08 Желтоқсан, 2011

Қазақстандық рух

274 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ұйымның жаңа төрағалары қызметіне сенім ұялатып отыр

Литва астанасы Вильнюсте өтіп жатқан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер Сыртқы істер министрлері кеңесінің 18-ші отырысы кеше өз мәресіне жетті. Еліміз Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов бастаған қазақстандық делегация қатысқан кеңес аясында көптеген шаралар жүзеге асырылды. Сондай игі шаралардың бірі «Қа­зақ­стан – Балтық елдері тұрғын­да­ры­ның көзімен» деп аталған фото және сурет көрмесінің өткізілуі бол­ды. Мұн­да 50-ге тарта танымал және әуес­қой фотосуретшілердің және мектеп оқушыларының туындылары қойы­лып­ты. Суреттерде негізінен табиғат көріністері, қазақтардың тұрмыс-тіршілігі бейнеленген. Ал мектеп оқушыларының суреттерінде қазақтың ұлттық ою-өрнектері, Астана мен Бәйтерек көрініс тапқан. Көрмеде біз Литва Республикасы Сеи­міндегі Қазақстан-Литва депутаттық тобы­ның жетекшісі Едмундас Пупинисті жолық­тыр­дық. Ол өз сөзінде Қазақстан туралы білетін литвалықтар қатары арта бастағанын атап көрсетті. Мына көрмеге қойылған су­рет­тердің көптігінен осыны аңғаруға бола­ды, деген ол осындай шаралардың көптеп өт­кізілуі елдер азаматтарының бір-бірін та­нып білуде өте маңызды екендігімен бөлісті. Делегациялар өтетін жолдың дәлізіне қой­ылған көрмені ЕҚЫҰ Іс басындағы төр­ағасы, Литва сыртқы істер министрі Аудронюс Ажубалис та арнайы келіп тамашалады. Сондай-ақ көрмеге қойылған туындылармен еліміз Сырт­қы істер министрі Ержан Қазы­ха­нов бастаған қазақстандық делегация да келіп жақын та­нысқандығын айта кету керек. Кеңес отырысы аясында Ержан Қазыха­нов БҰҰ Бас хатшысының Ауғанстандағы арнайы өкілі болып қайта тағайындалған Ян Кубишпен кездесу өткізді. Еліміз сыртқы сая­сат ведомствосының басшысы өзара әңгіме ба­ры­сында осы елдегі қазіргі жағдай және тұрақ­ты­лықты қамтамасыз ету перс­пек­тив­аларын талқылады. Әсіресе, Қазақ­станның БҰҰ-мен тығыз қатынаста әрекет етуі маңыздылығына ерекше ден қойды. Елімізде биылғы егіннің бітік шығуына бай­ланысты Қазақстан БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы мен Бүкіләлемдік азық-түлік бағдарламасы желісі бойынша Ауғанстанға астық пен жанар-жағармай жеткізуге дайын екендігін білдірген Ержан Қазыханов осы орайда оның сенімді әрі кедергісіз жеткізілуін қаматамасыз етудің маңызын ашып көретті. Сондай-ақ министрдің ТМД-ның Атқару­шы хатшысы Сергей Лебедевпен жүздесуі бол­ғандығын да айта кету керек. Оның ба­рысында Мәскеу қаласында алдағы 20 жел­тоқсанға жоспарланып отырған ТМД-ның құрылуына 20 жыл толуына орай өткізілетін саммитке дай­ындық  жайы қаралды. Е.Қазыхановтың Эстония сыртқы саясат ведомствосының басшысы Ур­мас Паэтпен кездесуінде екіжақты ын­тымақтастық мәсе­ле­сі, әсіресе, Мемлекет басшысы Н.Назар­баев­­тың 2011 жылдың сәуірінде Таллинге жасаған сапарынан кейін оң қарқын алған­дығы орынды аталды. Сонымен қатар, қа­зақ-эстон үкіметаралық комиссиясы­ның ма­ңыз­ды рөлі мен үстіміздегі жылы Эсто­нияның Астанада елшілік ашуы екіжақты қарым-қатынастарда ерекше маңызға ие екендігі  ортаға са­лынды. Ержан Қазыхановтың Литва Сыртқы істер министрі Аудронюс Ажубалиспен кездесуі кезінде екіжақты және Еуропа Одағы мен ЕҚЫҰ арасындағы ынтымақ­тас­тықтың жай-жапсары әңгіме өзегіне айнал­ды. Тараптар сондай-ақ Литва президенті Даля Грибаускай­те­нің Аста­наға сапарында жоғары дең­гей­дегі қол жеткізілген келісімдерді жүзеге асыру барысында нақты ба­ғыт­тар­дың айқындалғанына қанағат­тану­шылық білдірді. ЕҚЫҰ мәселесі Ержан Қазыха­нов пен Ұйымның Бас хатшысы Ламберто Занньермен кездесуінде жан-жақты қозғалды. Осы ретте Астанада қауіпсіздік жөніндегі зерттеу институтының құрылуы мүмкіндігі де назардан тыс қалған жоқ. ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының төр­ағасы Петрос Эфтимиумен жүздесуде де әңгіме Ұйым шеңберіндегі өзара ықпал­дас­тық мәселесіне құрылғандығын айта кеткен жөн. Е.Қазыханов ЕҚЫҰ ПА төрағасына Ассамблеяның еліміздің 2010 жылы төр­ағалық ету барысында қолдау көрсеткеніне ризашылығын да жеткізуді ұмытқан жоқ. Сондай-ақ, алдағы Парламент Мәжілісінің сайлауы мәселесі де сөз болды. Ұйым бұл сайлауға ЕҚЫҰ ПА құрметті төрағасы Жоао Соареш бастаған қысқа мерзімді байқау­шылар миссиясын жібермекші. Сонымен қатар, Вильнюсте Ержан Қазыхановтың Кипр сыртқы істер министрі Эрато Козаку-Маркуллиспен, ирландиялық әріптесі Эимон Гилмормен, Еуропа Одағының Орталық Азия жөніндегі арнайы өкілі Пьер Морельмен кездесті. ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер Сыртқы істер министрлері кеңесінің 18-ші отыры­сының қорытындысы бойынша баспасөз мәслихаты ұйымдастырылды. Ол туралы газетіміздің келесі нөмірінде әңгімеленетін болады. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан» – Вильнюстен.