Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астананың сол жағалауында іргесі қаланған жаңа «Хазірет Сұлтан» мешітіне арнайы келіп, нысанның құрылыс барысымен танысты.
Елорданың рухани келбетін айшықтайтын жаңа мешіттің құрылысы былтыр басталған. Ол – Қазақ ұлттық өнер университеті, Бейбітшілік және келісім, Тәуелсіздік сарайлары, «Қазақ елі» монументі орнатылған алаң, сондай-ақ жаңадан салынып жатқан Археология және этнография мұражайы орын тепкен елорданың қала құрылысы ансамблінің солтүстік-шығыс бөлігіне орналасқан. Жақын болашақта «Хазірет Сұлтан» қаланың өзіндік архитектуралық ансамблін өзгеше сән-салтанатымен толықтыра түспек. Рухани орын 13 га. жерді алып жатқан аумақта орналасса, мешіттің жалпы аумағы 17, 7 мың шаршы метрді құрайды. Мешіт жобасы қазақтың дәстүрлі ою-өрнектері мен ұлттық нақыштағы сәндік элементтері қолданыла отырып, классикалық ислам үлгісінде орындалған.
«Хазірет Сұлтан» мешіті – Қазақстан бойынша ең үлкен күмбезді мешіт. Оның биіктігі – 51, ені – 28,1 метр. Ал бұл күмбездің жиегіндегі 8 күмбездің әрқайсысының ені 7,6 метр, ал вестибюль күмбезінің ені 15,2 метр. Мешіттің айшықты келбетін 4 мұнара толықтырады. Олардың әрқайсысының биіктігі 77 метр.
Имандылық ордасы үш қабаттан тұрады. Әр қабатта ғибадатхана залдары, неке қиюға және дәрет алуға арналған бөлмелер, Құран оқуға және оқу ағартушылық топтың сабақ оқуына арналған залдар, асхана бар. Мешітте ерлерге арналған 4 000 адамдық намаз залы, халыққа қызмет көрсету орны, әйелдерге арналған 1 000 орындық намаз залы, имам, наиб имам, азаншы бөлмелері орналасқан. Мешіттің алдыңғы жағының қабырғалары табиғи тастармен әрлендірілсе, темір-бетонды күмбездері металмен көмкеріле өрілген.
«Хазірет Сұлтан» мешітінің үлкен залына 5 мыңға жуық адам емін-еркін сыяды. Имандылық орны заманауи әлемдік архитектуралық тәжірибенің барлық талаптарына жауап берсе, оның құрылысын «Сембол-Иншаат» компаниясы өз мойнына алған. Бүгінгі күнге дейін нысан құрылысына әр кезеңде 1 000-нан 1 300-ге дейін құрылысшы жұмылдырылған. Қазіргі таңда мұсылмандардың құлшылық ету орнындағы құрылыс жұмыстарының 90 пайызы толықтай еңсеріліпті.
Жаңа мешітті аралап көрген Елбасы: «Бұл Орталық Азиядағы ең үлкен мешіт болып табылады. Ол мемлекет есебінен емес, адамдардың қосқан қаражатының есебінен салынып жатыр. Мешіттің құрылысы алдағы жылы аяқталады. Себебі, сыртқы безендіру жұмыстарының барлығы жылы уақытта жасалуы керек. Біз бұл нысанды құрылыс жұмыстары толық аяқталғаннан кейін барып ашамыз», – деді.
Құрылыс мамандарының айтуына қарағанда, бұл Қазақстан аумағындағы әсем ғимараттардың қатарын толықтырмақ. «Мешіттің құрылыс материалдарының түрлері 11 елден әкелінгенімен, көбіне отандық құрылыс материалдарын пайдалануға ұмтылдық. Ал арнайы технологиялық құрал-жабдықтар Франция, Италия, Жапониядан тасымалданды. Болашақта өзіндік сән-салтанатқа ие осындай нысандар жобасын жүзеге асыра береміз деген ойдамыз», – деді жоба жетекшісі Шефик Искендероғлы.
Мешіт – құлшылық пен иманды ойлардың құтты мекені. Ендеше, алыстан көз тартатын 4 мұнаралы «Хазірет Сұлтан» мешіті болашақта исламның кәусар бұлағы мен тағылымды парасатын жүрекке берік ұялататын, жамағатты ізгілік жолына бастайтын бірден-бір рухани ордаға айналары хақ.
Елбасы екінші кезекте мерейтой қарсаңында пайдалануға берілген тағы бір жаңа нысан – №1 көпбейінді қалалық ауруханаға келді.
![081211-1](http://old.egemen.kz/2011img/081211-1.jpg)
Бейбітшілік даңғылы бойында орналасқан бұрынғы №1 қалалық аурухана осыдан 85 жыл бұрын салынған екен. Осыған қарап-ақ оның қазір қандай күйде екенін шамалауға болады. Қалыптасқан қиындықтарға қарамастан, 350 төсектік емдеу орталығының дәрігерлері бар қажыр-қайратын, кәсіби біліктілігін астаналықтардың денсаулығын жақсартуға арнап келген. Биылдың өзінде ғана 18 583 адам науқасынан айығып шықса, 5 000 адамға ота жасалған.
Енді, міне, Абылай хан даңғылы бойында 500 төсектік жаңа медицина ғимараты бой түзеп, Тәуелсіздік мерекесіне арналған үлкен сый болды. Оны салуға республикалық қазынадан 17 миллиард теңге қаражат бөлініп, «ВЭН» ЖШС 2,5 жылдың ішінде құрылыс жұмыстарын аяқтап шығыпты. 6,2 гектар аумақты алып жатқан кешенді аурухананың емдеу-диагностикалық және емдеу корпустары заманауи медициналық қондырғылармен толық жабдықталған. Емдеу корпусында қан алу қызметінің орталық клиникалық-диагностикалық зертханасы, физиотерапия бөлімі, шағын операциялық блок, гипербарикалық оксигенациялық бөлім, мәжіліс залы бар оқу-әдістемелік блок жұмыс істейді. Емдеу-диагностикалық корпуста хирургиялық реанимация бөлімі, сәулелі диагностика мен УЗИ, функционалдық диагностика, кардиологиялық және терапевтік реанимация, эндоскопиялық бөлім, операциялық блок және өзге бөлімдер орналасқан.
Мемлекет басшысы аурухананы аралап, оның қазіргі тыныс-тіршілігімен танысты. Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова Президентке елордадағы медициналық нысандардың жай-күйі мен еліміздің денсаулық сақтау саласын дамытудың келешегі туралы, жаңа аурухананың бас дәрігері Алексей Цой көпбейінді емхананың талапқа сай жабдықталғаны жайлы баяндап берді. Елбасы дәрігерлер ұжымымен кездесіп, халыққа медициналық қызмет көрсетуді жақсарту басым бағыттардың бірі болып қала беретінін атап көрсетті.
– Үлкен де әдемі аурухана Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында пайдалануға беріліп отыр. Онда ең жаңа медициналық жабдықтар қойылған. Емдеу орталығында жоғары білімді, тәжірибелі мамандар еңбек етеді. Осы медициналық кешен құрылысының аяқталуымен Астананы 100 пайыз медициналық қызметпен қамтамасыз еттік. Сіздердің алдарыңыздағы ендігі мақсат – адамдарды емдеп, азаматтарымызға сапалы қызмет көрсету, – деп атап өтті Президент.
Урология бөлімшесінің меңгерушісі Шерияздан Уақапұлы Қазақстан халқының денсаулығын жақсартуға жан-жақты қамқорлық жасағаны үшін Елбасыға деген ризашылық сезімін білдірді. Біз Тәуелсіз еліміз үшін уақытпен санаспай еңбек етуге әркез әзірміз. Қазақстандықтардың саламатты өмір сүруіне өз үлесімізді қоса беретін боламыз, деді ол нық сеніммен.
Аурухана басшылығының айтуынша, аурухана еліміздегі бірегей медицина орны саналады. Стационардың өзі атшаптырымдай, 12 операция, 25 реанимация палаталары 1-2 науқасқа арналған. Ішінде науқас адамдар үшін барлық жағдай жасалған. Қазақстандағы тұңғыш инсульт орталығы да осында ашылып отыр. Алдағы кезеңде терапевтік көмек көрсету терезесі жұмыс істейтін болады. Науқастарға жедел жәрдем көрсету, тез арада диагноз қою шаралары мүлтіксіз орындалатыны шүбәсіз. Еуропа елдеріне қарағанда, Қазақстанда инсультпен ауыратындардың саны үш еседей көп.
Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында ұжымдағы 150-ге жуық дәрігер мен 460-тай орта буын медицина қызметкеріне еңселі де зәулім ғимарат өз есігін айқара ашып, үлкен қуанышқа бөледі.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
Өмір ЕСҚАЛИ.
-----------------------------------------
Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.