«Егемен Қазақстанның» арнайы жобасы: Жасампаздық жемістері
Жиырма жылдың ішінде атқарылған игі істердің арқасында әрбір өңіріміз өзгеріп, өміріміз жақсарып келеді. «Егемен Қазақстан» газеті осындай өркенді өзгерістерді бейнелейтін материалдарды тұрақты жариялап тұрады. Төменде Ақмола облысының Бурабай ауданындағы «Есіл-Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен фоторепортаж беріліп отыр.
«ЕСІЛ-АГРО»
Бурабай аумағында буырқанған тіршілік қайнап жатады. Курортты өңірдің көрікті көрінетіні осыдан да болса керек. Мұнда жай ғана тіршілік емес, заман ағымына сай жаңа қадамдар жетегіндегі бастамалар назар аудартатынына ішің жылиды. Солардың бірі 2005 жылдың 1 желтоқсанында құрылған «Есіл-Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі десек болады. Бұл еліміздегі инвестициялық қанатқақты жобалардың қарлығаштары санатындағы сәтті ұжым ретінде қалыптасты.
![091211-17](http://old.egemen.kz/2011img/091211-17.jpg)
Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев осынау қысқа мерзімде «Есіл-Агроға» екі рет келді. Алғашында Абылайхан, Ақылбай, Баянбай, Мәдениет, Қарабұлақ ауылдарында ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын құрып, құрғақ уәдеге бай жарылқаушылардан жалыққан елдің тұрмысын түзеп, қырманын қызылға толтырған есілдіктердің игі ұмтылыс үрдістеріне ырзалығын білдірген. «Ақылбайдың» ақ күміс алқаптарында жайқалған егінді белуардан кешіп тұрып фирма директоры Асылбек Есмағамбетовке болашақ бағамындағы кеңестер бергені де есімізде.
Елбасы ертеңге қаратып айтқанда, шикізаттық өндірістің күні өткендігін, табыс жолы – өнімді қайта өңдеуде екендігін, ол үшін сөз қорымызға әлі қосыла қоймаған кластерлік жүйені қолға алуымыз қажеттігін алға тартты. Өңірге аты белгілі азамат, «Құрмет» орденінің иегері, облыстық мәслихаттың депутаты Асылбек Сайлаубекұлы өз қадамдарының Мемлекет басшысының ой-ниеттерімен сабақтас екендігін ұқты. Бұл қосымша жауапкершіліктегі үлкен сын еді. Оның үстіне Бурабай арнайы экономикалық аймағының құрылуы, әлемдік деңгейдегі тұңғыш «Астана-Бурабай» автобанының салынуы, Астананың азық-түлік белдеуін қамтамасыз ету жөніндегі президенттік тапсырма құлашты кеңге сермеуге мүмкіндік ашып отыр. Сауатты дайындалған бизнес жобалар сараптамадан сүрінбей өтіп, мемлекеттің қаржылай қолдау көздері кеңейді.
Фирма әрбір тиынның тиімді жұмсалуын қатаң қадағалайды. Қайтарымсыз қадам деген жоқ, әлем таныған «АльПро» электронды жүйесі бәрін көріп тұрады. Соңғы жылдары сатып алынған 112 ауылшаруашылық техникаларының басым бөлігі шетелдік соңғы үлгідегі машиналар. Астық, бұршақ және майлы дақылдар фирма орналасқан Кенесары ауылындағы элеваторда сақталып, өңделсе, Щучье қаласындағы «Айна» сүт зауытында сүт өнімдерінің отыз түрі дайындалады.
«Есіл-Агро» 2008 жылға дейін сүтті өзіне қарасты алты шаруашылықтағы қабылдау пункттерінен жинайтын. Ол тәулігіне 20 тонна шикізат өңдейтін зауыттың сұранысын қамтамасыз ете алмады. Күн тәртібіне 1200 бас сауын сиырға арналған заманалық тауарлы-сүт кешенін салу мәселесі шығарылды. Зор дайындықпен басталған жоба араға жыл салып есігін ашты. Венгриядан «голштин-фриз» асыл тұқымды 600 бас сиыр жеткізілді. Қазір табын өз төлі есебінен толығып келеді. Алдағы кезде тағы да 600 бас сиыр алдырылмақ. Бөлектеп айтарымыз, әрқайсысы жылына 10 мың литр сүт беретін осыншама сиырды төрт-ақ оператор сауатындығы. Мұны айтып отырғандығымыз, кешенде жер жүзінің 112 еліндегі сүт өндірушілер беделіне ие болған Швецияның «ДеЛаваль» компаниясының сыннан өткен жабдықтары орналастырылғанынан дерек беру. Ферма ұжымы жобалық қуатына енетін жуық айларда тәулігіне 25-26 тонна сүт алынатын болады. Қазірдің өзінде «Есіл-Агроның» сүт бренді облыс аумағымен қоса, Астананың 26 дүкенінде тұтынушылар талғамынан шығуда.
Биыл диқандарымыз гектар түсімділігін еселеп арттырды. Элеваторымыз қызу еңбек құшағында. Диірменіміздің қуаттылығы тәулігіне 120 тоннаға жетеді. Осының барлығы Тәуелсіздік шарапатының, мемлекеттің ауыл өндірісін қолдауының нәтижесінде мүмкін болып отыр. «Есіл-Агро» ертеңіне сенімді, дейді фирма басшысы Асылбек Есмағамбетов.
Ақмола облысы, Бурабай ауданы.
________________________
Арнайы бетті дайындаған «Егемен Қазақстан» газетінің Ақмола облысы бойынша меншікті тілшісі Бақберген АМАЛБЕК.