Қазақстан • 23 Мамыр, 2018

«Хат қоржын»

736 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
«Хат қоржын»

Батырдың немересі балабақша сыйлады

Өткен жылы Кеңес Одағының Батыры Қойгелді Аухадиевтің немересі Ержан Қойгелдин туған ауылына балабақша сыйлап, ел құрметіне бөленген еді. Шығыс Қазақстан облысының Көкпекті ауданындағы жергілікті «Өрнек» шаруа қожалығының басшысы болып жұмыс істейтін ол «Туған жер» бағдарламасы мен мемлекет-жекеменшік аясында Преображенка ауылында балабақша салды. Балабақша қараусыз қалған ғимараттың орнына бой көтеріп, 20 адам жұмыспен қамтамасыз етілсе, 40 балаға мектепке дейінгі заманауи мекемеде білім алуға мүмкіндік жасалып отыр. Қазір ел-жұрты кәсіпкерге ризашылықтарын білдіріп, әр кез баталарын беруде.

 Бұл мектепке дейінгі білім беру мекемесінде облыс әкімі Даниал Ахметов Көкпекті ауданына жасаған жұмыс сапарында болып, балдырғандарға музыкалық орталық сыйға тартқан болатын.

Аман БОЛСЫН

Шығыс Қазақстан облысы

Уақытты бағалаған ұтады

Кейде бізге белгісіз уақыт қойнауында тығылып жатқан бір сыр бар сықылды көрінеді. Ол бізді сол уақыт тізбегімен жетелей беретіндей.

Еңбек дəмін татпаған дəм біліп пе?!

Қалай айтып ұқтырам əңгүдікке!

Айналдырсам уақытты ащы терге,

Айналмақ тер уақыттай мəңгілікке! – деп Қадыр Мырза Əли жырлағандай, өмірімізді жандандырып, тек жаңа белестерден көрінуге тырысайық.

Бақытты аспаннан күтпеңіз, əрбір күніңізді, тіпті əрбір минуты­ңызды бақыт деп есептесеңіз болғаны. Өзіңіз де ерекше бір күйде боласыз, минуттар жылдарға айналады, кейін сіз өз уақытыңызды, өз бақытыңызды табасыз. Уақытты саралап пайдаланатын адам ғана мықты. Бұл сөзімізге француз зерттеушісі Мишель Сифрдің зерт­теулері де дəлел. Ол жарығы жоқ, уақы­ты жоқ үңгірде бір ай тіршілік еткен. Сонда ол 24 сағаттан жаңыл­маған, арасында бір екі минуттардан қателескені болмаса, уақытты дөп басып айтып берген екен. Сонда уақыттың тез жəне баяу өтуі тек өзімізге ғана қатысты. Міне, уақыттың кереметтілігі, сыры осында жатыр. Уақытты бағалаңыз, ол да біздің қолымыздағы бақыттың бір түрі. Қалай болғанда да жер бетіндегі əркімнің тірлігі уақыт пен кеңістікке тікелей байланысты. Ал Самуил Маршактың айтуы бойынша, көп адам өмір сүру үшін уақытының басым бөлігін жұмыс істеуге жұмсайды. Ал қалған бос уақытта бойындағы ауыртпалықтардан арылуға тырысып күн кешетін көрінеді.

Сағымжан ЖАНЕРКЕ

Азаматтардың істерін құптаймын

«Егемен Қазақстан» газетінің 2017 жылғы 7 қарашадағы санында «Көше атауын өзгерту «Рухани жаңғыру» ма?» деген тақырыппен менің хатым жарияланған болатын. Мұны мен Ақжайық ауданындағы өзіміздің Алғабас ауылдық округінің орталығы – Алғабас ауылының көшелерін қайта атау, сондай-ақ транскрипциясын нақтылау мен өзгерту жөніндегі қоғамдық кеңес шешіміне жеке пікірімді білдіру мақсатында жазғам. Яғни мәселенің мәнісіне көз жеткізбей тұрып, қоғамдық кеңес түпкілікті ұйғарған екен деп түсініп қалғанмын.

Алайда бұл соңғы шешім емес, тиісті комиссияға ұсыныс екенін, нақты қандай шешім алынғанының анық-қанығына бармай, мақалада артық кетіппін. Сондықтан кешірім сұраймын. Қазір барлық жерде де аталған мәселеге байыпты қарап жатқаны мәлім. Біздің ауданымызда да солай. Азаматтардың осыған қатысты істерін құптаймын. Басшы-қосшылардың жұртымызға болсын деген пейілін мен де сезінемін.

Ешқашан бөтен ниетім жоқ, ауылымның, ауданымның өркендеуіне тілекшілердің бірімін. Алғабас ауылындағы көше атауларының өзгеріссіз қалғандығы туралы жауапты мекемелерден түсінік алдым.

Қайсар ЖАЛҒАСҰЛЫ

Батыс Қазақстан облысы,

Ақжайық ауданы,

Алғабас ауылы

Сөз төркініне сақ болайық

«Еуразия» телеарнасындағы «Пендеміз ғой» бағдарламасына құлақ түрсем, ондағы бір-екі маманның сөзі: «Сіз соны өзіңіз айтуыңыз керексіз», «Біз өзіміз қолға алуымыз керекпіз» дегеннен жаңылыспады. Өкінішке қарай, оларға тілімізді бұрмалап, шұбарлай айтып отырғандығы туралы хабарға қатысып отырғандардың бірде біреуі де ешнәрсе демеді. Сонда әлгі «піз» бен «сіз» қосымшасын тіптен орынсыз қолданып отырғандығына қынжылдық. Олардың әңгімесін тыңдап отырған балдырғандар қандай тәрбие, қандай сабақ алады? Ал «Қалаулым» бағдарламасына қатысушының қай-қайсысы болса да: «Өз ой-пікірімізді ашық айтуымыз керекпіз» дегенді жиі қайталаумен болды. Бірде нақыл мен мақал-мәтелдердің жазылуы мен қолдануын өзімізше сарапқа салып отырғанымызда, ойламаған жерден келе қалған ақын ағамыз Мұзафар Әлімбаев:

– Шырақтарым, кейбір газеттер: «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ» деп жазады. Дұрысы – мұндағы «әже» сөзі «ажа» деп жазылуға тиіс. Өйткені «ажа» деген сөз «әкім» деген ұғымды білдіреді. Бұл жерде тек ұйқас қуып «әже» деудің ешқандай қисыны келмейді, – деп сөзін жалғап: – Бізде көбіне «Халық айтса қалпы айтпайды» деген мәтелдің «қалпы» деген сөзін бұрмалап «қалт» деп кейбір газеттер жазып та, кейбі­реулер солай деп айтып та жүр. Біз сонау ежелден айтылып келе жатқан нақыл сөздің әрпін бұзбастан, өзінің бастапқы қолданысында айтуға тиіспіз. Олай болса бұл нақылдағы бастапқы «қалпы» деген сөздің ұғымы мен мәні «жалған» дегенді білдіреді. Өзімізше тұспалдап ежелгі дана ата-бабаларымыз айтып кеткен сөздерін өзгерте беруге әсте болмайды. Оған бірінші кезекте біз, ақын-жазушы, журналистер ықтият болуымыз керек, – деген әңгімесі әлі күнге дейін санамда сақтаулы, қойын кітапшаның сарғайған бетінде жазулы тұр.

Серікбай ТҰРЖАН,

Қазақстанның құрметті журналисі

Оңтүстік Қазақстан облысы

Жастар білімді және белсенді болуы керек

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аудандық жастар ресурстық орталығының бастамасымен Маңғыстау техникалық колледжінің қолдауымен жастар тренингі ұйымдастырылды. 

Мақсат – «Рухани жаңғыру» бағдарламасындағы «Прагматизм» жобасына аудан жастары тарапынан үн қосу, жастар белсенділігін арттырудың жолдарын қарастыру, белсенді болудың қыр-сырын үйретіп қана қоймай, оларға бағыт беру, жөн сілтеу болып табылады. 

Басқосуда алдымен жастармен емін-еркін танысу жұмысы, одан соң логикалық ойындар мен сұрақтар қойылып, бұдан соң саламаттылықтың он қадамы атты шеберлік сабағы ұйымдастырылды. 

Жастармен жұмыста алдымен олардың қоғам туралы ойлары мен пікірлері тыңдалып, бағыт-бағдар айқындалып, өмір сүру формуласы, белсенді болу жүйесі жан-жақты талқыланды. 

Айнұр АЛИЕВА

Маңғыстау облысы