Тарих • 11 Мамыр, 2018

Түрколог ғалымдар Есім хан ордасының орнында зерттеу жүргізбек

784 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі бастаған ғалымдар тобымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Түрколог ғалымдармен кеңесу барысында тізімге енбей, ескерусіз қалған тарихи орындарға археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу жайы сөз болды. Өз кезегінде Дархан Қыдырәлі Төле би ауданындағы Есім ханның ордасы болған тарихи маңызы бар жерді мемлекеттік деңгейде қорғауға алып, археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізуді ұсынды. Мұны қолдаған аймақ басшысы, ғалымдар тобын тартып аталған нысанға зерттеу жұмыстарын жүргізуге бастамашы болатынын айтты.

Басқосуда Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында айтылған міндеттерді іске асыру жайы талқыланды. Жиын барысында өңір басшысы ғалымдарды облыс аумағындағы маңызды тарихи нысандар туралы мағлұмат жинастырып, арнайы сериямен кітап шығаруға атсалысуға шақырды.

«Өздеріңіз білесіздер, оңтүстік өңірі тарихқа бай өлке. Әлі де зерттеуді қажет ететін дүниелер, зерттелгенінен көп. Сондықтан осыған мән беруіміз керек. Облыстағы барша тарихи және мәдени жерлердің тізімін жасап, олар туралы мәліметтерді жинақтап, кітаптар сериясын шығаруды жандандыру керек деп ойлаймын. Міне, осы істі қарқынмен атқаруға шақырамын», - деді Жансейіт Түймебаев.

Сондай-ақ, атақты түркологтардың басын қосатын келелі кеңестің бірін Оңтүстікте ұйымдастыру мәселесі де қозғалды.