Қазақстан • 16 Мамыр, 2018

Қ.Тоқаев Грузияның Вице-Премьер-министрі М.Джанелидземен кездесті

210 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев XI Астана экономикалық форумына қатысу үшін Қазақстанға сапарлап келген Грузияның вице-премьер-министрі, сыртқы істер министрі Михаил Джанелидзені қабылдады.

Қ.Тоқаев Грузияның Вице-Премьер-министрі М.Джанелидземен кездесті

Елорданың қарқынды дамуына ризашылық білдірген М.Джанелидзе Астана экономикалық форумы жаһандық ауқымдағы өзекті мәселелер көтерілетін халықаралық алаңға айналғанын атап өтті.

Қ.Тоқаев Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асып келе жатқан институттық және әлеуметтік реформалар туралы грузин мейманын хабардар етті.

Тараптар екі елдің жоғары заң шығару органдарындағы үнқатысуды өрістету үшін құрылған парламентаралық ынтымақтастық топтарының әлеуетін белсенді түрде пайдалануға уағдаласты. «Біз осы қатынастарды дамытуға жан-жақты жәрдемдесетін боламыз. Сіздердің тәжірибелеріңіз бізді қатты қызықтырады», деді М. Джанелидзе.

Қ.Тоқаев елдердің транзиттік әлеуетін тиімді пайдалану үшін күш-жігерді біріктіру қажеттігін атап өтті. Төраға Қазақстан мен Грузия Азия мен Еуропа арасындағы көлік көпіріне айналатын Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» жобасының келешегі зор деп санайды. «Біздің елдеріміз Транскаспий халықаралық көлік бағдары мен Баку-Тбилиси-Карс жаңа теміржол желісі аясында ынтымақтасып келеді. Логистиканың жақсаруына байланысты сауданы дамыту үшін қосымша мүмкіндіктер пайда болады», - деді Қ.Тоқаев.