Орал Сартаевтың айтуынша, биыл екінші рет ұйымдастырылған салт аттылар сапары әлі де жалғасады. Былтыр «Алаш» партиясының 100 жылдығына орай «Ұлыларға тағзым» аталатын атты экспедиция Жүсіпбек Аймауытов, Жұмат Шанин ауылдарына барып, тағзым етіпті. Аймауытов ауылында көкпардан жарыс өткізді. Осы ауылдардағы Күреңбай сыншының зираты, Қабылбек, Қазірет қорымдарына, Майлы тондардың ескі зиратына, Нұрғали молданың медресесі болған орынға, Қосым Пішембаевтың зиратына дұға оқып қайтыпты. Салт атты экспедицияның екінші мақсаты бұрынғы өткен бабалардың көш жолын жаңғыртуымен ерекшеленді. Баянауыл, Ерейментау болсын, ұлы қазақтың әр жері – тұнып тұрған ұлы тарих. Ұрпағы тағзым етер күңгір-күңгір ғасыр дауысын оята білуміз аса қажет. Салт аттылар экспедициясының мақсаты осы.
– Сондықтан біз де аталарымыздың бұрынғы ат үстіндегі жолын қайта жаңғыртып, жолға шықтық. Арқа төсін жайлаған Сүйіндік елі жаз жайлауға бес қатар болып көшкен екен: Қаржас елі Ботақара, Аяулы, Нияз, бір шеті қазіргі Астанаға дейін жетеді. Екінші жақтан Айдабол елі арқылы Өлеңті мен Шідертіні кесіп өткен. Үшінші жол – Ақбура-Тұлпар елінің жолы. Төртіншісі – Күліктердің көш жолы, бесіншісі – Қозған елінің жолы, Екібастұздан әрі Қанжығалы елінің көш жолы екен, – дейді аудандық мәслихат депутаты Алдамжар Алтынбек.
Экспедиция құрамында «Абылай» шаруа қожалығының басшысы Абылай Жүнісов, атбегі Саят Сарбасов, Жаңатілек ауылынан Әли Адамбек, аудандық газет тілшісі Еламан Қабділәшім сияқты жастар бар. Сапарға шыққан салт аттыларға аудан әкімдігі мен «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы қолдау көрсетті. Соңдарынан Жұпар Әбдікәрімов, Ержан Байкеновтер бір апта бойы көлікпен жүріп отырды.
Еламанның айтуынша, салт атпен жолға шыққан жастар үшін бұл өте ерекше сапар болыпты. Салт атты экспедицияны. Жаңатілек ауылында Алдамжар аға күтіп алыпты. Дастарқан басында экспедиция мүшелері Имаш ақсақалдың әңгімелерін, қисса-дастандарын диктофонға жазып алыпты. Қиссашы «Ер Тарғын» жырындағы Тарлан аттың сипатын, Мәдидің жырын айтып беріпті. Ауыл шетінде Жаяу Мұсаның зираты, Тотия ана зираты, Қазыбек бидің сөре тасы сияқты әр қазақ шежірелі сырына үңілуі қажет орындар бар. Қазыбек би Баянауылда қыс түсіп кеткенде дүниеден өтеді. Мәйітін сөре тасқа кереге жайып, былғарымен орап сақтайды. Көктем келе өсиеті бойынша қырық жігіт Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жерлейді.
– Ал екінші күні Шәмен ата зиратына, ерте заманда жылқының қылы қосылып, бие сүтімен иленген «Қыз зиратына», Алтынбек ата бейітіне, Нияз қожа зиратына дұға жасап, Құрманбай абыз қорымына аялдадық. Абыздың ұрпақтары Аллаберген Қаратай, Сембай Адамбек қарсы алды. Ұрпақтары баба басына келушілерге арнап үй салып, зиярат етуге лайық жасапты. Ауыл ақсақалдары Дəулет Сүлейменов, ауыл әкімі Қуаныш Шалбаевтар айтқан көне әңгімелерді де жазып алдық, – дейді Еламан.
Құрманбай абыз Байқонақұлы (1821-1891) Қызылжарда, Ташкенттегі «Көкілташ» медресесінде, Сириядағы Шам қаласында оқып хасида ілімін меңгерген. Баянауылға келген соң Қоңыр әулие үңгірінде 11 жыл шырақшы болған. Баянауылдың Мұса мырзасы Құрманбай абыздың қасиетін мойындап, Тайжеген қыстағына қоныстандырған екен. Ол жер Сəтбай қонысы Айрықпен көршілес орналасқан. Ғалым Қаныштың әкесі Имантай ақсақалмен де сыйлас болыпты. Ел ішіндегі осындай мағыналы әңгімелерді ауыл ақсақалы Мұхамет-Қайыр Шəріпов айтып беріпті.
Салт аттылардың келесі аялдаған жер – Құндыкөл ауылында Ринат Тимаш, Ақбота Жұмаш, Айбота Әли сынды палуандардың белдесуі өтіпті. Жас палуандар Бауыржан Күлжан, Құдайберген Серғазин және «Баянауылдың тұңғыш барысы» Дәулет Мәжиттен тәлім алғандар. Салт аттылар да құр келмепті, «Рухани» жаңғыру» бағдарламасы аясында ауыл кітапханасына кітаптар сыйлады. Көкдөмбақ ауылында шаруа қожалығын басқарып, ауылына бас-көз болып жүрген Қайыр Рамазанов қарсы алды. Ауыл маңындағы Әбжалап диуана, Түркілердің табыну орнына барып тәу ету де парыз.
Келесі күні Үкібай би Найзабекұлы мен Кеншінбай би Оразбайұлы бейіттеріне дұға жасап, Жаңажол ауылы арқылы Ескелдідегі Мәшһүр Жүсіп кесенесіне тоқтады. Кесене басында құрбандық шалынып, ас берілді. Әулиенің шөбересі Жастілек Сүйіндікұлы, әкелі-балалы Жұмкен мен Тілек Сейітов, Жеңісбек Пəзілдер бір-бірімен айтысып, өлең-жырдан шашу шашты.
Бұдан соң топ мүшелері «Ертіс-Қарағанды» арнасын қиып өтіп, Ерейментауға аттанады. Ертіс өзенінің су қорына негізделіп 1974 жылы іске қосылған арнаның ұзындығы 458 шақырым. Арна бойындағы 22 су көтергіш стансасы суды 420 метр биіктікке көтереді, 11 су торабы, 2 бөген, 17 көпір және автомобиль жолы салынған.
Бұған дейін Баянауылдағы Ұлттық парк директоры Сүйіндік Ахметжанов, өлкетанушы Алтынбек Құрмановтар бастаған экспедиция Ерейментау батырларының бірі – Олжабай Толыбайұлы рухына тағзым ету үшін жолға шыққан еді. Ақын Сайлау Байбосынның айтуынша, Ереймен тауының баурайындағы ауылға 2005 жылы Олжабай батырдың есімі берілген. Бұрын ауылда түгелдей неміс ұлтының өкілдері тұрыпты. Енді міне, атамызды еске алар, жоқтап, соңынан іздеп келген ұрпақтары да жетті, дейді.
Экспедициямен бірге Олжабай батырдың шөпшегі, академик Әлкей Марғұланның қызы Дәнел апамыз, батырдың алтыншы ұрпағы Мырзакәрім Хақанов, ғалым Қырықбай Аллаберген, Болат қажы Байпақбаевтар да ілесе жетеді. Олжабай батыр зираты басына барып, құран бағыштайды. Батыр баба туралы тарихи деректер айтылады. Тарих ғылымдарының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры Қырықбай Аллабергеннің айтуынша, Олжабай батыр туралы Сақау ақынның «Олжабай батыр» жыры, Жаяу Мұсаның «Ер Олжабай» дастаны бар. Мәшһүр Жүсіп бабамыздың бірнеше нұсқадан тұратын «Он сан орта жүзге ұран болған ер Олжабай» деген әңгімесі бар. Тарихи деректерде хан Абылай оны «Ер Олжабай, Қу жарғақ (атқан оқ Олжабайға тимегендіктен)» деп атаған екен. 1741 жылдың шамасында Баянауыл маңында жоңғар әскерлерімен болған шайқас ел есінде «қалмаққырылған» деп қалды. Олжабайдың өз қолымен жазып қалдырған қара кітабы болған. Онда соғыстар жайлы әңгімеленіп, Қазыбек би, Абылай, Бөгенбай есімдері аталады. Батырдың туы 1937 жылға дейін сақталған. Әлкей Марғұлан Олжабайдың шөпшегі болса, ақын Олжас Сүлейменов – жетінші ұрпағы. Батыр зиратының қасында Шорман биге ескерткіш тас орнатылыпты. Көп сырды бүгіп тұрғандай. Экспедиция мүшелері Тәуке ханның Билер кеңесінің мүшесі болған, «Жеті жарғыны» жазуға қатысқан Едіге Төлебайұлы жерленген зиратқа келіп тәу етеді. Бидің басына ескерткішті 2016 жылы Далба жеріндегі ұрпақтары орнатыпты.
– Иә, ұлы бабалар жолы, өткенге тағзым жасау – парызымыз. Орал ағамыз бастаған «Бабалар жолымен» экспедициясының сапары жазылып, фотосуреттерімен үлкен бір тарихи-танымдық кітап болып жарыққа шығары да сөзсіз. Сапар соңында Бозтал ауылына келіп жеттік. Ақсақалдары бата беріп, жігіттер аттан түсірді, бойжеткендер қымыз ұсынды. Үмбетей жырау атындағы мәдениет үйінің өнерпаздарының өнеріне қол соқтық, – дейді Еламан.
– Тарихи-танымдық сапардан үлкен ой түйдік. Баянауыл мен Ерейментаудың әр ауылында, әр жотасында қазаққа қатысты шежірелі құпиялар аз емес. Арғы тарих зерттеушілерді күтіп жатқандай. Ал бергі тарих деп көз салсақ, біз келген Бозтал ауылынан Екінші дүниежүзілік соғысқа 80-ге жуық адам аттаныпты. Аталарымызға ескерткіш орнату суретші ағамыз Сайлау Жылқыбайдың бастамасымен қолға алынды. Баянауылдың жақпар тастарын әкеліп, белгі орнаттық. Тас бетіне 75 жауынгердің есімдері жазылды, – дейді Орал Рахмашұлы.
Ескерткіштің ашылу рәсімінде ауыл әкімі Қанат Мұқанов, Орал Сартаев пен Алдамжар Алтынбек сөйледі. Ақын Сайлау Байбосын жыр арнады.
Жиынға Ерейментау ауданы әкімінің міндетін атқарушы Абай Əлжанов, Бозтал ауылының əкімі Қанат Мұқанов, Баянауыл ауданы әкімінің орынбасары Мәдениет Ахметовтер, әнші Жəнібек сал Мәліков, ақындар Сайлау Жылқыбаев пен Сайлау Байбосын қатысты. Жиналған жұртшылық салт атты экспедиция мүшелерін «Жорытқанда жолдарың болсын!» деп шығарып салыпты. Қазақтың екі ауданы Баянауыл мен Ерейментау арасындағы мәдени-рухани үйлесім ұзағынан жарасым тапсын деп тілек арнады.
Фарида Бықай,
«Егемен Қазақстан»
Павлодар облысы, Баянауыл ауданы
Суретті түсірген Еламан Қабдыләшім