Республика Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов кеше Қазақстанға жұмыс сапарымен келген Грузияның Премьер-министрі Николоз Гилауриді қабылдады. Екі елдің Үкімет басшылары арасындағы кездесуде көлік, туризм және энергетика мәселелері бойынша келіссөздер жүргізілді.
«Қазақстан экспортты ел, сондықтан да біз үшін экспорттық әлеуетті әртараптандыру аса маңызды. Осы ретте қазақстандық жүктерді Әзербайжан мен Грузия аумағы арқылы экспортқа шығару мүмкіндігін тағы бір мәрте қарастырдық. Сондай-ақ, Қазақстан тарабы Грузия экономикасын инвестициялауға қызығушылық танытып отырғандығы да айтылды» деді еларалық келіссөзден кейін Үкімет басшысы журналистермен болған баспасөз мәслихатында.
Премьер-Министрдің айтуынша, қазақстандық компаниялар Грузия экономикасындағы ірі инвесторларға айналып, бүгінгі таңда айлақ бизнесі, газ тарату жүйесі, қонақ үй саласы секілді дамушы секторларда қарқынды жұмыс істеуде. Өз кезегінде Н.Гилаури Қазақстан Үкіметі басшысын Тбилисиге ресми сапармен келуге шақырды.
Қанат ЕСКЕНДІР.