекита­моелоа Утоикаманду қатысады деп күтілуде. Сессия аясында өзара пікір алмасу тең құқылы инклюзивті әлем қа­лып­тастырудың тиімді тетіктерін айқындауға мүмкіндік береді деп санаймын,– дейді Бахытгүл Хамбар.  

Дүние жүзінің жетекші сарапшыларының пайымдауынша, бүгінгі таңда жаһандық экономикадағы проблемаларды белгілі бір ұлттан немесе мемлекеттен әлдеқайда ау­қымды деңгейде, яғни жаһан­дық деңгейде ғана шешуге мүм­кіндік бар. Мұндай сын-тегеу­ріндер бүкіл адамзаттың бірле­сіп әрекет етуін, ортақ күш-жі­герін талап етеді. Осы тектес проб­лемалардың қатарында климат­тың жаһандық жылынуын, рес­урстарды кәдеге жаратуды, ха­лықаралық сауда мен қауіп­сіз­дікті, мемлекетаралық өзара әре­кет­тестікті атап өтуге болады. 

2030 жылға дейінгі аралықта ха­лық­аралық қатынастардың не­гізгі факторы ірі дамушы елдер­дің ұлы держава мәртебесіне ие бо­луы­мен байланысты болуы мүм­кін. Осы уақыт аралығында Қытай және басқа да кейбір дамушы елдер әлемдік саясатты айқындайды. 

Соңғы онжылдықта, халықара­лық сауданың өсу қарқынының айтарлықтай төмендеуі барысында экономикалық ықпалдастық жаңа сипатқа ие болды. Өңірлік ық­палдастық құрылымдарын ірі­лендіру, дүние жүзіндегі көш­бас­шы экономикалардың белсен­ді қатысуымен аса ауқымды өңір­лік сауда келісімдерін құру үде­рісі белең алды. Көшбасшы эконо­ми­калардың арасында өзара мега­се­ріктестік құру, оны одан әрі ұл­ғайта түсу әлемнің жетекші ел­дері­нің экономикалық және сая­си күн тәртібіндегі маңызды ба­ғыт­тардың біріне айналды.

Қазіргі жағдай біраз өзгерді. Бүгінгі таңда қандай да бір мемлекеттің гүлденуі, жаһандық экономикадағы оның рөлі мен ор­ны белгілі бір дәрежеде ұлттық мүд­­делерін қорғай отырып, инте­гра­­ция­лық бірлестіктерде тиімді жұ­мыс істеу қабілетіне байланыс­ты болмақ. Капиталдың алмасуы мен еркін сауда арнасын кеңейтуде айтарлықтай алға басу байқалады. Алайда нақты жаһандану ауқымы, атап айтқанда, әртүрлі ұлттық және аймақтық нарықтардың ор­тақ әлемдік ағзаға бірігуі әлі күн­ге дейін өте төмен күйінде қа­лып отыр. Әлемде болып жатқан өз­ге­ріс­тердің көпшілігі өңірлік ин­те­гра­цияның қарқын алуы ғана. 

Халықаралық экономиканың маңызды бөлігі ретінде жоғарыда айтылған үдерістердің біздің елі­міз үшін де өзекті екендігі тү­сі­нік­­ті. Осы трендке ілесу үшін елі­­­­міз­де бірқатар жұмыстар қол­­­­ға алы­нып жатқанын айта кету керек. Мем­лекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақ­стан­­­ның үшінші жаңғыруы: жаһан­­­дық бәсекеге қабілеттілік» атты Жол­дауын жүзеге асыру мақ­­сатында өңделген өнеркәсіп өнім­дерін экс­­порт­тауды күшейту үшін Үкі­мет Ұлт­тық экспорт стра­те­гия­­сын бе­­кіт­­ті. Экспортты дамы­­ту тіке­лей мін­деті болатын «KazakhExport» ұлттық компания­сы құрылды, Экспорттық сая­сат кеңе­с­і қалыптасты. Үкімет та­рапы­нан өнеркәсіп өнімдерін шетелге шы­ғарумен айналысатын 400 ком­панияға бас-аяғы 47,6 млрд теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетілді. Яғни, еліміздегі әрбір төртінші экспорттаушы көме­к­пен қамтылды деуге болады.

Осы аталған жұмыстар аз уа­қыт ішінде жемісін бере бастады. Қабылданған іс-шаралар және ын­та­ландырулардың арқасында өткен жылы өңделген өнімдерді экс­порттау үлесі алдыңғы жылмен са­лыстырғанда 32,5%-ға дейін өсті. Бүгінгі таңда Қазақстанның экс­порттау географиясы әлемнің 115 елін қамтиды. Бұл 2025 жылға қарай шикізаттық емес экспортты екі есеге ұлғайтуды көздейтін жос­парға сай келетін көрсеткіш. 

Көлік инфрақұрылымын дамыту ұлттық экономиканы жаһан­дық ортаға біріктірудің маңызды факторы. Осы мақсатта «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдар­ла­масы іске асырылуда. Бүгінгі таң­да 4 мың шақырымнан астам рес­пуб­ликалық маңызы бар авто­жол­дар қайта құрылымдалып, жыл қорытындысы бойынша 600 шақы­рым­дық жаңа бағыттар ашыл­ды. Алашаңқайдан Қазақстан арқы­лы Еуропаға жол тартатын бағыт, «Қорғас» құрлық порты, елдің оң­түстігін Еуропамен байланыс­ты­ра­тын жаңа бағыт бойын­ша те­мір жол салу жобалары іске асырылды. Қазақстан ұзындығы 2700 шақырымдық «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автомобиль жолының құрылысын аяқ­тады. Транзиттік әлеуетті күшейту трансқазақстандық бағыт­тардың тартымдылығын артты­ра­тыны мәлім. Қазақстан мен Қытай­дың тауар­ларын өңдеу 1,2 есеге арт­қаны, яғни 222 мың контей­нер­ге кө­бей­гені осыны көрсетіп отыр. 

«Астана» халықаралық қаржы орталығының әлеуеті тәуелсіз құқықтық жүйесі және жеңілдікті салық режімі бар аймақтық қаржы-инвестициялық хаб ретінде іске қосылмақ. Болашақта «Астана» қаржы орталығы Қазақстанның қаржылық инфрақұрылымының негізі, бүкіл Орталық Азия аймағы­ның қаржы хабына айналуға тиіс. 

Соған қарамастан, ел экономикасына салынып жатқан инвестициялар әлі де болса жеткіліксіз. Бү­гінгі таңда елімізге құйылып жат­қан шетелдік инвестицияның 55-78 %-ы – тікелей өндіруші са­ла­ларға, 19-36%-ы – қаржы, сақ­тан­дыру немесе бөлшек сауда сияқ­ты секторларға, бар болға­ны 2-17%-ы ғана жоғары құны бар салаларға, атап айтқанда, металл өңдеу өнеркәсібіне салынады екен. Бұл теңгерімді өзгерту үшін ұлт­тық инвестициялық стратегия негізінде инвестициялар тарту бағ­дарламасы әзірленген. Атал­ған ст­ратегияның негізгі мақсаты қолай­­лы инвестициялық ахуал қа­лып­­тас­тыру, тиімділікті арт­ты­руға бағ­дарланған инвестиция­лар тарту. 

2017 жылы жаһандық экономикада аздаған өсім байқалғаны белгілі. Қазақстан Президенті жа­нын­­дағы Стратегиялық зерттеу­лер инс­титуты директорының орын­­­ба­сары, саяси ғылымдар док­­торы Санат Көшкімбаевтың сөзі­не қа­р­а­ған­да, халықаралық сарап­­шы­­­лар биыл бұл көрсет­кіш­­­тің көңіл көншітерліктей бол­мауы мүм­к­ін деген болжам жасап отыр. 

– Таяу жылдар әлемдік экономикада ғана емес, әлемдік саясат­та және халықаралық қатынастар­да біршама күрделі болады. Бірқа­тар мемлекеттердің саяси дамуда, шет­­ел­дік әріптестерімен арада қа­ты­­нас орнатуда түрлі сынақ­тарға ұшы­райды. АҚШ-тың сая­си ық­палы, Корей түбегіндегі және Таяу Шығыстағы жағдайлар дүниежүзілік сауданың өсімін те­жеуі мүмкін. Дүниежүзілік эко­но­миканың болашағы негізі­нен екі принципті мәселеге тіре­леді: жаһандық экономиканың Қытай­дың, Үндістанның, Брази­лия­ның, ОАР-дың және басқа да мем­ле­кет­тердің күшейіп келе жатқан рөліне бейімделуі және жаһандық экономикалық басқарудың жаңа жүйесі. Қазақстан 17-19 мамырда өтетін Астана экономикалық форумы арқылы жаһанның тамыр соғысын бақылап отыруға мүдделі, – дейді Санат Көшкімбаев. 

Ғалымның пайымдауын­ша, бү­гінгі таңда адамзат жаһан­­дық экономиканың жаңа техно­ло­гия­лық платформаға өту табал­дырығында тұр. Технологиялық инновациялардың жедел дамуы алдағы 5-7 жыл ішінде инно­ва­ция­­ларды ең басты артықшы­лық­қа айналдырады. Техноло­гия­лық прогрестің нәтижесінде дамы­ған елдердің ұтатыны қазір­дің өзінде айқын байқалып отыр. 

Дамушы елдер мен дамыған е­лдердің арасындағы техноло­гия­лық және цифрлы айырмашылық алдағы уақытта экономика са­ласы­на да ықпалын тигізіп, атал­­ған елдердің экономикалық әлеуе­т­інің алшақтығы одан әрі ұл­ғая түсуі мүмкін. Дамушы елдер­дің ара­сында қайсысы тех­нологиялық жаң­­ғыруды табысты жүзеге асырып, өз өнімін әлемдік нарыққа өткізе алса, сол ел көшбасшыға айналады. 

Геосаяси қарама-қайшылық­тар­дың күшеюі, ауқымы жағынан бұрын-соңды болып көрмеген санк­циялық соғыстар да экономика саласына ықпал етуші фак­тор­лардың бірі. 

– Ресей мен Батыстың арасын­дағы текетірес – Қазақстан үшін маңызды дүниежүзілік деңгейдегі проблемалардың бірі. Мұндай жағдайда Қазақстан шешуші ойыншылармен қарым-қатынасындағы тепе-теңдікті сақтауға тиіс. Астана – еуразиялық ықпалдастық бо­йынша Ресейдің одақтасы, Сирия дағдарысының мәмілегері. Сон­дай-ақ Еуроодақпен және АҚШ-пен арадағы қатынастарды бір­тіндеп дамытуға бағытталған бас­қа да бейбітшіл бастамалардың ав­торы. Алдағы уа­қыт­та АҚШ, Ресей, Қытай сынды шешуші басты ойыншыларға қатысты тиімді стратегияны жүзе­ге асыратын уақыт келеді, – дейді Стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары.

Санат Көшкімбаев айтып өт­кендей, дүниежүзілік энерге­ти­калық нарықтағы шешуші аймақ – Таяу Шығыста да соңғы уақытта тұрақсыздық факторлары айтарлықтай өсіп барады. Бірнеше жылға созылған, әлі де жалғасып жатқан Сирия дағ­дарысы әлемдік және аймақтық дер­жавалардың арасындағы тар­тысты уақыт өткен сайын күшей­туде. АҚШ-тың болжап білу қиын­ға соқтыратын стратегиясы Таяу Шығыс аймағындағы ахуалды одан әрі ушықтырып жіберді. Ва­шин­г­тонның Иерусалимді Из­раиль­дің астанасы деп мойындауы Араб елдері мен Израиль ара­сын­дағы тартыстың ушығу қаупін одан сайын күшейтіп жібер­ді. АҚШ-тың Таяу Шығыс­тағы одақ­тастарының басым көпшілігі Ва­шинг­тонның бұл қадамын сынға алды. 

Түркия АҚШ-тың ықпалы­нан алыстай түсуге ниетті, Еуроодақ­пен арадағы қарым-қатынастарын да қайта қарастыруға көшті. Бұл елдің батыстағы одақтастарымен және әріптестерімен байланысына кері әсерін тигізуі әбден мүм­кін. Ғалымның пайымдау­лары­на иек артсақ, таяу екі жыл­да әлем­де және аймақта ма­ңыз­ды са­я­си тұрақ­сыздықтар бай­қалуы мүм­кін, ал іргелес ел­дер­дегі оқи­­ға­лар Қазақ­­станға да әсе­рін ти­гіз­бесіне ке­піл­дік жоқ. Осы­ны ескере оты­рып Қазақ­стан жаһан­­дық ауқым­дағы гео­эко­но­ми­­калық теңсіз­дік­те­рге қарай өзі­нің саясатын қалыптастыруы керек. Бұл сын-тегеуріндерге қар­сы жауаптардың бірі – сын-қатер­лерді алдын ала болжау стратегия­сы. Бітімгерлік бастамалар көтеру, Астананың халықаралық қа­тынастардағы аса маңызды про­­бле­маларды талқылау алаңы ретін­де бел­сен­ділік танытуы осы бағы­тта жасалатын маңызды қадам. Ал Аста­на эко­но­ми­ка­лық форумы те­ңге­рім­­ді ұлт­тық даму стратегия­сын іздеудің маңызды тетігі деуге болады. 

Елорда төрінде өтетін форум­ның басты тақырыптарының бірі – «Ресурстар әлемі». Бүгінгі таң­да тіршілікке қажетті табиғи ресурстар тапшылығы, оларды тиімді пайдалану мәселесі әлемдік қоғамдастықты терең ойлануға мәжбүрлеуде. Жер шарындағы халық саны мен орта таптың үлесі 2030 жылға қарай 3 млрд адамға дейін көбейетінін ескерсек, сұранысты қанағаттандыру үшін азық-түлік өндірісін 50%-ға дейін өсіруге тура келмек. Ал бұл қо­сымша су мен энергия ресурс­тарын талап етеді. Халық­аралық энер­гетикалық агенттік 2030 жыл­ға қарай энергияны тұты­ну көлемі әлемде 40%-ға дейін ұл­ғаяды деп болжамдауда. Са­рап­­шылар бағамдауы бойынша, осы кезеңде су ресурстарының қоры мен тұтыну арасындағы жа­һан­­дық айырмашылық 40%-ға жете­ді, миллиардқа жуық адам су та­п­шылығын бастан кешуі мүм­­кін. Азық-түлік бағасы да екі есеге дейін қымбаттауы ықтимал. Азық-түлікке деген сұраныстың күрт өсуін қанағаттандыру үшін мемлекеттер мен жекелеген ойыншылар агроөнеркәсіптік кешен өнімділігінің елеулі өсуін камтамасыз етуі тиіс, оған биотехнологияларды ендіру, оның ішінде гендік инженерияны дамыту есебінен қол жеткізуге болады. 

Осы орайда фермерлердің жұ­мысты барынша автоматтан­дыруға мүмкіндік беретін түрлі инновациялық шешімдерді қол­дануына негізделген ақылды ауыл шаруашылығы тұжырымдамасы астық өнімділігін арттыру мен шығындарды азайтуға, қаржылық көрсеткіштерді жақсартуға мүм­кіндік береді. BI Intelligence-нің жаңа зерттеулеріне сәйкес IoT (егіншіліктің озық техноло­гия­сы) ауыл шаруашылығын жаңа дең­гейге көтере алады. Эколо­гиялық егіншілік пен робот-техниканы үйлестіру де жаңа мүмкіндіктерге жол ашпақ. 

Бүгіннің өзінде тұтыну ресурс­тары мен қоқыстарды жоюды қамтамасыз ету үшін Жер планетасын 1,6 есе кеңейту керек. Проблеманы шешудің тиімді бір жолы – қайта өңдеу, қоқыстарды жаңа заттар мен нысандарға айналдыру үдерісі. Заттарды қайталап қолдану қажеттігін түсінудің артуына сәйкес қоқыстарды қайта пайдаланудың жаңашыл әдістерін ойлап табу қарқын алды, «жасыл революция» ұғымы пайда болды.

Қазақстан минералды ресурс­тар қоры жағынан әлемдік көш­бас­шылар қатарына кіреді. Елі­міз­дің шикізат базасы әлемде мырыш­тың, вольфрамның, ба­рит­­тің зерттелген қоры бойын­ша – бі­рінші, уран, күміс, қорғасын мен хромит бойынша – екінші, алтыннан – алтын­шы, мұнайдан – он екінші, таби­ғи газ қоры бойынша он төр­тінші орында. Қазақстанның өнер­кәсіптік өндірісінің шикізат­тық құрылымы күні бүгінге дейін ел экономикасының алға басуын қамтамасыз етіп қана қоймай, сонымен бірге жақын болашақта да елдің дамуының сенімді көзі. 

Бүгінде республиканың эконо­ми­калық өсімінің басты негізі шикізат әлеуетін пайдалану болып отыр. Дүниежүзілік банктің дерек­теріне сүйенсек, 2017 жылы Қазақстандағы ІЖӨ-нің нақ­ты өсімі мұнай секторының кеңеюі­мен байланысты. 

Еліміздегі пайдалы қазба бай­лық қорын геологиялық-эко­номи­калық бағалау нәтижесі бойынша экономикалық маңызды­лығы жағынан ең алдыңғылары – көмір, мұнай, мыс, темір, қорғасын, мырыш, хромиттер, алтын, марганец және басқалар. Қазақстанда өндірілген қара және түсті металл рудасы Жапо­ния, Оңтүстік Корея, АҚШ, Канада, Ресей, Қытай мен Еуроодақ елдеріне экспортталатынын айта кетейік.

«Қазақстан-2050» Стратегия­сы­на сәйкес су тапшылығы елі­міз үшін демографиялық дисбаланс, азық-түлік қауіпсіздігі сын­­ды мәселелерден кейінгі сын-тегеуріндердің бірі. Халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін 2011 жылы «Ақ бұлақ» ба­ғдар­ламасы қабылданды. Ол кейінірек Өңірлерді дамыту бағдарламасымен ұштастырылды. 2020 жылға қарай ауылдық елді мекендердің жартысынан астамы жер астының таза суымен қамтамасыз етілуге тиіс. Осы жос­парды жүзеге асырып қосымша 1,9 млрд текше метр суды жинау үшін еліміздің 7 облысында 22 су қоймасын салу жоспарланған. Бұл су қоймалары 160-180 мың гектардан астам суармалы жерді қамтиды деген сөз. 

Су дағдарысынан шығудың тағы бір маңызды факторы транс­шек­аралық суларды орнықты меңгеру болып табылады. Қазақ­стан осы трансшекаралық суларға біршама тәуелді мемлекет, іргелес елдердің осындай су көздерін артық пайдалануы үдеп барады. Суды тұтынудың жыл сайын өсе түсуі тұщы сулы көлдер мен өзен­дердің ластануын және жойылу қаупін де туғызып отыр. Демек, транзиттік өзендерді тиімді пайдалану және олардың экологиялық жағдайы тұрақты түрде назарда ұстауды қажет етеді.

Сөз басында айтып кет­ке­ні­міздей, Global Challenges­Sum­mit-2018 аясында жаһандық қоғамдас­тықты алаңдатқан 11 түрлі тақы­рып бойынша талқы­­лаулар болады. Ондағы басты мақсат – дү­ние­жүзілік сарап­шы­лар қоғам­дастығына, техноло­гиялық элитаға, мемлекеттік басқару өкіл­­деріне, ірі корпора­ция­­лар­дың визионерлері мен көшбас­шы­ла­рына мағыналы жауаптар мен жа­һандық ауқым­дағы шешім­дерді із­дестіруге мүм­кін­дік туғызу. Тал­қы­лаудың негізгі бағыт­тары бо­йын­ша жеке сессия­лар, пікір­талас­тар мен дөңгелек үстелдер өтеді.

Әдеттегідей Астана экономи­калық форумының базасындағы Global Challenges Summit-2018 еуразиялық конгресіне қатысатын халықаралық спикерлер туралы оқырманға аз-кем ақпарат ұсынып отырмыз. 

Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»