Елімізге белгілі сазгер, педагог, қоғам қайраткері, кәсіби ұйғыр музыкасының негізін қалаушы – Құддыс Қожамиярұлының қазақ өнері мен мәдениетінің өркендеп, дамуына қосқан үлесі зор. Шығармашылығын Қазақ радиосының көркемдік жетекшісі, Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясының ректоры әрі профессоры, Композиторлар одағының төрағасы сынды жауапты қызметтермен қатар өрген қайраткер тұлғаның отандық музыканттардың біртұтас дәуірін тәрбиелеп шыққан ұстаздық жолы да өзіндік ұлағатымен тағылымды.
– Таулар алыстаған сайын биіктейді. Осы бір ұлағатты сөз біздің ұлы ұстазымыз – Құддыс Қожамиярұлына қаратылып айтылғандай. Әрине өзіңнің сүйікті профессорыңды, ұстазыңды күнде көріп, сәт сайын тілдесіп жүргенде қадірін де, бағасын да өз деңгейінде түсінбеуің мүмкін. Педагогтік қызметте де, шығармашылық пен басшылық жұмыстарда да үлкен қайраткерлік, тұлғалық мінез танытып, қазақ өнері мен мәдениеті үшін қаншалықты қыруар жұмыс атқарып кеткенін енді түсініп жатқандаймыз. Ол кісі біздің бойымызға шебер музыкант болумен қатар, жақсы адам болу тағылымын да қоса сіңірді. Әлі оң-солымызды танымаған, даналығынан шалалығы басым бір-бір үйдің тентегін тәрбиелеп, өнерге ғашық ете білді. Сол мейірімінің, ұстаздық ұлағатының арқасында біз музыканы пір тұтып есейдік, жетілдік. Бүгінде жасаған әр жұмысымыз бен жеткен жетістігіміз кезінде баласынбай, бізге үлкен сенім арта білген ұстазымыздың, сүйікті профессорымыздың арқасы деп білемін. Құддыс Қожамиярұлы шәкірт тәрбиелеп, өзінің есімін музыка әлемінде өшпестей етіп қашап кетті. Әлі де жылдарға жылдар жалғасып, талай ғасыр алға жылжыр. Бірақ өлмейтін өнер мен есімін өшірмейтін шәкірттері барда ұстазымыздың қайраткерлік жолы мәңгілік жасай беретініне сенемін», – деп Қазақстан Композиторлар одағының төрайымы, Құддыс Қожамияровтың шәкірті, белгілі композитор Балнұр Қыдырбек ұстазға деген сағынышқа толы лебізін толқып тұрып жеткізді.
Өнер иесінің төл шәкірттері мен қазақ музыка өнерінің талантты тұлғалары қатысқан еске алу кешінде алғаш рет Құддыс Қожамияровтың туындылары – Ішекті аспаптар оркестріне арналған музыка ми минор, Виолончельге арналған концерт (жарық көрмеген шығармалар), «Бу Ахшам» әні (Б.Қыдырбектің өңдеуі), «Назугум» операсынан Назугум ариясы (камералық оркестрге арналған Х.Сетековтің өңдеуі) орындалды. Сондай-ақ Б.Қыдырбектің «Қалқаман-Мамыр» операсынан Қалқаман ариясы, Х.Сетековтің «Скерцо» гобой мен оркестрге арналған концертінің бірінші бөлімі, С.Әбдінұровтың «Бәйдібек» сынды туындылары тыңдарман назарына ұсынылды. Мерейтойлық концертте опера труппасының солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бибігүл Жанұзақ (сопрано), симфониялық оркестр музыканттары – халықаралық байқаулардың лауреаттары Курванжан Ахатов (виолончель), Дамиля Махпирова (гобой) және тағы да басқа талантты өнерпаздар ән мен жырдан шашу шашты. Халықаралық байқаулардың лауреаты Руслан Баймурзиннің жетекшілігімен «Астана Опера» Камералық оркестрінің сүйемелдеуінде шырқалған қазақ пен ұйғыр музыка жауһарларынан құралған үздік концерт көрермен көңілін әуезді әннің бесігінде тербеді.
Назерке ЖҰМАБАЙ,
«Егемен Қазақстан»