1.Көкшенің аңыз таулары...
Көкше бойы тұнған аңыз! Әрбір таудың, әрбір тастың ежелден келе жатқан атауы бар. Олардың өздеріне ғана тән нешеме хикая-аңыздар Көкшенің қарағайлы орманды қойнау-қойнауын кезіп жүргелі де не ықылым заман. Көкше таулары – қазақ фольклорымен, жыр-аңыздармен бірге өмір сүріп келе жатқан қасиетті де жауһар мекен! Оқжетпес, Жекебатыр, Бура тау, Көкше биігі, Апалы-сіңлілі үш тоты, Кебіс тау, Жұмбақтас, Айыртау...Әулиекөл, Күміскөл (Бурабай көлі) деп ел аузында қос атауымен қатар аталып келе жатқан айнадай мөлдір көлдің теріскейі мен түстігінде менмұндалап тұратын осы таулардың тәмсіл-тарихынан да аңыз сарыны еседі, шындық болмысынан туып, ел жүрегін тебіренткен аңыздар сарыны!
Бүгін, міне, осы бағзы мекеннің аясында өткізген бірер көркем сәттерде мына бір бейне суреттер көңіл пернесін нәзік әуенімен тербеп жіберген еді. Қалың жоталы шырқау биігі мен сүмбіле үшкілін бұлт шалған Көкше биігінің, Апалы-сіңлілердің, Оқжетпестің бірде мұнартып, бірде көзге айқын шалынған аңыз бейнелі мүсіндері мәңгілік саз-сарынын заңғар биігінен қалықтатып тұрды. Осылайша ертегідей таңғажайып күйдің сазына елітіп, сап түзеген қарағайлар мен аққайыңдар әлемі тіршіліктің тағы бір Таңын атырып, тағы бір Күнін батырады...
Көкшенің осынау аңыз таулары мен айдын шалқарында Жұмбақтасын тербеткен аңыз көлі қыстың соңын ұзартып келген көктемді құшағына алды. Аңыз-табиғаттың аясында тағы бір әсерлі де мейірлі мезеттер марғау-марғау жылжып бара жатты бүгін!..
2. Бурабайдың қарағайлары...
...Бурабай қарағайлары. Хош иісі көкірек-сарайыңа тап-таза кәусар нәрін құятын жасыл әлем. Жан-дүниемді айрықша аялайтын қарағайлы, шыршалы Бурабайға деген сағыныш бүгін осылай қарай жетелеп, Наурыз мерекесінің алғашқы күні мені өзінің тұп-тұнық құшағына алды. Теңіз деңгейінен 321 метр жоғары жайған Қотыркөл маңайында, қарағайлы орманының арасындағы қонақжай демалыс үйі бізге есігін айқара ашып, құтты төрін ұсынды... Әсер көл-көсір: қарағай аясындағы тұнық ауа, тып-тыныш мекен...
Наурыз-көктемдегі Күн мен түннің теңелген мезетінде табиғаттың іңкәр тылсымы әлдилеген қарағайлы әлемнің осынау күндізгі әрі түнгі әдемі бейнесін жадымда ерекше бір сезіммен сақтағым келді. Өзгеше көркем, өзгеше биік қарағайларға жақсы да сағынышты лебізбен тіл қатып, олармен сырласқым келді: Сәлем, Наурыз-Көктем, сәлем, Бурабайдың мәңгі жасыл қарағайлары!...
3. Биіктік туралы үш түрлі ой...
...Серуен-тоғай аясындағы бүгінгі серуен маған биіктік туралы үш түрлі ой салды. Биіктік!.. «Биіктік – географиялық һәм физикалық өлшем, биіктік – сәулет сұлулығы, биіктік – адами қасиет: міне, биіктік осындай үш түрлі пайымға саяды» дейді ішкі ой-түйсігім. Одан әрі зерделесеңіз, мұның өзі де әлі нақты ақиқат емес, өйткені бұл тіршілікте бәрі де салыстырмалы, бәрі де ғайып. Теңіз деңгейінен әлденеше метр биіктікте асқақтаған заңғар таулардың көк тіреген шыңдарымен салыстырсаңыз – даланың дөңіс, бұйраттары немесе қаланың кез келген сұңғақ ғимараты – аласа да бәкене, ал таулардың әлгі зор шың-ұшары – көк аспанның шексіз де самғау биігінің қасында бүк түсіп жататын кішкене қырат-қырқа ғана...
Сәулет сұлулығын бейнелейтін биіктік те осындай салыстырмалы ерекшеліктермен өлшемденсе керек-ті. Астанадағы биік ғимараттарға сүйсінгенде көңіл сарайыңызды тербейтін бір-ақ өлшем бар, ол – биік болу әрі сұлу болу өлшемі! Десе де, бұл өлшем де әлеми деңгеймен алғанда салыстырмалы ғана екен...
Салыстырмалылық ұғымына сыймайтын жалғыз-ақ биіктік өлшемі адами қасиетке ғана тән меніңше! Адамзат әлемінде, адам тіршілігінде адами биіктікке жететін биіктік жоқ! Мұндай Биіктің сәулетшісі – Адам және оның адами бүкіл зерде-болмысы. Алайда өкінішке қарай, замананың мынау қым-қуыт тірлігінде бұл биіктікті сомдап мүсіндеу тағдыры жер басып жүрген әрбір пенденің пешенесіне жазылмаған...
Бүгін бас қаланың мен көрген мына биік әрі сұлу пейзаждары маған биіктік туралы осылайша үш түрлі ой салды...
Мәди АЙЫМБЕТОВ,
жазушы