Мерейтой салтанаты өткен Кеншілер мәдениет сарайы өнерсүйер қауымға лық толды. Ансамбльді құрып, алғашқы күнінен жетекшілік етіп келе жатқан Гүлнар Омарова мен өнерпаздарды облыстың мәдениет, мұрағат және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Ағымбаев арнайы құттықтады. Сонымен қатар облыс әкімі Ерлан Қошанов пен облыстың білім басқармасының басшысы Есенғазы Иманғалиевтің құттықтаулары оқылды.
Ансамбльдің бұл күнде қалыптасқан өзіндік стилі, бай репертуары бар. 1998 жылдың өзінде «үлгілі» деген атаққа ие болған ұжым облыстың, тіпті еліміздің шегінен асып, бірқатар шет мемлекеттерге танылып үлгерген. Ансамбль мүшелерінің жасы 5 пен 23 жас аралығында. Би сабақтары өнерпаздардың жасына қарай бірнеше топқа бөлініп жүргізіледі. Осы ұжымда би билеген өнерпаздардың саны 400-ден асып кеткен. Осы ширек ғасыр ішінде Қарағанды облысындағы ауқымды шаралардың қай-қайсысы да «Шолпан» ансамблінің қатысуымен өткен.
Өнер ұжымы түрлі деңгейдегі сайыстарға жиі қатысып, үнемі жүлделі орындардан көрінеді. Алдағы жазда ансамбль мүшелерінің бір тобы Грузияда, екінші бір тобы Бурабайда өтетін өнер бәсекесіне қатыспақ. Бір «әттеген-айы» – осындай байқауларға барып-қайту шығынын көбінесе өнерпаз балалардың өздері, яғни олардың ата-аналары көтереді. Жергілікті басқармалар мен концерттік бірлестік дайын ұжымды түрлі шараларды атқарысуға қуана шақырғанымен, қаржылай қолдауға келгенде қауқарсыз. Ансамбльдің тек шетелдерге сапарларына кейде Мәдениет және спорт министрлігі көмектеседі.
«Шолпан» үлгілі хореографиялық ансамблі әлі күнге №39 гимназияның ғимаратында жұмыс істеп келеді. Бірақ Гүлнар Меңдібайқызы өз ұжымымен бірге өңірге қанша еңбегі сіңіп отырса да, осы өнер ұжымынан қанаттанған өзінің екі қызы жақында Астанадан «Шолпанның» филиалын ашыпты. Қанат жайды дегеніңіз осы ғой. Ансамбльдің репертуары үнемі толықтырылып, жаңартылып отырады. Ұжымның Еуропа мен Азияның түрлі фестивальдары мен байқауларында жеңіп алған алтын медальдары мен Гран-при жүлделері баршылық. Он шақты баладан құралған шағын ғана мектеп үйірмесінен осындай деңгейдегі үлгілі ансамбльге айналған басқа ұжым елімізде жоқ та шығар.
Мерейтой кешіндегі құттықтаулар «Шолпан» үлгілі би ансамблінің концертіне ұласты. Өнерпаздардың бірнеше буынын тәрбиелеп, дәстүрлі өнер мектебіне айналған ұжымға біз де үлкен шығармашылық табыстар тілейміз!
Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»
ҚАРАҒАНДЫ