Аймақтар • 22 Мамыр, 2018

Павлодар облысында 765 жазғы лагерь ашылады

499 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Баянауылдағы «Жас Дәурен» облыстық оқу-сауықтыру орталығында «Қазақ-camp» атты маусым ұйымдастырылмақ. 

Павлодар облысында 765 жазғы лагерь ашылады

Жаз бойы балалар халқымыздың мәдениеті мен тілін, өнерін, салт-дәстүрі,тұрмысымен танысады. Үйірмелер мен шеберлік сабақтарында киіз үйді құру, ұлттық әшекейлер мен кәдесый жасау, жүн түту, құрақ құру, түрлі бұйымдар тоқуға жаттығып, ат бәйгесі, садақ ату, асық ойнау, тоғызқұмалақ сынды ойындар, ұлттық тағамдар әзірлеуді үйренеді. Оқушылар еліміздің, өңірдің киелі орындарына экскурсия жасайды. Оларды тілдік, туристік-өлкетану, этномәдени, зияткерлік, экологиялық, шығармашылық сынды түрлі салалық лагерьлер қарсы алады.

Облыстық білім беру басқармасының мәліметінше, өңірде мектеп оқушыларының жазғы демалысын ұйымдастыру үшін облыстық бюджеттен 285,5 миллион теңге бөлініпті. Аудан-ауылдардағы лагерьлерде 15 күнге белгіленген сауықтыру орындары үш ауысым бойынша жұмыс істейді. Жазғы лагерьлерге 1-10 сыныптарда оқитын 97 мыңнан астам оқушы, мектеп алды лагерьлерде 43 мыңнан астам оқушы демалады.

Басқарманың мәліметінше, қазіргі уақытта лагерьлерде дайындық жұмыстары жүргізілуде. Олардың балаларды қабылдауға дайындығын өңірдегі Төтенше жағдайлар департаменті және Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мамандары тексереді. Жазғы демалысты ұйымдастыруда ата-анасыз жетім балалар, әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген отбасылардың балалары оқыту қоры есебінен қамтылады.

Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»