«Елбасымыз экономикалық форум алаңында сөйлеген сөзінде ғаламдық даму жөнінде бес бастама көтерді. Сол бес бастаманың өзі біздің еліміздің қаншалықты дамығанын көрсетеді. Осыған орай, қазір дамып жатқан экономикамыздың негізі цифрландыру болуы керек. Сондай-ақ, адам капиталын жақсы дамытуымыз қажет. Одан кейін өнеркәсібімізді революциялық өзгерістен өткізгеніміз абзал. Ол үшін қазір бізде жоғары технологияларды дамытудың маңызы өте зор. Технологиялық дамытудағы ең басты мәселе — экология мәселесі. Өйткені, әрбір технологиялық дамыту экономикалық және экологиялық үрдістердің негізгі, басты деңгейіне жетуі керек.
Қазір әлемде, бүкіл ғаламшарда экология мәселесі бірінші орында тұр. Бұл мәселені қазір қолға алмасақ, ертең бүкіл дүние, әлем апатқа ұшырауы мүмкін. Сондықтан да біздің дамуымыз, жалпы Қазақстан экономикасының дамуы жаңа экологиялық технологиялардың негізінде қалануы керек. Бұл мәселені Елбасымыз ерекше басымдықпен атап өтті. Ал адам капиталын дамыту бойынша жастарымыздың, технологтар мен экологтарымыздың және ғалымдарымыздың, кәсіпкерлеріміздің экологиялық мәселеге тең көңіл бөлгені оң болар деп ойлаймын», — деген пікір білдірді Көмір химиясы және технологиялары институтының директоры Болат Ермағамбет.
Сонымен қатар АЭФ ұйымдастыру комитетінің мүшесі Бауыржан Тұрлыбеков Мемлекет басшысы атап өткен дамудың бес мегатренді — дүние жүзінде дәл қазір болып жатқан ең маңызды алып өзгерістер туралы ой бөлісті.
«Ең біріншісі — цифрлық революция. Форумның пленарлық сессиясына қатысқан мамандардың айтуынша, бүгінде дүние жүзінде цифрлық «соғыс», яғни, цифрлық қару-жарақ жарысы болып жатыр. Ең алдымен ол екінші мегатрендпен — роботтандыру және компьютерлендірумен байланысты, ал бұл жыл өткен сайын бірнеше жүздеген мамандықтардың жоғалуына себеп болады екен. Бізге де оған дайын болу керек. Болашақта түрлі жаңа мамандықтар мен жаңа салалар пайда болары сөзсіз. Кішкентай баланы тәрбиелегенде оған сен өскенде кім болғың келеді деген сұрақ қоймау керек. Өйткені ол баланың да, сол отбасының да көзқарасының шектелуіне себеп болуы мүмкін. Ол дұрыс емес. Біз Кеңес үкіметі кезінде өскен балалар болған соң көбіміз ғарышкер болуды армандайтынбыз... Сондықтан оқушыларды бір мамандыққа емес, әр түрлі қабілеттіліктерге дайындау керек. Бұл нарық жүйесінің еңбек нарығына әсері деп есептеймін», — деді Б. Тұрлыбеков.
Сондай-ақ, комитет мүшесі көпшілік түсіне бермейтін қаржы нарығындағы блокчейн, криптовалюта ұғымдарына түсінік беріп өтті.
«Цифрландыру мен еңбек нарығы екеуі өзара тығыз байланысты. 2007–2009 жылдары цифрландырумен байланысты жаңалықтар, қаржылық технологиялар, криптовалюталар пайда болған. Қазір 1500-ден астам криптовалюта, блокчейн технологиялары бар. Блокчейн криптовалютаға қарағанда ауқымды ұғым. Блокчейнде криптовалютаны да жасауға болады. Блокчейн бойынша кен өндіруге де болады. Мысалы, кен өндіріп жатқан кезде оның датчиктері бойынша көрсеткіштерді зауытқа береді де, зауытта шешімдер қабылданады, мыс болсын, алтын болсын, сол кен жүктеліп жатқан машина қай жерге апарылатынын бөліп отырады екен. Блокчейн технологиясы — осы жүйелердің әрі қарай бір-бірімен жалғасып, бір-бірімен байланысуы», — деп түсіндіріп өтті ол.
Кезекті мегатренд — кенттену. Жаңа қала – «ақылды» қалалардың болуы туралы айтқан пікірінде Бауыржан Тұрлыбеков: Дүние жүзінде 10 млрд шамасында адам болса, алдағы 12 жылда оның 7 млрд қалаларда тұратын болады. Оларды тамақтандыру, инфрақұрылым сынды мәселелер ортаға шығады. Мұндағы ең басты мәселе, әрине, азық-түлікпен қамтамасыз ету. Ол үшін азық-түлік өндірісі 60%-ке өсуі керек. Бұл экономикаға да, біздің табиғатымызға да ауыр жүк, мұны да ойластыру керек. Мысалы, Қытай тек мегасити, мегаполистермен ғана дамуда. Дүние жүзінде 50 шақты сондай үлкен қала бар. Халқының саны Қазақстандағы жалпы тұрғындар санымен бірдей мегаполистер бар. Солардың 20 шақтысы Қытайда орналасқан және Қытай экономикасы осыларға сүйеніп дамып жатыр деуге болады, деді.
«Келесі мегатренд – жаңа энергия қуаты революциясы. Кеше Елбасы атап өткендей, соңғы бес жылда күн сәулесінің энергиясын пайдаланатын панельдердің бағасы екі есеге арзандаған. 30 жыл бұрын ол $76 болған, бүгінде сол панельдің бір бөлігі бірнеше цент тұрады. Бұдан өзге, дәстүрлі энергияда өзгерістер болып жатыр. Форумға келген мамандардың айтуынша, бұл салада тиісті заңнамаларды ойластыру керек. Олар заңнамаларға, мәселен, әр үйді салғанда, кем дегенде 5 пайызы күн сәулесін пайдалануы керек немесе басқа да баламалы энергия көздерін қолдануға байланысты өзгерістер енгізу керек деген пікірлерін білдірді», — деді ол.
ХІ Астана экономикалық форумы аясында қаралып жатқан кезекті бір мегатренд — адамдардың ұзақ өмір сүру мәселесі. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанның өзінде соңғы жылдары адамның орташа күтілетін өмір сүру ұзақтығы 72,8 жас болды. Бұл орташа дүниежүзілік деңгейден жоғары, дүние жүзінде ол — 71 жас.
Адамдардың өмір жасын ұзарту мәселесіне көптеген факторлар ықпал етеді. Бұл тек медицинаның, денсаулық сақтау жүйесінің дамуына ғана емес, сондай-ақ, экономикалық факторларға, отбасылық қарым-қатынасқа, әлеуметтік мәртебеге де тәуелді.
«Әрине дамыған мемлекеттерде, мысалы, Жапонияда, Еуропа елдерінде 87-90 жасқа дейін жетеді. Ал дамып келе жатқан мемлекеттерде 50-60 жас та болуы мүмкін. Сондықтан орташа алғанда, дүние жүзінде 71 жасты құрап отыр. Бұл түрлі салаларға әсер етеді, оның ішінде зейнетақы, денсаулық сақтау жүйелері бар, яғни ол экономиканың бір саласына айналып кетті, денсаулық сақтау саласындағы өзгерістерге де себеп болды», — деп сөзін түйіндеді АЭФ ұйымдастыру комитетінің мүшесі.
ХІ АЭФ: Global Challenges Summit 2018 форумы туралы «Қазақстан» РТРК АҚ тілшісі Дулат Әбибуллаев та өз ойымен бөлісті: Шынында да, биылғы 11-ші Астана экономикалық форумының күн тәртібі өте өзекті. Кеше пленарлық отырыста Президентіміз жалпы әлемнің алдында тұрған бес сын-тегеурінді атап өтті. Оның барлығы маңызды. Бұл тек менің бағам емес, осында келіп жатқан халықаралық әріптестерім де осындай пікірде. Өте өзекті тақырыптар қозғалды, деді.
Еске сала кетейік, биыл Астана экономикалық форумы бүкіл әлемде орын алып жатқан түбегейлі өзгерістерге байланысты Жаһандық сын-тегеуріндер саммиті ретінде өткізіліп жатыр.
Экономикалық өсім және ресурстар тұрақтылығы, цифрландыру және кенттену, ұзақ өмір сүру мен қаржылық революция, жаһандық қауіпсіздік пен мәдени өзгерістер — осы жалпы әлемдік үрдістер қазіргі заманның негізгі экономикалық және әлеуметтік сын-тегеуріндерімен күрестің тиімді шешімдерін табуға арналған Форумның диалогтық алаңдарында 17–19 мамыр күндері жетекші отандық және шетелдік сарапшылар, экономистер, саясаттанушылардың қатысуымен талқыланып жатыр.