Майдан нағыз қызып жатқан 1942 жылдың 12 маусымы. Кеңес Армиясының 4-ші атқыштар дивизиясына қарасты 220-шы атқыштар полкі Украинаның Луганск облысы, Славяносербский ауданы, Хорошее селосы жанына қорғаныс шебін құрады. Фототілші Макс Владимирович те осы маңда міндетін атқарып жүгіріп жүреді. Күн арқан бойы көтерілген тұста полкті шабуылға көтеру туралы жоғарыдан бұйрық келіп, окопта жатқан жауынгерлер дүркірей көтерілген сәтте фототілші де секіріп шептің алдына шығып, бар солдатты ұрандап алға шақырған бір адамды түсіріп үлгереді. Дәл осы мезетте аппаратының тұмсығын оқ жұлып кетеді. Макс бәрі бітті деп ойлайды. Кейін тыныш жерге келіп көрсе, аппарат ішіндегі пленка бүлінбей сақталыпты. Дереу фотоларды шығарып көрсе, бәрі дұп-дұрыс. Әсіресе жау оғының өтінде ұран салып алға ұмтылған мына бір бейне сұмдық. «Бұл кім болды екен?».
Кенет фототілшінің есіне суретті түсіріп үлгерген сәтте бір солдаттың «комбатқа оқ тиді» деп ышқына айғайлағаны түсіп, «е, сол комбаты (батальон командирі) осы адам болды ғой, өйткені фотоға тартып болып қарағанымда оған оқ тиіп құлап бара жатқан-тын» деп ойлайды. Сөйтіп оған «Комбат» деген ат қойып, майдан газеттеріне жариялайды. Фото жарияланған сәттен бастап адамдардың ықыласына бөленеді. Тіпті жауынгерлік хаттар мен сыйлықтардың сыртына символ ретінде бейнеленіп, майданның фотомұрасына айналады.
Бірақ бұл фотодағы адам кім? Арада уақыт өтті. Соғыс аяқталды. Макс Владимирович өз кейіпкерінің кім екенін іздейді. Сұрастыра келе батырдың есімі Алексей Гордеевич Еременко екені анықталады. Алексей Гордеевич 1906 жылы Екатеринослав губерниясына қарасты Терсянка кентінде туған адам екен. 1942 жылы 36 жасында бақилық болған.
А.Еременко батальон командирі емес, қатардағы кіші саяси қызметкер екен. Оның қайтыс болғаны туралы деректе «1942 жылы 12 маусым күні Украинаның Луганск облысы Славяносербский ауданы Хорошее селосы маңында оқ тиіп өліп, осындағы бауырластар зиратына жерленгені» жайлы нақты мәлімет бар екен. Бұл Альперттің фото түсірген нүктесі.
Одан кейін фотодағы адам өзінің әкесі екенін Иван Алексеевич Еременко таныған. Соның өзінде фотоқұжатқа ғылыми сараптама жасалып, жоғарыдағы нұсқа толық дәлелденген.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»