Шағын және орта бизнесті дамыту – Мемлекет басшысы міндеттеген басым бағыттың бірі. Батыс Қазақстан облысында да бұл салада оң өзгерістер көп. Оралдағы «Квант» ЖШС – жиһаз және тұрмыстық заттар шығаратын іргелі кәсіпорын. Осы салада 15 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан фабрикада екі жыл бұрын құны 1,1 млрд теңге тұратын жаңа цех ашылған болатын. Осының нәтижесінде өндіріс артып, өткен жылы кәсіпорын 57 мың дана жиһаз шығарды.
– «Кванттың» өнімдері соңғы кезде Ресей Федерациясы мен Қырғыз Республикасына да танымал бола бастады, – дейді ЖШС құрылтайшысы Михаил Пшеничный.
Фабрикада бүгінде жалпы саны 250 жұмысшы қызмет етеді. Кәсіпорын директорының орынбасары Юрий Рогодиннің айтуынша, фабрика жанынан тағы бір өңдеу цехын ашу жоспарда бар. Кәсіпорында қазірдің өзінде ең жаңа станоктар жұмыс істеп тұр, мұндағы еңбек өнімділігінің, өнім сапасының жоғары болуының сыры осында.
Кәсіпорынды аралап көріп, бұйымдарымен, еңбек ұжымымен танысқан Мемлекет басшысына Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму барысы, соның ішінде өнеркәсіп секторының, шағын және орта бизнестің қазіргі ахуалы мен перспективалары жөнінде баяндап берді.
Осы жерде Мемлекет басшысына индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында өңірде жүзеге асырылып жатқан жобалар таныстырылды. Атап айтқанда, фин технологиясы бойынша тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу жүйесін жаңғырту, ірі қара мен ұсақ малдың терісін өңдеу, нан және макарон өнімдерін өндіру, химия өндірісі, дизель отынының компоненттерін гидротазалау жөніндегі жобалар бар. Әсіресе «ICM Recycling» ЖШС-нің жылына 100 мың тонна қалдық өңдеу жобасы экологиялық залалсыздандырудан бастап тұрмыстық қалдықтардан биогаз алу, қайта өңдеу, осылайша пайда табуға дейінгі тізбекті қамтиды. 2017-2023 жылдар аралығына жоспарланған бұл жобаның құны 1,7 млрд теңгеге бағаланған, бірақ ол жүзеге асқан кезде өзін-өзі еселеп ақтайтыны қазірдің өзінде күмән туғызбаса керек.
Бұдан кейін Елбасы «Жайық Агро LTD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің зауытына барды. Тауық етін өндіруге және дайындауға маманданған «Жайық Агро LTD» ЖШС өткен жылы ғана ірі жобаны жүзеге асырған еді. Жылына 7,2 мың тонна құс етін дайындайтын кәсіпорын Батыс Қазақстан облысының ішкі сұранысын толығымен қамтамасыз етеді. Фабриканың 10% өнімі экспортқа шығарылады. 150 адам тұрақты жұмыспен қамтылған кәсіпорын ғимаратында Елбасы өңірдегі өзге де агросектор кәсіпорындарының, атап айтқанда «Мясодел» және «Кублей» брендтерінің ет өнімдерін дайындаумен және өндірумен айналысатын жергілікті кәсіпорындардың жұмысы туралы ақпаратпен танысты.
«Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» акционерлік қоғамына барған Мемлекет басшысы көмірсутегі шикізатын өндіру және тасымалдау саласында пайдаланылатын құрылғылар мен жабдықтар жасау үдерісін көрді. Кәсіпорында азаматтық мақсаттағы бұйымдардан бөлек, қорғаныс өнімдері – атыс қаруы мен оқ-дәрі үлгілері де шығарылады.
Елбасы бұдан кейін қабырғаға және шатырға арналған материалдарды, шыны және металл бұйымдарын шығаратын «Агран» зауытына барды.
Мұнда фин технологиясы бойынша жылу сақтағыш есік-терезелер мен қабырғалар – сэндвич-панелдер шығарылады. Орал қаласында соңғы жылдары белсенді қолға алынған «Ақылды қала» жобасына сәйкес мұндай материалдарға сұраныс жоғары. Жылына 1 млн шаршы метр өнім шығаратын зауыт жергілікті нарықтың сұранысын өтеп отыр.
Осы жерде Қазақстан Президентіне өңір басшылары кәсіпорынның қазіргі даму барысы және мемлекеттік инвестициялық бағдарламаларға қатысу арқылы оның өндірістік қуатын арттыру перспективалары жөнінде мәлімдеп берді.
Елбасы Орал қаласының жаңа алаңын аралап көрді. 2016 жылдың соңында пайдалануға берілген, жалпы аумағы 7,0222 шаршы метр болатын жаңа алаң көне шаһардың көркіне көрік қосқан, Тәуелсіз Қазақстанның жаңа жетістіктерінің белгісіндей көрінеді. Қалада соңғы жылдары бой көтерген Қадыр Мырза-Әлі орталығы, Салтанат сарайы, Достық үйі, биіктігі 60 метрлік Мемлекеттік Ту тұғыры да осы алаңда.
Қазақстан Президенті қаладағы орталық алаңды аралап көргеннен кейін, мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасының іске асырылу барысымен және Орал қаласын одан әрі дамыту жоспарымен танысты.
Елбасы алаңда өңір жұртшылығымен, жергілікті Ассамблея мүшелерімен кездесті. Мемлекет басшысымен кездескен тұрғындар Нұрсұлтан Назарбаевқа қабылданған «Бес әлеуметтік бастама» үшін алғыс білдірді.
Қазақстан Президенті елімізде жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік бағдарламалар қоғамның, әсіресе жастардың мейлінше өзекті проблемаларын шешуге бағытталғанын атап өтті. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан қоғамында бейбітшілік пен келісімді сақтаудың маңыздылығына тоқталып, еліміздің қарқынды экономикалық дамуы үшін өңірлік және халықаралық ынтымақтастықты нығайтудың мәні зор екенін айтты.
Әңгімелесу соңында Елбасы облыс тұрғындарына табыс пен бақ-береке тілеп, Қазақстанды өркендету ісіне белсенді атсалысуға шақырды.
Бұдан кейін Елбасы 10 мың оқушы мен жастар түрлі бағыттағы үйірмелерге қатысып, интеллектуалды алаңдарда бас қосатын Оқушылар және жастар сарайында балғын боксшылармен, жас көшбасшылармен кездесті. Осы сарайдағы Данияр Елеусінов атындағы бокс орталығында жаттығып жүрген кішкентай спортшылар Елбасына Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов сияқты әлемдік жарыстарда озып шығамыз деп серт берді. Жас боксшылардың өтінішімен Президент естелік суретке түсті.
Осы сарайда Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов Мемлекет басшысына өңірде денсаулық сақтау және білім беру саласында жүзеге асырылып жатқан цифрландыру жобасы туралы айтып берді.
Бүгінде Орал қаласы тұрғындарының 100%-ында электронды денсаулық төлқұжаты бар. «Жедел жәрдем» көліктері спутниктік байланыспен және арнайы планшетпен жабдықталып, дәрігерлік көмектің жету мерзімі 12 минуттан 9 минутқа дейін қысқарған. Мұндай оң қадамдар білім саласына да тән. Мәселен, Орал қаласы және аудан орталықтарындағы білім мекемелері толығымен кең жолақты интернет желісімен қамтамасыз етілген. Облыста 3-6 жас аралығында балаларды балабақшамен қамту 99,9%.
Мемлекет және жекеменшік әріптестігі негізінде облыс аумағында 43 балабақша ашылып, қызмет етіп тұрса, биыл қосымша 15 жекеменшік балабақша іске қосылмақ. «Осылайша өңірдегі балдырғандарды балабақшамен қамту толық жүзеге асады» – дейді облыс басшысы Алтай Көлгінов.
Президент шалғай ауылдардағы шағын комплектілі мектептердің жағдайына көңіл бөліп, олардың санын барынша азайтуды тапсырды. «Ірі елді мекендерде, аудан орталықтарында интернат үйлерін салу керек. Балалар толыққанды, жан-жақты білім алатын мектептерде оқуы тиіс», деді Елбасы.
Елбасы бұдан кейін бір топ жаңашыл жастар жетекшілерімен кездесті. «AQJAYIQ» телеарнасының редакторы Нина Павлычева «100 жаңа оқулық» жобасы бойынша жарық көрген «Медиа этика» кітабын қазақ тілінде оқып шыққан соң алған әсерін баяндап берді. Осы жерде көп адам күтпеген сәт болды. Ұшқыш киімін киген жас жігіт 1991 жылы қараша айында түсірілген бейнежазбаны көрсетіп, осыдан 27 жыл бұрын болған оқиғаны Елбасының есіне салды.
...Қазақстан Тәуелсіздігін жариялар қарсаңда, қараша айында Нұрсұлтан Назарбаев Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келген еді. Теректі ауданының Аңқаты ауылына, қазақтың асыл тұқымды ақ бас сиырын өсіретін іргелі шаруашылығына арнайы ат басын бұрған Елбасы сол ауылда өмір есігін жаңа ашқан нәрестенің шілдеханасына тап болған. Қуанышты тойға құтты қонақтың тап келуін жақсы ырымға жорыған Сақпаевтар отбасы сәбидің есімін Нұрсұлтан деп қоюды ұйғарыпты. Сөйтіп киіз үйде өткен тойда Президент нәрестенің туу туралы куәлігіне өз қолымен сәбидің аты-жөнін жазып қалдырған еді. Тарихи бейнежазбада дәл осы сәт бейнеленген екен.
– Мына жердегі кішкентай сәби менмін, – дейді бүгінде зіңгіттей жігіт болған Нұрсұлтан Сақпаев. – Орал авиациялық оқу орнында ұшқыш мамандығын игеріп жүрмін. Болашақта білімімді жалғастырып, авиация саласының білікті маманы болғым келеді.
Елбасы жастар өкілдерімен емен-жарқын әңгімелесіп, олардың заманауи озық технологияны жаппай игеруі қажеттігін, әлемдік деңгейдегі бәсекелерге қабілетті білікті маман болуын ескертті. Елімізде жастардың білім алуына, дамуына мемлекет тарапынан мол мүмкіндік жасалып отыр.
Нұрсұлтан Назарбаев цифрлы және ақпараттық технологиялардың қарқынды дамып келе жатқан жағдайында бәсекеге қабілетті жастар тәрбиелеп өсірудің маңызды екенін атап өтті.
– Мектептер мен университеттер ғылыммен айналысуға бағдарланып отыр. Қазіргі жағдайда адам өмір бойы білім алуы тиіс. Бес-алты жылдан кейін бүгінгі көптеген мамандық жойылып, орнына жаңа мамандықтар пайда болады. Біздің бар үмітіміз жастарда. Қарқынды дамып келе жатқан әлемнен қалып қоймауымыз үшін не істеу керектігін сіздер әрдайым ойлап жүресіздер деп сенемін, – деп түйіндеді сөзін Мемлекет басшысы.
Бұдан кейін Елбасы Батыс Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңес өткізді.
Жиында облыс әкімі Алтай Көлгіновтің 2017 жылдың және биылғы бірінші тоқсанның қорытындылары бойынша өңірдің даму барысы жөніндегі есебі тыңдалды. Сонымен қатар облыс әкімі Қазақстан Президентінің мемлекеттік және салалық бағдарламалар аясында берген тапсырмаларының орындалуы туралы баяндады.
Басқосуда Нұрсұлтан Назарбаев өңірде дайын өнім шығару ісінің жолға қойылғанын айтып, мемлекеттік әлеуметтік бағдарламалардың іске асырылу барысына оң баға берді.
– Бүгін облыстағы нысандарды аралап көрудегі мақсатымыз – мемлекеттік бағдарламалардың, соның ішінде жақында қабылданған «Бес әлеуметтік бастаманың» іске асырылу барысымен танысу. Оларды жүзеге асыру қоғам өміріне оң әсерін тигізеді, – деді Қазақстан Президенті.
Елбасы «Қазақстан-2050» стратегиясының мақсаттарына қол жеткізу ісінде барлық облыстың атқарып жатқан жұмыстарының маңызды екенін айтты.
Мемлекет басшысы Батыс Қазақстан облысының экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері өсіп келе жатқанына тоқталып, өңір тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған жұмыстарды жалғастыру қажеттігін атап өтті.
– Азаматтардың әл-ауқаты тұрғын үй құрылысына да байланысты болады. Соңғы бес жылда облыста бір жарым миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілгені – қуантарлық жайт. «Бес әлеуметтік бастаманы» іске асыру арқылы біз құрылыс қарқынын арттыратын боламыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті шағын және орта бизнеске қолдау көрсету, ауыл шаруашылығын дамыту мен ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу мәселелеріне, сондай-ақ өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың проблемасына тоқталды.
Елбасы облыс басшылығына экономиканың жаңа секторларында заманауи өндіріс орындарын ашу жөніндегі жұмыстарды жандандыруды және өңірде жұмыс істеп жатқан кәсіпорындарды одан әрі дамытуды тапсырды.
– Ірі инвесторларды тартуға бағытталған жұмыстарды жалғастырудың да маңызы зор. Мәселен, менің АҚШ-қа сапарымнан кейін америкалық ірі бизнесмендер тобы Қазақстанға келіп, келіссөздер жүргізіп жатыр. Біз үшін олардың инвестициясы, технологиялары және нарығы маңызды, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев жаңа технологияларды пайдалану арқылы облыста «жасыл» экономиканы дамытудың қажеттігін атап өтті.
Мемлекет басшысы ауыл жастарын жұмыспен қамту проблемасына тоқталып, оларды мемлекет қабылдаған бағдарламаларды жүзеге асыру үдерісіне тартуды тапсырды.
Қазақстан Президенті шағын және орта бизнес секторындағы диспропорцияға назар аударды.
– Орал қаласы мен Бөрілі ауданы шағын және орта бизнес өндіретін бүкіл өнімнің 90 пайызын өндіріп отыр. Қалған 11 ауданға 10 пайыз тиесілі. Адамдарға бизнеспен айналысуды үйретіп, кәсіпкерлерді қолдауға арналған қандай мемлекеттік бағдарламалар бар екенін көрсету керек. Бизнесті дамыту үшін қолайлы жағдай жасау қажет, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы, сондай-ақ экспорт көлемін арттыру үшін өңірдің шекара маңы әлеуетін белсенді пайдалануды тапсырып, облыс ішінде көлік инфрақұрылымын дамытудың маңызды екенін атап өтті.
Соңында Қазақстан Президенті өңірдің даму қарқынын сақтауды және жұмыс сапары барысында берілген тапсырмалардың жүзеге асырылуын бақылауға алып, қамтамасыз етуді тапсырды.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Батыс Қазақстан облысы