Қазақстан • 18 Мамыр, 2018

ҰБТ тапсыру барысы таныстырылды

597 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалының баспасөз орталығында  Бірыңғай ұлттық тест тапсырудың барысы туралы брифинг өтті.

ҰБТ тапсыру барысы таныстырылды

Ұлттық бірыңғай тест тапсырудың жай-жапсары туралы Алматы қаласы білім басқармасының басшысы Г.М.Ходжабергенова баяндады. Білім басқармасы басшысының айтуынша, ҰБТ тапсыру ережелерінде  айтарлықтай өзгерістер жоқ. Биылғы жылы Алматы мектептерін 9 153 түлек бітіретін болса, олардың 81 пайызы ҰБТ тапсыруға өтініш білдірген, яғни тестілеуден өтетін түлектер саны – 7300. Ал ең төменгі шектік балл – 50. ҰБТ тапсыру сертификаттарын алған түлектер әдеттегідей еліміздегі жоғары оқу орындарына оқуға түсе алады. Ал қалған түлектер еліміздегі колледждер мен шетелдерде өз еркімен білім алуға мүмкіндіктері бар. ҰБТ тапсыру мерзімі мамыр айының 29-ы мен 9 маусым аралығына қарастырылып отыр.

Орта мектеп түлектері мектеп бітіру емтихандарын да, ұлттық бірыңғай тестілеуді де бес пән бойынша тапсырады. Өткен жылдарда түлектер ҰБТ-ны қазақ, орыс тілдерінде тапсырған болса, биылғы жылы Алматы қаласы бойынша  ағылшын тілінде тапсыруға 46 түлек өтініш білдірген.

Білім басқармасының басшысы өткен жылы Алтын белгі иегелері үшін мемлекеттік  грантты бөлу кезінде орын алған олқылықтардың алдын алу мақсатында ҰБТ тапсыру ережесіне өзгерістер енгізілгендігін ескертті. Егер Алтын белгі иегерлерінің тест тапсыру қорытындысы басқа түлектермен тең түсіп жатқан жағдайда, грант Алтын белгі иегерінің еншісіне тиеді, ал керісінше жағдай орын алғанда, грант қатардағы  талапкерге беріледі.

ҰБТ қабылдау  пункттері жылдағыдай Алматы қаласындағы сегіз жоғары оқу орнына бекітілген. Нақты айтқанда, Алатау ауданының мектептері – Халықаралық білім беру корпорациясында, Алмалы ауданы – Алматы технологиялық университетінде, Әуезов  ауданы – ҚазҰАУ, Бостандық ауданы – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Жетісу ауданы – Халықаралық бизнес университетінде, Медеу ауданы – Абай атындағы ҚазҰПУ, Наурызбай ауданы – Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық университетінде, Түрксіб ауданының мектептері Нархозда тапсыратын болады.  ҰБТ қабылдау пункттері тест тапсыру қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында арнайы құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.

Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»