Қарағанды қаласындағы №78 орта мектепте жоғары санатты ұстаз, білім беру ісінің үздігі Мағрифа Кәрібекованың бастамасымен ширек ғасырдан астам уақыт бұрын ашылған авиация және космонавтика мұражайы жемісті жұмыс істеп келеді. Шағын мұражайда қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтің Армавир ұшқыштар училищесінде киген шинелі, Валерий Корзунның шылым салғышы мен қаламы, Талғат Мұсабаев сыйға тартқан ғарышкердің бір тәуліктік тамақ үлгісі сияқты қызықты жәдігерлер көп. Мұндағы заттардың қай-қайсысының да орны бөлек, әрқайсысы жұлдызды биікті бағындырған ерекше жандардың өмірінен сыр шертеді. Мағрифа Аманбекқызы көптеген ғарышкермен, экипаждың Жер-Анаға оралуын қамтамасыз ететін «Роскосмос» қызметкерлерімен жүзбе-жүз таныс. Мектеп мұражайында осы уақытқа дейін ғарышкерлер Тоқтар Әубәкіров, Александар Полещук, Валерий Корзун, Юрий Онуфриенко, Юрий Маленченко, Валентина Терешкова, «Роскосмос» директорының орынбасары Александр Ведерников қонақта болған. Олардың барлығы оқушылармен қызықты кездесулер еткізді. Педагог енді мектепке қазақтың үшінші ғарышкері Айдын Айымбетовтің келуін мұрат етіп жүр.
– Балалар батыр тұлғаларды үлгі етіп өсуі керек. Нағыз ғарышкерлерді көргенде өте қуанады. Қоймайтын сұрақтары жоқ. Тіпті «Құдайды көрдіңіз бе?», деп сұрайтындары бар. «Жоқ, көрген жоқпыз. Бірақ әлдебір күштің көмектесетінін сеземіз», деп жауап береді ғарышкерлер. Сондай бір кездесуде Валерий Корзун маған «Балаларыңызға тамаша тәрбие беріп жатыр екенсіз», деді қолымды қысып. Осының өзі маған зор баға, – дейді М.Кәрібекова.
Ұстазға мұражай ашу туралы ой сонау 1991 жылы келген екен. Мерзімді баспасөзден Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ғарыш сапарына қазақтың тұңғыш ғарышкері дайындалып жатқаны туралы мәлімдемесін оқиды. Оның үстіне, ол – жерлесіміз, Қарқаралының перзенті екен. Тоқтар Әубәкіров ғарышқа самғаған 1991 жылдың 2 қазаны жас мемлекетіміздің тарихындағы айтулы оқиға еді. Осы күннен бастап М.Аманбекқызы тұңғыш ғарышкердің өмір жолын зерттеуге ден қойды.
– Мұражай әу баста Тоқтар Әубәкіровке арналған еді, – дейді педагог. – Одан кейін ғарышқа Талғат Мұсабаев ұшты. Сондықтан мұражайды жалпы авиация мен космонавтикаға арнаған жөн деп шештім. Оның үстіне, Қарағанды өңірінің ғарыш айлағына айналғанына да біршама уақыт өткен. Талай жерді шарлап, ғарышқа ұшудың теориялық негіздерін жасаған ғалымдар, зымыран техникаларының атақты құрастырушылары, ғарышқа жол салған адамдар туралы ақпараттар жиыстыра бастадым.
Мектеп мұржайының қабырғасына қазіргі космонавтиканың негізін салушы Константин Циолковский, Сергей Королев сынды ғалымдардың, адамзаттың алғашқы ғарышкері Юрий Гагариннің үлкен портреттері ілінген. Мұнда жекелеген жәдігерлермен қатар, авиация мен космонавтика тарихынан сыр шертетін, жетістіктерін дәріптейтін әдебиеттер, баспа өнімдері, фото және бейнематериалдар да баршылық. Мұның барлығы ұрпақ тәрбиесіне айтарлықтай үлес қосып отырғаны сөзсіз.
– Мұражай қорын қонақтарымыздың көмегімен толықтырып отырамыз, – дейді ұлағатты ұстаз. – Оқушылармен бірге, әрбір ғарыш сапарына арнап, фотосуреттер мен газетте жарияланған мақалалардан, балалардың пәк тілектерінен тұратын альбом әзірлеп, оны ғарышкерлерге сыйлаймыз. Ғарышкерлер де бізге хат жазып, суреттерін жолдап тұрады. «Роскосмос» қызметкерлері маған барлық ғарыш кемелерінің ұшу-қону кестесін тарту еткен болатын. Соның арқасында, жерге қайтып оралған ғарышкерлер өткізетін брифингтерге қалмай қатысамын. Орайы келсе, мектебімізге қонаққа шақырамын.
М.Кәрібекова Тоқтар Әубәкіровке және Валентина Терешковаға арналған екі кітапты жарыққа шығарған. Айтуынша көпшілік назарына ұсынуға болатын материал көп, бірақ оларды жеке кітап етіп шығаруды қарапайым мектеп мұғалімінің қалтасы көтермейді. Дегенмен, мұражайдағы құнды деректер қолданыссыз құр жатқан жоқ. Әріптестерімен бөлісіп, ағарту жұмыстарын жүргізді, ауыл мектептерін аралап, шәкірттерге даңқты жерлестеріміз бен ғарыш бағдарламалары туралы сабақтар өткізеді, түрлі жәдігерлермен таныстырады. Ширек ғасырдан астам уақыт ішінде жиналған жәдігерлерге бүгінде шағын мұражай бөлмесінің тарлық етіп отырған жайы бар. Дегенмен, әңгіме барысында үмітке үкі байлаған жақсы бір хабарды күтіп жүргенін айтып қалды. Ұстаз сөзінен аңдағанымыз, облыстық білім беру басқармасының басшысы Есенғазы Иманғалиев ғарыш жайлы ғажайып сыр шертетін мұражайға оңаша ғимараттан кеңірек орын тауып беруге уәде етіпті.
Үнемі мазасыз ізденіс үстінде жүретін Мағрифа апайға қолдау керек болып жатса, №78 орта мектептің директоры Александр Мяленко да аянып қалмайды екен. «Біз Мағрифа Аманбекқызымен мақтанамыз. Өз ісіне шын берілген мұндай ғажап жанның, ұлағатты ұстаздың қалыптастырған аурасы мектебімізге игі ықпалын тигізіп жатыр. Іргетасын өзі қалаған, елімізде баламасы жоқ авиация және космонавтика мұражайы бүгінде білім саласындағы тәрбие мәселесінде зор рөл атқаратын теңдессіз жоба деп сенімді түрде айтуға болады. Бұдан бөлек, ол кісінің қолында Қарағандының тарихынан сыр шертетін мол бейнематериал да бар. Мұның өзі бір қазына», дейді білім мекемесінің басшысы.
Елбасының бастамасымен қолға алынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша қазір жер-жерде тарихымызды түгендеу мен ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу шаралары жүзеге асырылуда. Қарап тұрсақ, адамзат ғарышқа алғашқы сапарын бастаған Байқоңыр мен ғарыштан қайтып оралатын қаһармандарды құшақ жайып қарсы алатын қазақ даласы тарихымыздың ажырамас бөлігі ғой.
Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»
ҚАРАҒАНДЫ