Әлем • 14 Мамыр, 2018

Басқа басылымдардан: Cambridge Analytica жабылады

240 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Басқа басылымдардан: Cambridge Analytica жабылады

Cambridge Analytica жабылады

Facebook қолданушыларының деректерін өз мақсаттарында пайдаланды деп айыпталған атышулы Cambridge Analytica компаниясы жабылатыны жөнінде мәлімдеме жасады.

Компания өкілдері ешқандай заңға қайшы әрекет етпегенін, алайда медиада тараған жағымсыз ақпараттар өздерінің қызметіне кері әсерін тигізгенін айтып отыр.

«Cambridge Analytica өзінің қыз­меткерлері этикаға және заңға сай әре­кет еткеніне сенімді болғанына қара­мастан, бұқаралық ақпарат құрал­дарындағы жаңалықтар тұтынушылар мен қолданушыларды қызметімізден бас тартуына әкеп соқтырды. Нәти­жесінде, кәсібімізді жалғастыру мүмкін болмай, компанияны жабуға тура келіп тұр», делінген компанияның жариялаған мәлімдемесінде.

Естеріңізде болса, the Observer басылымы Cambridge Analytica-ның 50 миллионнан астам америкалық пен миллионға жуық британиялықтың фейсбуктегі жеке деректерін жинап, оларды сатқаны жөнінде ақпарат таратқан болатын.

Батыс медиасы таратқан ақпа­рат­тарға сүйенсек, Cambridge Analytica-ның деректері бірқатар маңызды шаралар кезінде қолданылған көрінеді. Мәселен, АҚШ президентіне дауыс беру кезінде Д.Трамптың сайлау науқанын жүргізгендер компанияның көмегіне жүгінген деген ақпарат тарады. Сонымен қатар «Брексит» кезінде де Cambridge Analytica деректері әсер еткен деген күдік бар.

Cambridge Analytica фейсбук қолданушыларының жеке деректерін түрлі сауалнамалар жүргізу арқылы жинаған. Осындай сауалнамаларға қатысқан қолданушылар байқамастан компанияға бүкіл ақпаратын жинауға рұқсат беріп отырған.

Осы оқиғадан кейін Facebook компаниясы әлеуметтік желідегі бүкіл бағдарламаларды қайта тексеріп, олардың жеке деректерді жинауына тыйым салатынын мәлімдеді. Кейіннен Марк Цукерберг АҚШ сенаты алдында есеп беріп, мәселенің ақ-қарасын түсіндіріп берді.

Иран жаңа келіссөздерге қарсы

Иранның сыртқы істер министрі Мохаммад Зариф ядролық қару жөніндегі жаңа келіссөздер жүргізуге қарсы екенін мәлімдеді.

АҚШ президенті Дональд Трамп 2015 жылы ядролық державалар мен Иран арасындағы келісімді қайта қа­рау қажеттігін айтқан болатын. Ақ үй бас­шысы еуропалық әріптестері өзінің айтқанына көнбесе, шара қабылдай­тынын жеткізген-тұғын.

Ұлыбритания, Франция және Германия келісімнің өз күшінде қалуын қолдап отыр. Алайда 2025 жылы, яғни келісім мерзімі аяқталғаннан кейін Иран ядролық қару бағдарламасын қалай жүргізетініне алаңдаулы. Сон­дықтан «қарт құрлықтың» өкілдері Иран­мен бір үстел басы-
на қайта отыруға ниет білдіріп отыр.

Өз кезегінде Иран тарапы қайта келіссөздер жүргізуге қарсы. Ел прези­дентінің аға кеңесшісі Али Акбар Велаяати «еуропалық державалар келісімді өзгертуге талпынса, бізге одан бас тартудан басқа амал қалмайды» деп мәлімдеді.

Айта кету керек, Иран мен ядро­лық державалар арасындағы келісім 2015 жылы қабылданған болатын. Еуропалық мемлекеттер бұл құжат­тың Таяу Шығыстағы жағдайды тұрақ­тандыруда маңызы зор деп есептейді. Келісімге сәйкес, Иран тарапы уранды дамыту бағдарламасын тоқтата тұруға және ядролық қаруды игеруге талпынбауға тиіс.

Құжатқа АҚШ-ты Барак Обама бас­қарып тұрғанда қол қойылған болатын. Алайда Д.Трамп оны қолдамайтынын бірнеше мәрте жеткізген-ді. 

Шолуды дайындаған Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»