Барселона шаршы алаңында ТМД-ның намысын жыртқан жігіттердің барлығы да кезінде төрткүл дүниені дүрліктіріп, айдай әлемді аузына қаратқан КСРО бокс мектебінің түлектері екені баршаға аян. Сондықтан да төртжылдықтың басты додасында сақа спортшылардың сүреңсіз өнер көрсетуі көпшілік үшін мүлде күтпеген жайт болды. Тағы бір айта кетерлігі, сәтсіздікке ұшыраған сол команданың сапында қазақ боксшысы Аркадий Топаев та бар еді.
Талай дүбірлі дүрмекте ысылып, көптеген халықаралық жарыстарда жасындай жарқыраған көкжалдар топырлап ұтылып жатқанда, енді ғана 20 жасқа толған жас өренге өкпе айтқан ешкім болмады. Бірден айта кетейік, Аркадийге жеребе жолдас болған жоқ. Тұсаукесер кездесуде 71 кило салмақ дәрежесінде күш сынасқан Топаев атағы алысқа жайылған 27 жастағы Хуан Карлос Лемуске тап келді. 1991 жылғы әлем чемпионы, Панамерика ойындарының екі дүркін жеңімпазы деген дардай атағы бар Куба қабыланы Барселона Олимпиадасының басты фавориттерінің бірі саналған. Дуалы ауыз мамандардың өздері жарыс басталмай тұрып-ақ: «Барселонада Лемустың екпініне ешкім шыдай алмайды» деп кесіп айтқан.
Алайда Аркадий одан еш қаймыққан жоқ. Қазақтың ұлына тән қайсарлық танытқан ол бірінші раундта «өліспей берспейтінін» байқатты. Қанша өршеленсе де, жас өренге әлі жетпейтінін аңғарған болашақ Олимпиада чемпионы ақырында арамза әрекетке барды.
АРКАДИЙ айтады: Басында екеуміз жап-жақсы жұдырықтастық. Оның да, менің де соққыларым дөп тиіп жатты. Бұрын-соңды көзге түспеген жас боксшы осындай тегеурін көрсетеді деп күтпесе керек, Карлос ашулана бастағанын байқадым. Маған да керегі сол еді. Алайда алғашқы раундтың аяқталуына жарты минут қалғанда төреші «Тоқтаңдар!» деген белгі берді. Ойымда ештеңе жоқ, қазының айтқанына құлақ астым. Тоқтағаным сол еді, кубалық боксшы барлық жан-дәрменімен жұдырығын маған қарай сілтеді. Соққының қатты тигені соншалық, мең-зең болып қалдым. Ондай жағдайда ереже бұзған боксшыға қатаң ескерту жасалуға тиіс. Тіптен, рингтен қуып жіберуіне де құқы бар. Алайда әділдікті белден басқан төреші, керсінше, нокдаун белгіледі. Содан жекпе-жек қайта жалғасты. Мен соңына дейін шыдап бақтым. Десек те, қапияда алған ауыр соққының салдарынан кеңнен көсіле алмадым. Қазір ойлап қарасам, ол кезде арамызда ақырып, әділдік сұрайтын ешкім болмаған ғой. Бұл – КСРО-ның ыдырап, бұрынғы беделінен жұрдай болған кезі. Команда бапкерлері де маған араша түсуге құлшына қоймады.
Қарағанды бокс мектебінің түлегі Аркадий Топаев 1986 жылы Пензада өткен жасөспірімдердің КСРО біріншілігінде топ жарып, спорт шеберінің күміс белгісін кеудесіне тақты. Сол кезден бастап, ол қырағы мамандардың назарына ілікті. Жастар буыны арасындағы жарыстарда да қарсылас шыдатпады. Шеберлік деңгейі жылдам өскен жас өрен ересектер дуына еркін қосылып, 71 кило салмақтың тізгінін мықтап қолына ұстады. Халықаралық аренаны айтпағанда, елішілік жарыстардың өзінде оған кіл мықтылармен күш сынасуға тура келді. Түрлі додаларда Талғат пен Бауыржан Бердібековтер, Қанатбек Шағатаев, Ермахан Ыбрайымов сынды сайыпқырандардан басым түсті. Уақыт оза Атланта Олимпиадасының жеңімпазы және Баркер кубогының иегері атанған Василий Жировты да оңдырмай сабағаны көзіқарақты көрермендердің есінде болар.
1992 жылы Топаев екі бірдей дүбірлі додадан олжалы оралды. Алғашында Тамбовта өткен КСРО чемпионатында финалға дейін алқынбай жетіп, тек шешуші тұста ғана якутиялық Сергей Самойловқа есе жіберді. Нәтижесі – күміс жүлде. Көп ұзамай Ивановода ұйымдастырылған КСРО кубогы жолындағы жарыста алтын тұғырға көтерілді.
АРКАДИЙ айтады: Сексенінші жылдардың екінші жартысы мен тоқсаныншы жылдардың басында біздің салмақта Исраэль Акопкохяннің дәуірі жүріп тұрды. Расында да оның атағынан ат үркетін. Сол кезге дейін Армения өкілі әлем чемпионы, әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Еуропаның үш және КСРО-ның алты дүркін чемпионы, әлем кубогының иегері, Ізгі ниет ойындарының екі дүркін жеңімпазы атанып үлгерген. 1992 жылғы КСРО кубогы жолындағы жарыста сол көкжалмен жолым қиысты. Қарсыласымның жасы 32-де, менің 20 жасқа да толмаған шағым. Соған қарамастан Исраэльді жақсылап тұрып ұрып, екі рет еденге отырғыздым. Екі ретінде де төрешілер нокдаун белгіледі. Сол айқын жеңістің арқасында Барселона Олимпиадасында күш сынасу құрметіне ие болдым.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін де Аркадий Топаев талай байрақты бәсекеде ел намысын абыройлы қорғады. Әсіресе оның 1994 жылғы табысы аса қомақты болды. Атап айтсақ, қандасымыз Тегеранда Азия чемпионы, Хиросимада ХІІ жазғы Азия ойындарының күміс жүлдегері және Бангкокта әлем кубогының иегері атанды. Оның сыртында толып жатқан халықаралық турнирлердегі жүлделері тағы бар. Сол тұста көпшілік тарапынан «Егер дәл осы шабысынан жаңылмаса, Аркадийдің алысқа баратыны анық» деген сыңайда әңгімелер жиі айтылып жүрді. Бапкерлер де, басқалар да оған күмән келтірген жоқ-ты. Ал барша қазақ жанкүйерлері 1995 жылы Берлинде өтетін әлем чемпионаты мен 1996 жылы Атлантада алауы тұтанатын Олимпиада ойындарында Аркадийді алтын тұғырдан көрсек деп армандады.
АРКАДИЙ айтады: Тәуелсіздік алғаннан кейін баршамызға байрақты бәсекелерге еш кедергісіз қатысуға даңғыл жол ашылды. Мен әуелді 71 кило, содан кейін 75 кило салмақтың тізгінін мықтап қолыма ұстадым. Қандай додаға қосса да, ел сенімін ақтауға тырыстым. Бірқатар ірі жарыстарда жеңіс тұғырына көтеріліп, көңілім кәдімгідей марқайып жүрді. Ал басты мақсат – Атланта Олимпиадасы еді. Барселонада жіберген есемді сол бәсекеде қайтарамын деп, алақанымды ысқылап жүрдім. Бірақ «кесел қайдан» демекші, Азия мемлекеттерінің біріне барғанда сары ауру жұқтырып қайттық. Осы сырқат барлық жоспарымның, арман-қиялымның күл-талқанын шығарды. Ақыры әлем чемпионатына бара алмадым. Олимпия ойындарынан да шет қалдым. Әйтпегенде, осы бәсекелердің екеуінде де атой салуға күш-қуатым жететін еді. Қалай қынжылмайсың, менен ойсырай ұтылған боксшылардың кейбірі сол жарыстарда жүлде алып, жеңіс тұғырында марқайып тұрды. Соны ойласам, көңілім нілдей бұзылады. Аурудан емделгеннен кейін тағы бағымды сынап көрдім. Алайда еш нәрсе өнбеді. Амалдың жоқтығынан, нағыз кемелденген шағымда боксты доғаруға тура келді.
Кім не десе де, Қарағандының қыраны Қазақстан боксы тарихында өшпес із қалдырды деп нық сеніммен айта аламыз. Мәселен, осы спорт түрін серік еткен қандастарымыздың арасынан Серік Қонақбаев әлем кубогын алғашқы болып иеленсе, оның жетістігін екінші болып Аркадий Топаев қайталады. Олимпия ойындарына қатысқан тұңғыш былғары қолғап шеберіміз – сырмінез Серік болса, екіншісі – тағы сол Аркадий. Осы деректердің өзінен-ақ біздің бүгінгі кейіпкеріміздің қандай қарымды боксшы болғанын аңғаруға болады.
Р.S. Бапкерліктің қамытын киген Аркадий Топаев балғын былғары қолғап шеберлерін біраз жылдан бері спорттың осы түрінен баулып келеді. Бұл күндері ол Қарағанды облысы жасөспірімдер құрамасының аға жаттықтырушысы қызметінде. Аркадийдің ендігі арманы – өзінің алдын екі орап, Олимпиада тұғырына көтерілетін мықты шәкірттер тәрбиелеу.
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ