07 Желтоқсан, 2011

Егемендік айнасы

307 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада Астана қаласының Мұрағаттар және құжаттамалар басқарма­сы­ның ұйымдастыруымен Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына орай кәсіби фотосуретші Шүкір Шахайдың «Егемендік айнасы» атты фотоальбомының тұсаукесері болып өтті. Сурет – заман мен қоғамның, адам мен уақыттың көз­ге көріне бермейтін сыйқырлы байланысына қанат бітіретін, жүректерге қапысыз жол табатын ғажайып өнер десек, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрлан Оразалиннің алғысөзінде жазылғандай, маңызы мен мәні зор тарихи суреттерден тұратын қалың кітап жиырма жыл ішіндегі ел өмірінің айнасы іспетті. Альбомдық сипатта жасалып, полиграфиялық әсем үлгіде безендірілген сурет-жәдігерлер – ұлт, ұрпақ жадын қайыра қозғап, өт­кен күндер тасасынан ел шежіресіне тіл бітірері хақ. Ел­басының туған елінің алдында ант беріп тұрған сәті, жұрты­ның тәуелсіздік дейтін киелі де қасиетті ұғымды көкірегіне тұмар қып түюінің алуан-алуан көріністері, егемен ел өмірінің жеңісі мен жемісін қатар елестетер хронологиялық үлгідегі замана белестерін елестететін шежіре көріністер ешкімді де бей-жай қалдырмасы анық. Шебер түсірілген өрнекті суреттер әрі көркем, әрі шы­найы. Бір сәт өткенге оралтып, ойыңның өрісін ке­ңей­теді, танымыңды қалыптастырып, тәліміңді те­рең­детеді. Бір кездегі заман тынысының қадау-қадау өз­геріс­тері мен ай­рық­ша кезеңдерін тап басып саралауға, талдауға көмектеседі. Иә, фотоальбомнан біз тәуелсіз Қазақстанның соңғы жиырма жыл аралығындағы Алматы мен Астана арасын жалғап жатқан елдіктің, ерліктің шежіресін көреміз. Уақыт тынысын аңғартар сурет-жәдігерлер еліміздің ерлікке, еңбекке толы өткені мен бүгінгі толыққанды кескінін елестетеді. Яғни, Қазақстандағы тәуелсіздік дәуірі алып келген оң өзгерістерге ден қойғысы келетін кез келген адамның айтулы кітаптан табар олжасы да, алар ғибраты да мол. Фотоальбомның тұсаукесер рәсімінде Қажахмет Балахметов, Тоқтар Әубәкіров, Жандарбек Мәлібекұлы, Бақыт Сыздықова, Тілеген Садықов, Серік Камалұлы сияқты қоғам қайраткерлері кітаптың мән-маңызына тоқталып, фотосуретшіге алдағы уақыттарда да өнер­дің өрелі биігінен көріне беруіне тілектестік білдірді. Берік САДЫР.