Республикалық Ардагерлер ұйымы Орталық кеңесінің төрағасы, генерал-полковник Қайырбек СҮЛЕЙМЕНОВ:
«ЕҢ БАСТЫСЫ – ЗАҢ ШЕҢБЕРІНЕН ШЫҚПАУ»
– Қайырбек Шошанұлы, ел Тәуелсіздігінің 20 жылында құқық қорғау саласында көптеген жұмыстар атқарылды. Дей тұрсақ та, қоғам үшін ең қауіпті дерт сыбайлас жемқорлық болып қалып отыр. Осы бір жегі құртты жоюдың жолы жоқ болғаны ма?
– Жемқорлық деген дертпен бұрынғы Кеңес Одағының барлық елдері ауырады, жемқорлық Ресейде де кеңінен тараған, соның ішінде Қазақстанда да бар. Бірақ ең қауіптісі – жемқорлық туралы жақ ашпау. Қазақта «Ауруын жасырған өледі» деген сөз бар. Жемқорлық туралы ашық айтудың өзі – біздің үлкен жеңісіміз. Сыбайлас жемқорлықпен күрес жолдарын Президент Н.Назарбаевтың өзі нақты белгілеп беріп отыр. Ендігі міндет – мұндай келеңсіз құбылыспен аянбай күресу. Бірақ, жемқорлықты ешқашан нарықтық экономикамен байланыстыруға болмайды. Керісінше, нарықтық экономиканы дамыту, шағын және орта бизнесті жетілдіру – жемқорлыққа қарсы күрестің кілті. Жеке меншік иелері көбейген сайын жемқорлық азаяды. Өйткені меншік иесі «жоғарыдан шатыр болуға», заңдылықты бұзуға мүдделі емес.
Қазір елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы қыруар жұмыстар атқарылып жатқанына қарамастан, министрліктер мен ведомстволар басшылары, облыс, аудан әкімдері жемқорлыққа қарсы күреске білек сыбана кірісе алмай отыр. Әрбір басшы өзі басқарып отырған буындағы жемқорлықты жоймай айтарлықтай нәтижеге қол жеткізу қиын. Сондықтан ең алдымен мемлекеттік органдар басшыларына деген талапты күшейту керек. Сондай-ақ мен мемлекеттік органдардағы жемқорлықтың басты себептердің бірі – басшылардың маңайына жинақталған команда дер едім. Мысалы, бір облыстың әкімі, оның аппараты Елбасының алға қойған міндеттерін орындау жолында өз әлінше жұмыс істейді. Ал, енді осы облыс басшысы кетіп, орнына басқа әкім келсе, мамандардың жақсы жұмыс істейтініне қарамастан бәрін босата бастайды. Олардың орнына келген мамандар өздерін алып келген әкімнің орынтақта үш-төрт жыл ғана отыратынын сезінгендіктен де шөптің басын шалып қана еңбек етеді. Сондықтан бұл үрдіске тоқтау қою керек. Әрине, әрбір басшы өзіне команда жинауға құқылы. Бірақ бір басшы менеджерін, бірнеше көмекшісін, бір саясаткерді өзімен бірге алып жүрсе жеткілікті емес пе. Басшылықтың 60 пайызын ауыстыру деген, бұл енді бассыздық. Біз ең алдымен осыған нүкте қоюымыз керек.
Мен Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы аяусыз күрес жүріп жатқанына қуанамын. Президент Н.Назарбаев жемқорларға ешқандай аяушылық болмайтынын баяғыда айтқан. Елбасының ол сөзі нәтижесіз де емес. Мысалы, соңғы жылдары қызмет бабын пайдаланып, жемқорлыққа ден қойғандардың қаншасы торға түсті.
– Сіз министр креслосынан кеткеннен кейін Қазақстанның ішкі істерін погонсыз министрлер басқарды. Бұл халықтың арасында «осындай ең маңызды буынды басқару үшін генерал болудың қажеті де жоқ екен» деген пікір тудырды...
– Күш құрылымдарын погонсыз адамдар басқару тәжірибесі батыс мемлекеттерінде бұрыннан бар. Ал Қазақстанда бұл тәжірибені қолдану айтарлықтай жемісті бола қойған жоқ. Бірақ олардың әрқайсысы Ішкі істер министрлігін басқаруда өздерінің жақсы басқарушы екенін таныта білді. Егер күш құрылымдарын погонсыз министрлер басқарса, оның орынбасарларының, айналасындағы погондылардың жауапкершілігі арта түседі. Әрине, министрдің тергеу изоляторына барып жауап алуы, жедел жұмыстарға араласуы міндет емес. Ең бастысы, осындай жауапты саланың жұмысын ұйымдастыра алуы. Меніңше, Ішкі істер министрлігін погонсыз-ақ басқарған үш министр де осы деңгейден табыла білді. Бірақ, Президенттің Ішкі істер министрлігі лауазымына кәсіби полицейді отырғызуына қарап-ақ, көп тұжырым жасауға болады. Бізде қашан күшті азаматтық қоғам орнайды, қашан құқық қорғау органдарының жұмысы ашық болады, қашан мықты кәсіби кадрлар өзегі қалыптасады, сол кезде погонсыз министрлер тағайындауға болады деп ойлаймын.
Бізде әлі күнге дейін бірінші адамның рөлі өте зор. Мысалы, барлық бағынышты адамдар жауапкершіліктен қорқып, сол бірінші адамның пәрменін күтіп отырады. Бұл жағдайда әрине сол пәрмен беретін адамның кәсіби маман болғаны абзал. Егер ол тек «әкел-әкел» деген ұстаныммен жұмыс істесе, онда бағыныштылары нағыз керек нәрсені бере алмайды. Керісінше, өздеріне қолайлы нәрсені береді. Ең қауіптісі, бірінші басшыны алдау басталады. Өзінің кәсіби тәжірибесіздігінен ол басшы дұрыс шешім қабылдай алмайды.
Погонсыз министрлер бір қызметтен бір қызметті артық қойып та тәжірибе жасап көрді. Менің ойымша, полиция қызметінде «туған ұл немесе өгей ұл» деген ұғым болмауы керек. Бұл кадрлардың бір қызметтен бір қызметке жүгіруіне, олардың арасында абыржушылықтың тууына әкеліп соғады. Соңғы жылдары жедел-тергеу аппаратының босаңсып кеткені байқалады. Ал бұл қалай айтқанда да ішкі істер органындағы ең басты құрылым. Прокуратураны кәсіби прокурор, сотты кәсіби сот, ал, полицияны кәсіби полицей басқаруы керек. Қауіпсіздік қызметінің басшысының керемет жедел қызметкер болмауы мүмкін, бірақ міндетті түрде үлкен беделге ие саясаткер болуы керек. Айналасындағы оқиғаларға талдау жасай алатын тәжірибесі болуы керек.
Қазіргі министр Қалмұхамбет Қасымов – нағыз өз орнына келген адам. Ол – жедел уәкілден бастап ішкі істер органының барлық саласынан өткен маман. Абай атамыз айтқандай, «кетігін тауып қаланған кірпіш» қана берік тұрады.
– Соңғы уақытта Қазақстан аумағында орын алған жағдайлар ішкі істер органдарына қарасты арнайы қызметтердің жұмысын жетілдіре түсуді қажет ететінін байқатқандай.
– Рас. Сіздің айтайын деп отырғаныңыз менің соңғы кезде аталған құрылым туралы баспасөздерде жарияланып жүрген сұхбаттарымдағы ой ғой. «Сұңқар» мен «Бүркіт», «Арлан» – ең қауіпті қылмыс ошақтарын жою үшін арнайы дайындалған құрылымдар. Алматы қаласындағы қылмыстық оқиғаларды айтпағанда, жақын жылдардағы ең атышулы оқиға Ақтау қаласындағы түзеу мекемесінен қашқандар мен Ақтөбедегі оқиға, кешегі Тараздағы қанды қырғын кезінде арнайы мақсатқа пайдаланатын жауынгерлердің қылмыскерлердің оғынан қаза тапқандары да, жараланғандары да болды. Бұл жауынгерлер тарапынан оқыс оқиғаларға дайындықтың осал екенін көрсетеді. Тіптен олардың қылмыскерлерді ұстау кезіндегі қимылдарына да көңіл толмайды. Дәл қазіргі кезде арнайы мақсаттағы жауынгерлерді дайындауға ешқандай кедергі жоқ. Жеткілікті қаражат та бөлінеді, жағдай да жасалады. Десек те, полиция қызметкерлері тарапынан қаза табатындар қай кезде де болған. Полиция қызметкері бір жағдайда қылмыскерлердің күтпеген шабуылынан қаза тапса, екінші жағдайда өздерінің кәсіби сауатсыздығынан да қаза тауып жатады. Қылмыскерлерді ұстауда тек қарудың ғана көмегіне сүйену жеткіліксіз. Мысалы, мен өз басымнан өткен бір ғана оқиғаны айтып берейін. Ішкі әскер қолбасшысы болып тұрған кезімде Павлодарда бір әскери қызметкер автоматпен дүкен сатушысын кепілге алды. Жергілікті жердегі полиция басшылығы барлық шараны қолданғанмен солдатпен келісімге келе алмай, енді шабуылға көшуді жоспарлап жатты. Сол кезде мен Астанада өзімнің кабинетімде отырып, түн жарымында дезертирмен телефон арқылы сөйлесіп, келісімге келдім. Қатты күйзеліс жағдайындағы жауынгер менімен әңгімелесіп тұрып, өз еркімен қаруын тастады. Ал қылмыскермен менің тікелей сөйлесуімнің өзі мергендер мен шабуылшыларға үлкен сабақ болды.
Күтпеген жерден орын алған қылмыстық оқиға кезінде көбіне жол полициясының қызметкерлері зардап шегеді. Мысалы, Таразда тура солай болды. Оның себебі – жол полициясының кез келген уақытта саптан табылуы. Ал мұндай оқиғалар кезінде жаңағы арнайы қызметтерді дабыл бойынша көтеріп, олар жиналып оқиға орнына келгенше уақыт кетеді. Мен мынандай ұсыныс айтқым келеді – облыс орталықтарында, ірі қалаларда арнайы мақсаттағы құрылымдардың тәулік бойы кезекшілігін ұйымдастыру керек. Егер кеше Таразда мұндай оқиғаларға дайындығы мықты «Сұңқар» немесе «Арлан» араласса, мүмкін қайғылы оқиға болмас па еді.
– Қайырбек Шошанұлы, ең қорқыныштысы, терроризмнің шеті бізге де жетті. Басқаны айтпағанда, кеше ғана Таразда және Боралдайда болған оқиғалар адамдар санасында үлкен алаңдаушылық тудырып отыр...
– Бұл жағдайларға толық баға беру – мен үшін қиындау. Өйткені мен де сіздер сияқты оқиғаның барысын баспасөзден ғана бақылап отырмын. Тек мен осы оқиғалардың неден тамыр алғанын ғана айта аламын. Ол – біздің қоғамымыздың жедел исламдануы. Сондай-ақ, мұндай оқиғалардың тағы бір себебі – Қазақстандағы әртүрлі мұсылмандық ағым өкілдерінің заңға қарама-қайшы әрекеттері. Олар заң тыңдамайтын мұсылмандар арасында өздерінің беделін көтеру үшін де осындай әрекеттерге баратын сияқты. Ал Қазақстан – өзін мұсылман әлемінде тұрақты мемлекет екенін дәлелдеген ел. Сондықтан да біздің елде терроризмнің жаппай дамуына алғышарт жоқ деп есептеймін.
Бір өкініштісі, бізде мұсылмандар ұстанатын діннің маңыздылығы орыс тілінде насихатталмайды. Қазір адамдардың ислам дінін терроризммен байланыстыруына ең басты себеп – осы. Сондықтан мен еліміздегі барлық ардагерлер атынан Қазақстан халқын сабырлы болуға шақырамын. Өсектің өртіне май құйатындардың тұзағына түсіп қалмайық дегім келеді.
– Жаңа қабылданған заңға байланысты құлшылық ететін бөлмелерді, түзеу мекемелерінде мешіттерді жабу дегенге қалай қарайсыз?
– Мәселе заңда емес. Бұл заң еліміздің Конституциясына сәйкес қабылданды. Конституцияда Қазақстанның зайырлы мемлекет екені анық айтылған. Бірақ әлі күнге дейін халыққа зайырлы мемлекеттің қандай мемлекет екенін түсіндірген жоқпыз. Зайырлы мемлекет дегеніміз дін мемлекеттен бөлек деген сөз. Олар ынтымақтастықта жұмыс істейді, бірақ бірігіп кете алмайды. Дін мемлекеттік болса, онда ол мемлекет зайырлы емес, теологиялық мемлекет болады. Сондықтан да бізде мемлекеттік органдарда құлшылық ететін орындар болмауы керек. Бірақ, қоғамдық ұйымдарда ашылса, оған ешкім тыйым сала алмайды. Құдайға құлшылық жасайтын орын – мешіт. Кезінде бізде республика бойынша бар-жоғы 68 мешіт болса, қазір олардың саны 5 мыңнан асады. Егер құдайға құлшылық жасағың келсе, мұсылманның бес парызының бірі – намазыңды қаза қылғың келмесе, орын табасың. Мемлекеттік органдардың ішінен арнайы намазхана талап ету орынсыз. Бірақ, мен жабық мекемелерде құлшылық ететін орынның болғанын қолдаймын.
Тәуелсіздіктің 20 жылы ішінде ішкі істер органдарын материалдық-техникалық қамтамасыз етуде, кадрлар даярлауда қыруар жұмыстар атқарылды. Бұл шаралар болашақта елде құқық тәртібін нығайту ісіне берік негіз қалайды. Ал қазақстандық полицейлердің, пайдалана білсе, заман талабына сай биіктен көріне аларлық мүмкіндіктері мол.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Әлімжан ЖАРЫЛҚАҒАНОВ, арнайы «Егемен Қазақстан» газеті үшін.