Аймақтар • 17 Мамыр, 2018

Атыраулық жас қаламгерлердің жинағы жарық көрді

833 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Атыраулық жас қаламгерлердің тырнақалды туындылары жинақталған кітап жарық көрді. Облыс әкімдігінің қолдауымен облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының тапсырысы негізінде шыққан антология «Алаужыр» деп аталды. 

Атыраулық жас қаламгерлердің жинағы жарық көрді

Оған Атыраудағы «Фариза жұлдыздары» клубы мүшелерінің шығармалары енген. Аталған клуб екі жыл бұрын құрылған еді. Жайық жағасындағы жасампаз жастардың әдебиет әлеміне аттаған алғашқы қадамдары оң болып, түрлі әдеби байқауларда жүлдегер атанды, мерзімді басылымдарда туындылары жарияланып келеді. Қазірдің өзінде Ұлмекен Шәукенова, Әйгерім Түсіпқалиева, Рахымжан Асқар, Асыланбек Шығыров, Раббина Бату, Еркеназ Қалижан, Асылай Ниязбаева секілді жас ақындар оқырманның жылы ықыласына ие болып жүр. Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің жүлдегерлері Бақытгүл Сәрмекова, Нұргүл Ысмағұлова, Нәркес Балтоғаевалардың да әңгімелері жинаққа енген.

-Бұрын Атырауда «Жасдәурен» атты әдеби бірлестік құрылған. Меңдекеш Сатыбалдиев, Фариза Оңғарсынова, Қадір Жүсіп секілді аға-апаларымыз сол бірлестіктің қатарында болды. Соның ізінде «Фариза жұлдыздары» атты жас қаламгерлер клубын аштық. Бұл Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынған игі істердің бірі, - дейді клуб жетекшісі, ақын Әлия Дәулетбаева. - «Алаужыр» антологиясына клуб құрамындағы 25 ақын-жазушының шығармалары кірді. Жастық әуендері оқырманды бей-жай қалдырмайды деген ойдамыз.

Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында антологияның ресми таныстырылымы өтті. Қоғам қайраткері, «Атырау облысының құрметті азаматы» Мәдина Ғабдусалимова мен ҚР Жазушылар Одағының мүшесі Өтепберген Әлімгереев жаңа кітаптың лентасын қию құрметіне ие болды. Шарада аймақтағы зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткері Рәшила Мүрсалиева, ақындар Жеңіс Аронов, Төлеген Жаңабаев, өлкетанушы Абат Кенжеғалиевтер жастарға жылы лебіздерін арнады. 

Бақытгүл БАБАШ,

«Егемен Қазақстан»

АТЫРАУ