Спорт • 21 Мамыр, 2018

Дина Жоламан – еліміздің 7 дүркін чемпионы

746 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Астанада бокстан қыздар арасындағы Қазақстан чемпионаты өз мәресіне жетті.

Дина Жоламан – еліміздің 7 дүркін чемпионы

Елордада өткен ел бірін­шілігінде бұған дейін есімі елге белгісіз болған екі бұрымды қыз – Ақерке Бақытжан (69 кг) мен Милана Сафронова (64 кг)  жеңімпаз атанғанымен есте қалды. Ұлттық құрама сапында жүріп халықаралық турнирлерде жүлде алып жүрген қыздар өз мықтылықтарын тағы бір дәлелдеді. Додаға әр өңірден келген 76 боксшы қыз қатысты.

25 жастағы қызылордалық Ақерке Бақытжан 2014 жылғы чемпионатта финалға дейін жетіп, екінші орын алған болатын. Одан кейін Ақерке ұлттық құрама сапында біраз көрінбей кеткен-ді. Енді, міне араға төрт жыл салып ұлттық құраманың бірінші нөмірлі боксшысына айналды. Енді оның келесі мақсаты – алдағы уақытта әлем чемпионатына қатысу. Қыздар арасындағы келесі әлем чемпионаты осы күзде Үндістанда өтеді.

Сонымен қатар қара­ған­дылық Милана Сафронова да мансабында тұңғыш рет Қазақ­стан чемпионы атанды. Ол финалдық сайыста Азия чемпионы атанған өте тәжірибелі боксшы Мадина Нұршаевамен кездесті. Жекпе-жек алдында бұл кездесу қиынға соғатынын Саф­ронова сез­генімен, айқас уақытында Нұр­шаева қара­ған­дылық боксшыға еш қарсылық көрсете алмады.

51 кило салмақтағы финал­дық сайыс әдеттегідей екі дүр­кін әлем чемпионы Назым Қы­зайбай мен Жайна Шекер­бекова арасында өтті. Әдетте­гідей деуіміздің себебі, дәл осы салмақта Қазақстан чем­пионатының финалына үнемі аты аталған екі боксшы шыға­ды. Қы­зайбай-Шекербекова ара­сындағы биылғы текетірес Назымның жеңісімен аяқталды. Ал 2016 жылғы әлем чемпионы Дина Жоламан (54 кг) осы­мен жетінші мәрте ел чемпио­натында қарсылас шақ келтір­ген жоқ. Рио Олимпиадасының қола жүл­дегері Дариға Шәкімова (75 кг) мен әлем чемпионы Ләз­зат Күнгейбаева (+81 кг) бокстан Қазақстан чемпионы атанды. Сонымен қатар Әйгерім Қа­сенаева (48 кг), Сәния Сұл­танқызы (57 кг), Римма Воло­сенко (60 кг) және Фариза Шол­тай (81 кг) өз салмақтарында үздік шықты.

Қазақстан біріншілігінің қо­рытындысы бойынша 10 сал­мақ дәрежесінде өткен жарыс­та жалпыкомандалық есепте Астана қаласының боксшы қыздары көш бастады. Олар үш алтын, екі күміс медаль жеңіп алды. Алматы қаласынан келген боксшы қыздар екі алтын, бір күміс және төрт қола медальмен екінші орыннан көрінді. Үздік үштікті Ақмола облысының боксшылары түйіндеді. Олар екі алтын және үш қола медаль еншіледі.

Жарыс қорытындысы бойын­ша алдағы Азия ойындары мен әлем чемпионатына қатысатын боксшы қыздар іріктелетін болады.

Еркебұлан ЖОМАРТ,

«Егемен Қазақстан»