07 Желтоқсан, 2011

Мерекелік медальдар тапсырылды

328 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Кеше Алматы қаласының әкімі Ахметжан  Есімов Мемлекет бас­шысы Н.Назарбаевтың Жарлығымен  марапатталған еліміздің бір топ мемлекет қайраткерлеріне, Алматы қаласының құрметті аза­маттарына, мәдениет және өнер өкілдеріне «Қазақстан Рес­публикасы Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалін  табыс етті. – Осыдан  жиырма жыл бұрын біздің қаламызда   Қазақстанның тәу­елсіздігі жарияланып, еліміздің тұңғыш   Президентін  ұлықтаған инау­гурация өтіп, заңдар, халық­ара­лық құжаттар, келісімдер   қа­был­данғаны баршаға мәлім, – деді жиынды ашқан  қалабасы Ахметжан Смағұлұлы. –  Елбасымыз қа­шанда Алматыны «Тәуелсіздігі­міз­дің алтын бесігі» деп әспеттеп, құрметтейді. Оның үстіне, бүгінде Алматының еліміз өміріндегі қай салада болсын орны ерекше. Сон­дықтан  Елбасымыз кеңес дәуірі кезінде елеулі еңбек жасаған үлкен ағаларымыздан бастап, өздеріне тиесілі  қызметтерін абыроймен ат­қа­рып жатқан кейінгі буын өкіл­де­рін   мерекелік медальмен марапаттап отыр. Оған ие болғандар арасында   Шота Уәлиханов, Эрик Гукасов, Асқар Құлыбаев, Бибігүл Төле­ге­но­ва, Кеңес Аухадиев, Шәкен Нияз­беков, Нұрлан Оразалин, Ерен­­ғайып Шайхутдинов, Шәмша Беркімбаева, Жансая Сәбитова, Гүлнар Ықсанова, Марфуға Айт­қожина, Әлібек Дінішев, Мұратбай Өк­ше­баев, тағы басқалары бар. – Қазақстан осы жиырма жыл­дың ішінде барлық көрсеткіштер бойынша адам танымастай өзгерді, – деді мерекелік медальға ие бол­ған­дар атынан сөз алған қоғам және мемлекет қайраткері, Алматы қаласының құрметті азаматы  Сұл­тан Жиенбаев. –  Оған бүкіл әлем таңғалып отыр. Өйткені, осы уа­қыт аралығында Қазақстанның эко­но­ми­касы он екі есеге артқан. Ме­нің­ше, мұндай көрсеткішке осыншама аз уақыттың ішінде ешқандай ел  қол жеткізе алған жоқ. Сондай-ақ, осы жиында өз ойын білдірген еңбек ардагері Кеңес Аухадиев бабаларымыз аңсаған  тәуелсіздік жылдары өмір сүріп отырғанымыздың өзі үлкен бақыт екенін тілге тиек ете келіп:  «Мен екі жағдайды айтқым келеді. Оның бірі  өлара кезде Нұрекең тәуел­сіз­дік тізгінін қолына алып, елді қи­ыншылықтан алып шықты. Екіншісі, сол қиын уақытта аста­на­мыз­ды Ақмолаға көшіреміз деп ұсы­ныс жасап, шешім қабылдау ба­тыр­лық деп айтуға болады. Ал енді бүгін қарайықшы, Астанамыз  төрт­күл дүниеге белгілі ерекше, бүгінгі заманға сай қала. Ал Ал­матымыз гүл қалаға айналып отыр. Бір метроның өзі неге тұрады. Бұдан біздің болашағымыздың жарқын болатынына еш күмән келтіре алмаймыз», деді. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.