09 Желтоқсан, 2011

Білектің күші

779 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Елімізде қол күресінен әлем чемпионаты өтті Ең ежелгі спорт түрінің бірі – қол күресі әлем­дік спорт тілінде армрестлинг деп аталады. Ал Алматыда бірінші рет 30 қараша-3 желтоқсан ара­­лығында қол күресі бойынша әлем чем­пио­на­ты өтті. Алдын-ала белгілі болғанындай, бұл сай­ыс­қа 47 мемлекеттен 1500 спортшы, мұнан бөлек 200-ге тарта жаттықтырушы мен басқа да бапкерлер қатысты. Бірден айта кету керек, бұл жарыста әлемдік армрестлинг сайысының 33-ші бас жүлдесін Ресей құ­ра­ма командасы жеңіп алды. Екінші орын – Қазақстан ко­мандасының қанжығасына байланса, үшінші орын­ды – Украина спортшылары иемденді. Егер дәл осы күндері спортсүйер қауым ақпа­рат­тарды ақтарыстырып, сайт­тарды сүзіп шығар болса, Алматыда өткен әлем чем­пионатына қа­тыс­қан ел­дер­дің бұқаралық ақпарат құралдары өз спорт­шы­ларының жетістіктерін жаһанға жар са­лып, жариялап жатқанын көрген болар еді. Бұл күндері сайыстың бас жүлдесін жеңіп ал­ған ресейліктердің де, қола жүлде иегерлері ук­раин­дықтардың да қуанышында шек жоқ. Олар­дың бел ортасынан көрінген күміс жүлделі Қа­зақстан ко­­­­ман­­­дасы да қол күресінен осал еместігін осы жолы анық көрсетті. Көрші қырғыз­дар­дың өзі тоғыз медаль жеңіп алғанын мақта­нышпен мәлімдеп отыр. Әлем чемпионаты алдымен жасөспірімдер, ардагерлер мен мүмкіндігі шектеулі спортшы­лар­дың сайы­сынан басталғанын айта кету керек. Мүм­кін­­­дігі шектеулі спортшылар арасындағы сай­ыстың жай-жапсарын ресейлік армрестлер Рус­лан Маметовтен артық білетін жан жоқ. Ресей Федера­ция­сы­ның еңбек сіңірген спорт шебері Руслан Маметов – он дүркін әлем чемпионы. Тіпті 11 рет қатарынан Еуропа чемпионатының бас жүл­­десін басқаға бермеген білекті спортшы Қа­зақ­стандағы әлем чем­пио­наты жоғары деңгейде өтті деп есептейді. Керісінше, Әлемдік армрестлинг федерация­сы­ның вице-президенті Мұхамедолла Ағзамов бұл сай­ысты мұнан да жақсы ұйымдастыруға бо­латын еді деп ой­лайды. Себебі, Қазақстан олим­пиа­далық емес осы спорт түрін қолдауға үлкен қаражат бөлуге асы­ғар емес. Оның айтуынша, қол күресі сайысы Туризм және спорт министрлігі назарына тек екі жыл бұрын ғана іліккен. Алайда, осыған қара­мастан, қазақ­стан­­­дық спорт­­­шылар арм­рест­линг бойынша әлемдік көш­­басшылар қата­рынан көрініп отыр. Қазақстанның тағы бір кемшілігі – қол күресі спорты мүмкіндігі шек­теулі жан­дар, яғни мүгедектер арасында кеңінен тарамаған. Сонымен, Қазақстан командасының жүлде қор­жынына алғашқы алтынды жасөспірімдер ара­сында Мағжан Шәмиев салды. Жартылай финалда ресейлік қарсыласын еңсерген М.Шәмиев шешуші сайыс­та словак спортшысынан басым түсті. Жалпы, қа­зақ­стандықтардың қоржынында 19 ал­тын медаль бар. Сонымен, қол күресінен келесі әлем чемпио­на­ты Бразилияда өтетін болады. Айнаш ЕСАЛИ. Алматы.