«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының жиынында техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламаларының орындалу жайы талқыланып, бірқатар міндеттер белгіленді. Филиал жанындағы «Білім» комиссиясының төрайымы Ғафура Бөстекова өз баяндамасында Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында баршаға тегін кәсіптік-техникалық білім беру жобасын жүзеге асыруды одан әрі жалғастыру міндеті қойылғанын, бұл орайда оқытудың мазмұндылығы заманауи техникалық тұрғыдан қолдау табудың, цифрлы білім беру ресурстарын дамытудың, кең жолақты интернетпен, бейнеқұрылымдармен жабдықтаудың маңызына тоқталды. Кәсіптік-техникалық білім беру үрдісін жетілдірудің мүмкіндіктері көп. Жұмыс берушілер облыста білікті жұмысшы кадрларына сұраныстың жоғары екенін жете ескере отырып, жоғары жақтың нұсқауын күтпей-ақ бастамашылдық көрсеткендері, бағдарламаға белсене атсалысқандары жөн, деді ол.
Білім басқармасы басшысының орынбасары Владимир Ткаченко өз есебінде колледждер мен кәсіпорындар арасындағы екіжақты келісімдер аясында студенттердің өндірістік тәжірибеден өтетініне, үштен біріне еңбекақы төленетініне, өз кәсібіне төселгендерді жұмысқа аттай қалап алатындарына мысалдар келтірді. Ж.Қизатов атындағы Есіл ауылшаруашылық колледжінде заманауи құрал-жабдықтар орнатылған ветеринарлық клиника жұмыс істейді. Бірқатар серіктестіктердің өтінішімен ет, сүт өнімдері өндірісінің мамандары даярланады. Осылайша жас мамандардың еңбек нарығынан өз орнын қиналмай табуына, жұмысқа орналасуына мүмкіндіктер барынша қарастырылған. «Мұнаймаш», «Петропавл ауыр машина жасау» зауыты акционерлік қоғамдарында дуалды оқыту жүйесі жақсы жолға қойылған. «СевКазЭнерго» компаниясы кәсіптік даярлау және сервис колледжі базасы негізінде электрмен жабдықтау пәні бойынша оқыту полигонын ашқан. Басқосуда Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінің тәжірибесі үлгі етілді. Мұнда 11 цех пен арнайы оқыту шеберханалары құрылған. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы шеңберінде электрші, газбен дәнекерлеуші, слесарь, аспаз, есепші мамандықтары даярланады. Дегенмен де, мемлекет талабына ортақ үлес қосудың орнына құлықсыздық танытып жататын жұмыс берушілер де жоқ емес. Соның салдарынан алған мамандығы бойынша қызмет таппай басқа салаға амалсыз ауысатын жағдайлар аз ұшыраспайды. Озық технологияларды енгізу, цифрландыру әлі өзекті мәселе ретінде қалып отыр.
Колледж директорлары Анатолий Фурманюк, Николай Соколов, тағы басқалар өз кәсібін терең игерген мамандар әзірлеу екі деңгейлі жүйеде жүргізілетінін, студенттерге тәлімгерлер мен әлеуметтік серіктестіктер бекітілгенін, Үкімет тарапынан барлық әлеуметтік жағдай қарастырылғанын жеткізді. Келесі оқу жылынан бастап IT-мамандарына мемлекеттік тапсырыс мөлшері ұлғайып, екі жарым мыңдай жас тегін оқуға қабылданады. Мұның өзі шалғайдағы елді мекендер үшін озық білім мен құзыреттілікке қол жеткізуге айқара жол ашады. «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» үлкен сұранысқа ие жаңа мамандар даярлауға зор серпіліс беріп отыр. «Техник-мехатроник», «Компьютерлік жабдықтарды жөндеу және қызмет көрсету», «Ақпаратты қорғау» секілді жаңа мамандықтар пайда болады. «WoridSkiills» жобасы бойынша оқытылады. Өкінішке қарай бәзбір мекемелердің келісімшарттары қағаз жүзінен әріге аспай жатады. Өндірістік тәжірибеге келген болашақ мамандарға жалақы төлеу мүмкіндіктері бола тұра, дұрыс ынталандырылмайды. Бір мезгіл болса да ыстық тамақ ұйымдастырылмайды. Алдағы кезеңде осы олқылықтардың түзетілгені абзал, десті оқу орындарының басшылары.
Жиында кәсіптік-техникалық білім беру бағдарламаларын талапқа сай жүргізудің, әлеуметтік жауапкершілікті арттырудың өзге де жайттары атап көрсетілді.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы