Аймақтар • 21 Мамыр, 2018

Шәмші шығармалары шырқалды

830 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл Жамбыл облыстық филармониясының құрылға­ны­на елу жыл толып отыр. Жарты ғасыр ішінде Әулие­ата­дан шығып, қазақ даласын ән мен күйге бөлеген май­талман өнерпаздарды тәр­бие­леген өнер ордасының әлі де халыққа берері көп. 

Шәмші шығармалары шырқалды

Осы­нау мерейлі сәтте филармо­ния ұжымы әйгілі композитор, Қазақстанның халық әрті­сі Шәмші Қалдаяқовтың шығар­ма­ш­ылығына арналған «Ән падишасы – Шәмші аға» атты кон­церттік бағдарлама ұйым­д­ас­тырып, көрермен назарына ұсынды. Шәмші әніне су­саған әулиеаталықтар бұл күні «Баласағұн» орталық концерт залына көптеп жиналып, әуелі атақты композитордың өмір жолына арналған деректі фильмді тамашалады.

Әрине Шәмші тағдырына арналған, Шәмші шындығына бойлаған фильм көпшілікті бейжай қалдырмады. Тіпті ком­позитордың «Ана туралы жыр» әнінің өмірге келу тари­хы айтылғанд­а көрер­мен көз­де­ріне жас үйірілді. Бала Шә­м­шінің анасы Сақып­жа­мал­ды сағынып, бақшада ағыл-тегіл жылап отыр­ғанын көргені жөнінде Рай­хан Қалдаяқова тебірене есте­лік айтып, бұл әйгілі әннің өмір­ге келуіне осы жағдайдың себепкер болғанын жеткізді.

Ән падишасына арналған концерт қазақ ұлт аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен Шәмші Қалдаяқов әндерінен құралған поппуримен бас­талды. Аталған оркест­рге Қа­зақ­станның еңбек сіңір­ген қайраткері Мұхтар Рах­ман­құлов жетекшілік етті. Концерт ба­рысында оркестрдің сүйе­мел­деуімен Динара Диханбаева композитордың «Құшақ жай­ған қандай адам?», Рәзия Мәді­ханова «Ақ маңдайлым», Диас Әбілеков пен Дулат Жас­ұзақов «Арыс жағасында» әнд­е­рін тамылжыта орындаса, «Кәусар» вокалдық, «Алатау» фольклорлық ансамблі мен «Асыл әжелер» ансамблінің орын­дауындағы Шәмші әнде­рі тыңдарман көңілінен шық­ты. Сонымен қатар вальс коро­ліне арналған әндер де сах­на шырайын арттырды. Бағлан Омаров­тың  «Жалғыз қайық» әнін Жанатбек Кәдіров, ал Қалдыбек Құрман­әлінің «Шәм­ші аға» әнін «Алатау» трио­сы орындады. Өзге де өнер­паздар Шәмші әнде­рін на­қышына келтіре орындап, көрермен көзайымына айнал­ды. Концерт соңында фи­лар­мония өнерпаздары Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әнін, яғни Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнін қосыла шырқап, тыңдармандар жүрегін тербетті.

Хамит ЕСАМАН,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы