Ақтөбе облысының Шалқар ауданында туып-өскен айтулы азаматтың есімі ел спорты тарихында алтын әріптермен жазулы. Грек-рим күресі әліппесімен туған өлкесінде танысқан жас өрен Алматыдағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы мектеп-интернатта шеберлігін шыңдай түсті. Сол қазақ спортының қара шаңырағында жүрген кезден дара талантымен оқшауланған Батырғарин биік белестерді бағындырып, қырағы бапкерлердің назарына ілікті. Бір ғажабы, өзіне тиесілі несібесін Батырғарин өзгелер секілді біртіндеп, тірнектеп жүріп жиған жоқ. Бозбала шағында-ақ ол жетік техникасы, аса сауатты тактикасының арқасында талайларды тамсандырды. Өзінен әлдеқайда ересек әрі әккі спортшылардың барлығын жолынан ығыстырып, бірден республикамыздың бетке ұстар балуанына айналды. Одан кейін Одақта оза шапты. Көп ұзамай халықаралық деңгейдегі додалардың «майлы қазандығына» қол сұқты. Сөзіміз дәлелді болуы үшін төмендегі деректерді алға тартайық.
Өзінің елеулі табысының барлығына Есенкелді 1990-1991 жылдар аралығында қол жеткізді. Атап айтсақ, жастар арасындағы КСРО біріншілігінде күміс медальді мойнына ілген ол дәл сол көрсеткішті Чехославакияда өткен әлем біріншілігінде де қайталады. Аса жеңіл салмақта белдескен қандасымыз Бүкілодақтық универсиадада жеңімпаз атанды. Ересектер дуына еркін қосылған жас өрен әлем және КСРО кубогы жолындағы жарыстарда алдына жан салмады.
1991 жылы Украинаның Запорожье қаласында КСРО халықтары Спартакиадасы мен КСРО чемпионатының қатар өткені есімізде. Сол жарыстарда да Есенкелдінің жұлдызы жарқырай жанды. Чемпионаттың ақтық сынына дейін алқынбай жеткен қазақ балуаны шешуші тұста Түменде туып-өскен қандасымыз Жоламан Дәуренбековке есе жіберіп, күміс медаль иеленді. Ал төрт жылда бір өтетін Спартакиадада Батырғаринге тең келер балуан табылмай, ол алтын тұғырға көтерілді. Осылайша, жас өреннің есімі айтулы жарысты ұтқан үшінші қазақ балуаны ретінде спорттық шежіреге жазылды. Ең ғажабы, жоғарыдағы атақтардың барлығына Есенкелді Батырғарин небәрі 20 жасында қол жеткізген екен!
– Есенкелді шын мәнінде феномен еді! Туа біткен талант десек те, еш қателеспейміз. Екеуміз Шалқардағы Владимир Цеханович атындағы спорт мектебінде бірге жаттықтық. 1986 жылы Ереванда өткен маршал Иван Баграмяннің турниріне де бірге аттанған едік. Бұл жарысқа бізді менің әкем Мұрат Есенжолов бастап апарды. Сонда жерлестеріміздің арасынан ең үздік нәтижеге Батырғарин қол жеткізіп, көпшіліктің көзіне түсті. Содан Есенкелді Алматыға кетті. Алатау баурайында шеберлігі әбден шыңдалып, биік белестерді бағындырды. Ол – күрес түрлері бойынша Ақтөбе өңірінен шыққан тұңғыш халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Сол рекорд ұзақ уақыт бойы сақталды. Тек арада тура 20 жыл өткеннен кейін барып халықаралық деңгейдегі додаларда жүлде алуға жарайтын балуандар Ақтөбе өңірінен шыға бастады, – дейді кейіпкеріміздің кезіндегі командалық әріптесі әрі досы, белгілі спорт комментаторы Аспандияр Есенжолов.
Жоғарыдағы жеңістерден кейін Есенкелдінің атағы алысқа жайылды. Одан да биік белестер бұл жігітке оңай бағынатынына сол тұста күмән келтіргендер кемде-кем еді. Тіптен дуалы ауыз мамандардың өздері «Шалқардың шымыр жігіті келешекте Жақсылық Үшкемпіров, Шәміл Серіков және Дәулет Тұрлыханов сынды даңқты балуандарымыздың жеңісті жолын жалғастыратыны анық», деп батыл сөйледі.
Алайда адамның айтқаны емес, Алланың қалауы болады екен. 1992 жылдан бастап тәуелсіз мемлекет ретінде дербес команда жасақтаған Қазақстан құрамасының байрақты бәсекелерге қатыса бастағаны белгілі. Жұмыр жердің әр қиырында әлем мен Азия чемпионаты, басқа да халықаралық жарыстар үздіксіз өтіп жатты. Бірақ сол бәсекелердің бірде-біреуінде Батырғарин бой көрсеткен жоқ. Тіптен оны елішілік жарыстардан көре алмадық. Сол кездері ел арасында түрлі әңгімелер өрбіді. Бәзбіреулер «Ол қиындыққа шыдай алмай, спорттан қол үзді», десе, енді біреулер: «Жастықтың буына мастанып, заманның желімен ығып кетті», – деді.
1994 жылы Батырғариннің боз кілемге қайта оралғаны жайында құлағдар болдық. Балуанды үйіне іздеп бардық. Бұл – 1994 жылдың күз айлары еді. Сол кезде тілдескенімізде ол: «Үйлендім, балалы-шағалы болдым. Спорттағы табысым отбасымды асырауға жетіңкіремеді. Шыны керек, нарық қатты қысып жіберді. Оған бейімделу оңай болмады. Содан басқа кәсіпте бағымды сынауға бел будым. Қазір жағдайым жаман емес. Тұрмысым түзелді. Енді боз кілемге қайта оралдым. Бұйыртса, Атланта Олимпиадасында атой салуды армандаймын», деп ағынан жарылған еді.
Балуанның бұл сөзіне ішіміз жылып қалды. Ерен ердің қатарға қосылғанына қатты қуандық. Айтқандай-ақ, сол жылы Батырғарин Қазақстан чемпионатында қарсылас шыдатпай, бас жүлдені қанжығасына байлады. Біз бұны жақсылыққа жорыдық. Дәл осы қарқынынан таймаса, қазақтың қайсар ұлы үшін бағынбайтын белестің жоқ екеніне еш шүбә келтірмедік.
Алайда арада біраз уақыт өткеннен соң балуанның із-түссіз жоғалып кеткені жайында жайсыз хабар жетті. Араға жылдар салып, Есенкелдінің мәйіті табылды...
Зымырап өтіп жатқан уақыт-ай! Жерлестері алтын асықтай ұлын ұмытқан жоқ. Шалқар қаласындағы бір көшеге айтулы азаматтың есімі берілді. Ол тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды. Аудан орталығында жыл сайын белді балуанды еске түсіруге арналған республикалық турнир өтуде. Ақтөбеде Есенкелді Батырғарин атындағы грек-рим күресін дамыту орталығы жұмыс істеп тұр. Осыларды көңілге медет қыламыз.
Есенкелді бастаған жеңісті жол жерлестеріне жұғысты болды. Соңғы кездері Ақтөбе облысында грек-рим күресі өрлеу үстінде. Біраз жылға созылған үзілістен соң Әсет Әділов пен Асқат Құдайбергенов сынды балуандар байрақты бәсекелердің биігінен көрінсе, бұл күндері әлем чемпионатының күміс жүлдегері Мейрамбек Айнағұловтың даңқы дүркіреп тұр. Ал сол жеңістердің бастауында Есенкелді Батырғариннің тұрғанын көзі қарақты жанкүйерлер әлі ұмыта қойған жоқ...
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Егемен Қазақстан»